ЛИТВАЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ШЕБЕРЛІК САБАҒЫН ӨТКІЗДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да басталып кетті. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін, білім деңгейін және практикалық дағдыларын арттыру мақсатында Шымкент қаласына бір топ Литвалық дәрігер келіп, шеберлік сағаттарын өткізді.

Тәжірибе алмасу  кезінде жергілікті медицина мамандары қалалық перинаталдық орталық базасында  кәсіби біліктілігін арттырды. Шеберлік сабағына қаладағы медицина ұйымдарынан 50-ге жуық маман қатысты. Тренингті өткізу үшін Каунас қаласынан халықаралық деңгейдегі мамандар, профессорлар, магистрден тұратын Литва денсаулық ғылымдары университетінен  мамандар  бригадасы арнайы шақыртылған болатын. Олар: профессор, акушер-гинеколог Томас Биржетис, неонатолог, профессор Далья Стонене, анестезиолог-реаниматолог  Сергей Истигечев, акушер Данголе Качкаускене,неонаталдық медбике,  клиникалық күтім магистрі – Юлия Старик. Шетелдік мамандардың шеберлік сағаты бір аптаға созылды. Олар  жүкті әйелдер мен жаңа туған шақалақтарға медициналық көмек көрсету бойынша өз әдістерін үйретті.

Теориялық біліммен қатар, симуляциялық манекендерде практикалық дағдылар да пысықталды. Оқыту жұмыстарын ұйымдастырған мамандардың сөзінше, мұндай шеберлік сабағы жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге дер кезінде шұғыл акушерлік, неонаталдық, реанимациялық көмек көрсету сапасын арттырып, ана мен бала өлімін азайтуға зор септігін тигізеді.

– Литвалық дәрігердің үйрету әдісінің ерекшелігі, олар теория мен практиканы дұрыс ұштастыра біледі. Мәселен, екі сағат теория оқытса, сол оқытқан теория сабағы бойынша  практика жүзінде шеберлік сабағын өткізеді. Биыл Шымкент қаласы әкімідігі тарапынан медицина мамандарын оқыту үшін   36 миллион теңге қаражат  бөлінді. Жыл басынан бері 10 мыңға жуық медицина маманы кәсіби біліктілігін шыңдады. Мәселен, 800 маман жергілікті бюджет есебінен оқытылса, қалғандары емдеу және аурухана есебінен оқытылған. Менің ойымша, мұндай оқыту жұмыстары  қаладағы медицина қызмет сапасын жақсартып, мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдауға зор мүмкіндік береді,-дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының үштен бірі бала. Сондықтан, шаһарда ана мен бала денсаулығына айырықша назар аударылып келеді. Алдағы уақытта республикалық бюджет есебінен 200 төсекті перзентхана салу жоспарланып отыр.