МҰҚТАЖДЫҚПЕН БАСПАНА АЛСА ДА ОНДА ТҰРМАЙТЫНДАР АНЫҚТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында мемлекет тарапынан пәтер алған арнайы санаттағы азаматтардың кейбірі оны мақсатты пайдаланбайтыны белгілі болды. Көп пәтерлі арендалық үйлерге қатысты тұрғын үй басқармасы тарапынан жергілікті құқық қорғау органдарының қатысуымен биыл жыл басынан бері 477 пәтерге тексеру жүргізілген. Нәтижесінде олардың ішінде 40-қа жуық пәтер иесінің заң бұзғаны анықталып, оларға ескерту хаты берілді. Ал былтыр 811 пәтерге тексеру жұмысы жүргізіліп, 60 жалдамалы баспананың иесіне хабарландыру хаты жолданған болатын.

Қалалық тұрғын үй басқармасының айтуынша арендалы баспанамен қамтылған азаматтар келісімшарт жасасқан күннен бастап 1 айдың ішінде пәтерге қоныстануы, яғни, көшіп баруы тиіс. Егер жалға алушы пәтер иесі 6 айдың көлемінде өзіне берілген пәтерде тұрмаса немесе арендалы үйді пайдаланудың басқа да талап-шарттарын орындамаған жағдайда, оған басқарма тарапынан ескерту түріндегі хабарлама хаты жолданады, пәтер сот арқылы кері қайтарылып алынады.

Жалпы, тұрғын үй кезегіне тұру мынадай тәртіп бойынша жүргізіледі. Тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін Заңның 67-бабының талаптарына сәйкес белгіленген санаттардың біріне сай болуы, отбасының тұрғылықты мекенжайы соңғы 3 жыл көлемінде Шымкент қаласында болуы және өтінім берушінің және отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмеуі шарт.

Кезекке тіркелуге мына санаттардағы азаматтар өтініш білдіре алады:

1) ҰОС қатысушылары мен мүгедектері;
2) Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

3) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын
«Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;

4) Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы;

5) Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер;

6) Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар.
Егер азаматтар жоғарыда аталған санаттардың біріне сәйкес келсе, онда тұрғын үйге кезекке тұру үшін барлық қажетті құжаттармен бірге өтінімді kezеkte.kz электронды порталы арқылы жолдай алады.