НАЗАРДА ТАССАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық құрылыс басқармасының басқарма басшысы Б.Булатбеков Тассай елді мекеніне барып газ құрылысымен танысты. Мердігерлермен өткен жиында  құрылыс жұмыстары барысында анықталған бірқатар мәселелерді реттеу  үшін екі тараптың ұсыныстары тыңдалды.  Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласы Тассай елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы жалғасып жатыр.

Мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС-і.  Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Бүгінгі күнге дейін 36 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыстардың 50 пайызға жуығы аяқталды.

Ал, ішкі орамдық газ құбырын тарту жұмыстары жоспар бойынша  2022 жылдың соңына дейін аяқталуы керек.  Бүгінгі таңда аталған елді мекені сапалы ауыз су және электр қуатымен толықтай қамтамасыз етілген.

Газ құбырларын жүргізумен бірге, кәріз жүйесімен қамту құрылысы да қат-қабат жүргізіліп жатыр. Жалпы керек  кәріз жүйесінің  ұзындығы 115,2 шақырымды құрайтын болса, бүгінде оның 66,3 шақырымында жұмыстар орындалып, құрылыстың 62 пайызы аяқталды. Нысан пайдалануға беру мерзімі келер жылы беріледі.

Бүгінде шымкенттіктерді кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 52,3% құраса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 54%-ға өседі. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік пен солтүстік бөлігін кәрізбен қамтудың 2022-2025 жылдарына арналған жоспарына сәйкес кәріз тазалау станциясы мен сорғы станциясының коллекторлары және елді мекендерде ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар аяқталса, мегаполисті 2025 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді.

OpenKZ- АҚПАРАТ