ОТАНДЫҚ НАРЫҚ ЖАҢА ӨНІММЕН ТОЛЫҒАДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында биыл Шымкент қаласында 35 миллиард теңгенің 19 жоба іске асырылды. Солардың бірі – кілемше өндіретін «Бал декор» ЖШС-нің жаңа жобасы. Келесі жылдан бастап тоқыма фабрикасының кілемшелері жергілікті нарыққа түсе бастайды.

Бұл кілемшелердің айырмашылығы – заманауи үлгіде тоқылған. Артықшылығы  еденде таймайды және оны кір жуатын машинамен тазалап алуға болады. Компания басшысы Огуз Дуррудың айтуынша, үй текстиліне жататын бұл кілем цехында алдағы уақытта көрпе-төсек те шығарылады. Кілемшелердің бағасы көлеміне қарай 8500-ден 12 мың теңге аралығында сатылмақ.

«Бал Текстиль» кәсіпорны 16 түрлі кілем тоқиды. Шығарылған өнімнің 30%-дан астамы ТМД елдері мен алыс шетелге экспортталады. Фабриканың Франция, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді елдерден 20-дан астам тапсырыс берушісі бар. Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі «Бал Текстиль» ЖШС кілем фабрикасы тоқыма өнімдері бойынша қытай саудагерлерімен байланыс орнатуды көздеп отыр.

«Бал Текстиль» кілем, кілем бұйымдары мен полипропилен жіптерін өндірумен айналысады. Кілем тоқуға қажетті шикізат Ресей, Түркия, Бангладеш, Үндістан елдерінен жеткізіледі. Мұнда кілемнің 2 мыңнан астам қайталанбайтын дизайн үлгісі бар. Сұрыпталымға классикалық, дәстүрлі өрнектер мен постмодерндік элементтер, сондай-ақ «хай-тек», «авангард» стильдері де енгізілген. Кәсіпорында кілем тоқудан бөлек, жылына 4 мың тонна полипропилен жібі өндіріледі. Өзінің жіп өндірісін қалыптастырғаннан кейін шикізат сатып алу қажеттілігі азайып, кілем бұйымдарын шығару өндірісі кеңейеді. Өнімнің өзіндік құны арзандады.  Кәсіпорын директоры Талғат Ысқақовтың айтуынша отандық кілем тоқу өнеркәсібінің басты бәсекелесі Өзбекстан кәсіпорындары.

– Өзбектерде тоқыма инфрақұрылымы, оның ішінде кілем тоқу жақсы дамыған. Себебі шикізат, полипропиленді өздері шығарады. Мемлекет тарапынан қолдау да жақсы, білікті мамандар мен арзан жұмыс күші де бар,-дейді ол.

 Еске салсақ, «Бал Текстиль» кәсіпорны «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кілем бұйымдарының алғашқы өндірісі 2013 жылы іске қосылды. Осы уақыт аралығында 13 млн шаршы метр кілем тоқылды. Бүгінде «Бал Текстиль» – халықаралық деңгейдегі кілем фабрикасы, мұнда 236 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр кілем тоқуға мүмкіндік береді.