«ОТБАСЫ КҮНІ» АТАЛЫП ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып аталып өтеді. Осыған орай некеге отыруға ниет білдірген жас отбасылардың неке қию куәліктерін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға 2022 жылы отбасын құрған жас жұбайлар қатысты.

Неке қию сәтінде жас жұбайларға отбасы құндылықтары түсіндіріліп, іргесі берік, жарасымды отбасы қалыптастыру жайы насихатталды. Отан отбасынан басталады десек, отбасын құру адам өмірінің маңызды кезеңдерінің бірі екені түсіндіріліп, жас жұбайларға ақ тілектерін білдірді.

Бүгінгі күннің басты көзайымына айналған Бағдәулет пен Аружан өздерінің неке куәлігін алғандарына дән риза. Олар бұған дейін 7 айға жуық көңіл жарастырып, отау құрып отыр. Айтуларынша болашақта үй кезегіне тұрып құжат өткізуді жоспарлап отыр.

– Кеше ғана неке қидық. Болашақта бір бірімізді сыйлап, өзгелерег үлгі болсақ дейміз. Жұбайымыз екеуіміз осыған серт бердік. Отбасы-шағын мемлекет. Оның өз заңы, өз қағидалары, өз дәстүрі, үрдісі болуы керек. Біз соған талаптанамыз. Сондай-ақ отбасымыз махаббат, құрмет, береке мен сыйластықтың ордасы болса екен деген ойдамыз. Жалпы үлкен өмірге қадамымыз еліміздегі осындай айтулы мерекемен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа баладық,-дейді Бағдәулет Әуелбеков.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегіне сүйенсек,  биыл 4 мың 375 жас жұбай неке қию туралы акт жазбасына тіркелген.

Отбасы – кез келген жанның өзін мейілінше еркін, жайлы сезінетін бақыт мекені.  Сондықтан шаңырақ құрғанда жастардың білімі, тәжірибесі, кеңестер мен қолдаудың жеткілікті  болуы берік отбасы құруға алып келеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика мәліметтері бойынша Қазақстанда соңғы 10 жылда 1,5 млн жұп үйленсе, дәл осы кезеңде жарты миллионнан астам адам ажырасқан екен. Сондықтан, мұндай тәлімді шараларды жиі ұйымдастырып,  тағылымды ақыл-кеңес беру мемлекет іргесін бекемдей түсетіні анық.