ТЕКЕСУҒА ТАЗА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы Текесу елді мекенінің тұрғындары көптен күткен таза ауыз суға қол жеткізетін күн алыс емес. Жуырда елді мекенге құбыр тарту жұмысы аяқталып,  қазір абоненттеу ісі жүргізіле бастады. Жеке есеп шот ашу үшін меншік иесі, мемлекеттік жер актісі, жеке куәлік көшірмесін «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына өткізуі қажет. Абоненттеу жұмысы толық аяқталған соң Текесу елді мекеніндегі 200 отбасы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Құрылыс барысында 13 жарым шақырымға құбыр тартылды. Енді оларды әрбір үйдің ауласына енгізу тұрғандардың өз қаржысы есебінен жүргізіледі.  Әл-Фараби ауданына қарасты Текесу елді мекені тұрғындары бұған дейін суда тасымалдап ішіп келді. Бұл туралы елді мекен халқы бірнеше рет жергілікті билік алдында мәселе көтерген болатын.

Жалпы, Шымкент қаласына қарасты Әл Фараби ауданында 200 мыңнан астам кісі тіршілік етеді. Аудан құрамында 2 елді мекен, 13 шағын аудан бар. Соңғы жылдары аудан аумағын инфрақұрылммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Биыл аудан аумағы  толығымен сапалы электр энергиясымен қамтылғалы отыр. Бүгінгі таңда «Сәуле» шағын ауданы 276 орамдағы 350 абонентті сапалы электр қуатына қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс қараша айының соңында аяқталуы тиіс.

Мегаполистің дамуына сәйкес Әл-Фараби ауданының да әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. 2017 жылы аудан бюджеті  небәрі 1,3 миллиард теңге болса, қазіргі таңда  қазына қаржысы 32,5 миллиард теңгеге жетіп отыр.  Соның нәтижесінде, ком­муналдық-инфрақұрылымдық жұ­мыстарға бөлінетін қаржы көлемі де арта түскен.

Мысалы, соңғы бес жыл ішінде ауыз су жүйесін тартуға 70 миллион теңге жұмсалған болса, бүгінде бұл жұмыстарға қаралған қаражат 150 миллион теңгеден асып жығылған. Сондай-ақ аудандағы жол сапасына да еркше көңіл бөлініп отыр. Жолдарды жөндеуге 2017 жылы 260 миллион теңге қаралған болса, қазіргі таңда 14 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүруде.  Жол құрылысына бөлінген қаржы 7 жыл ішінде 50 есеге көбейген. Бұл аймақ тұрғындарының жайлы өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы, биыл қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында барлығы 7 нысанның құрылысы жүргізілді. 2022 жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда шаһар тұрғындарының 99 пайызы таза ауыз су тұтынып отыр. Ал 2023 жылы қала тұрғындары  түгелдей сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.