ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫНАН 7,7 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында  2018  жылдан бері қазынадан арнайы қорға  7,7 миллиард теңге бөлінді.  Соның арқасында қазір қаладағы 50-жуық сауда  орнында көпшілік тұтынатын әлеуметтік тауарлар мейілінше арзан бағада сатылып жатыр.

«Әдия» мөлтекауданында тұратын  Ботагөз Үсенова енді күнделікті азық-түлік  үшін шаһар орталығына сабылмайтын болды. Мөлтекаудан ішінен әлеуметтік маңыздағы өнімдер сатылатын дүкен ашылды. Сауда орнының сөрелерінде  халық көп тұтынатын нан, айран-сүт, ет, жұмыртқа  мен бақша өнімдерінің  түр-түрі самсып тұр. Бұл жаңадан бой көтерген мөлтек ауданға қоныстанған көпбалалы, асыраушысы жоқ отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін аса ыңғайлы болды.

         – Жаңа ашылған дүкенге бүгін алғаш рет келдім. Аралап шықтым, бағалар қолжетімді екен. Күнделікті қолданылатын картоп, пиязымыз балауса күйінде. Төрт түліктің еті де бар.  Сол қуантты. Бұрынғыдай автобуспен сағаттап жүріп, орталықтан ас-ауқатқа керегімізді тасымайтын болдық,-дейді  Шымкент қаласының тұрғыны Ботагөз Үсенова.

         Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда 4  ірі сауда желісінің 47 дүкенінде  тауар сапасы да, бағасы да осындай. Олар тұрақтандыру қорынан бөлінген қаржы есебінен қымбатшылықты ырқына жібермей отыр. Сауда үйінің өкілдері Түркістан, Жамбыл, Алматы облысы мен Шымкент қаласының төңірегіндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шаруашылықтармен тікелей байланыс орнатқан. «Грамад» сауда үйі  дамыту және маркетинг желісінің Марат Ыстыбаев:

– Әлеуметтік маңыздағы өнімдердің бағасы қай жерде  тиімді  қызметкерлеріміз солармен келісімшарт жасасады. Тауарларды ешқандай делдалдарсыз жиналып жатқан егіс басынан  немесе қоймалардан тікелей дүкенге жеткізіледі,-дейді.

         Шымкент қаласында азық-түлік бағасын арнайы құрылған  4 мониторингттік топ  тексеріп, қадағалайды. 19 түрлі азық-түліктің бағасы ұдайы олардың бақылауында. Бағаны аспандатып жібергендер ескерту алады. Көнбесе айыппұл төлейді.  

         – Мониторингтік топ мүшелерінің анықтауымен ағымдағы жылы сауда үстемесін 15 пайыздан жоғарылатқан 4 дүкенге ескерту берілді. Ол қайталанған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатын болады,-деді Шымкент қаласы ауыл ааруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков.

         Қымбатшылыққа жол бермеу үшін мегаполисте жыл басынан бері  аптаның 4 күнінде азық түлік жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Жыл соңына дейін шаһарда әлеуметтік маңыздағы тауарларды арзан бағамен сататын тағы 7 дүкен іске қосылмақ.