ТӨРТ БІРДЕЙ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ АШЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

         Экономикасы өрлеп, өндірісі өркендеп келе жатқан Шымкент қаласында төрт индустриалды аймақ іске қосылады. Жалпы аумағы 743 гектар болатын арнайы алаңдарда 130 өндірістік жоба жүзеге асатын болды. Олардың жалпы құны 185, 3 миллиард теңге. Индустриалды аймақтар санының артуы өндіріс пен кәсіпкерліктің өрістеуіне жол ашумен бірге мегаполисте 8 мың жаңа жұмыс орнын жасақтауға  мүмкіндік береді.

«Жұлдыз» деп аталатын индустриялды аймақтың аумағы 306 гектар. Қазір мұнда  инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта құны  200 миллиард теңге болатын 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ.

Ал аумағы 132 гектар «Бозарық» агро-индустриялық аймағы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында жұмыс істейтін болады. Мұнда да қазір инфрақұрылым жүйелерін  тарту ісі басталып кеткен. «Бозарықта» 21 инвестициялық жоба әзірленген.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы  да 30-дан астам ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті. Жобалардың жалпы құны 150 миллиард теңге.

Ал төртінші  өндірістік алаң – «Стандарт» жекеменшік индустриялды аймағы. Бұл аймақтың ерекшелігі инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент қаласында сондай-ақ биыл бірнеше ірі инвестициялық жобалар жүзеге асқалы жатыр. «KAZALPACK» компаниясы 23,4 миллиард теңгеге алюмин банкілерінің өндірісін іске қосады. 150 жұмыс орны ашуды көздейді. Оған қоса 2023-2025 жылдар аралығында алюминий тақталары өндірісі ашылады.

Ірі жобалардың санатында «Karlskrona» компаниясы гидравликалық сорғылар  өндірісі де бар.   Бұл жерде  1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Биыл сондай-ақ өзбекстандық инвестордың қатысуымен   керамикалық тақтайшалар өндірісі  іске қосылмақ.  Бұл жерде 300-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады.