ШЫМКЕНТТЕ  БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ҚЫЗМЕТІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

      Шымкент қаласында  балаларды оңалту қызметі дамып келеді. Жыл басынан бері мегаполисте 4 мыға жуық бала оңалтудан өткен. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар мен қаладағы эпидемиологиялық ахуал төңірегінде өткен брифингте мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласында жүйке ауруларымен диспансерлік есепте 2 мың 497 бала тұрады. Оның ішінде ДЦП ауруымен 1 мың 164 баланың  893-і оңалту емінен өткен. Қаладағы оңалту емін жүргізетін оңалту орталықтары мульти тәртіпті команда, реабилтолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевтер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ түзету педагогтары мамандарымен қамтамасыз етілген.

Қаламызда   балаларды оңалту қызметі дамып келеді. Қазіргі уақытта  жалпы  9 медициналық ұйымда қалпына келтіру және оңалту емі  жүргізілуде.  Жалпы  тәуліктік  балалар  төсек-орын саны – 391, күндізгі төсек орын саны – 101. Осы жылдың  6 айында    оңалтудан өткен  жалпы  бала саны – 3 773. Өткен жылмен салыстырғанда 865 балаға  көп. Тәулік бойы стационарда 2 842, күндізгі стационарда 931 бала оңалтудан өткен,-дейді  Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Шаһардағы орта білім беретін 142 мектепте медициналық пункт жұмыс істейді. Осы пунктердің көмегімен өткен оқу жылында профилактикалық тексеруге жататын 225 мың 737 оқушының 146 мың 729-ның денсаулығы тексерілді.  Балалардың 33%-ы профилактикалық иммундаумен жасы бойынша қамтылған айтқан Нұрлыбек Абибуллаұлы ана мен бала денсаулығын қорғау саласына да тоқталып өтті.

2022 жылдың бірінші жарты жылдығында 15 мың  325 бала дүниге келді.  Оның ішінде егіздер – 194, үшемдер – 1. Өткен жылмен салыстырғанда 18 егіз көп туылды.   Балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жарақтандырылуы 96% – ға дейін жақсартылды. Заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ бұрын болмаған онкогематология, нейрохирургия, интервенциялық кардиохирургия, нефрология бөлімшелері ашылып, дамуда,-деді ол.

Қазіргі уақытта осы жабдықтың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізілуде. Жыл басынан бері қалалық клиникалық балалар ауруханасында 76 нейрохирургиялық ота жасалынған.