ШЫМКЕНТТЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ  ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы ауыз судан тапшылық көрген елді мекен тұрғындарының  таза ауыз су ішетін күні алыс емес.  Осы мақсатқа жету үшін қазір 7 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.  Бұл туарлы Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков баспасөз брифингінде мәлімдеді. 

Бүгінгі таңда шаһарда 81 елді мекен бар. Оның 78-іне сапалы ауыз су жүйесі тартылған.  Қалған 3 елді мекеннің халқы ауыз суды кестеге сай белгіленген уақытта тұтынуға мәжбүр. Аймақ тұрғындарының проблемасын шешу үшін биыл  «Құрсай-1», «Құрсай»-2, «Асар-2»  Текесу елді мекені, Қайнарбұлақ  елді мекені, Еңбекші ауданының жаңақұрылыс аумақтары және «Нұртас» су жинақтағыш имаратының құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 99%–ға жетеді.

Сондай-ақ, шаһарда кәріз жүйесін жүргізу ісі де қарқынды жүруде.  Қазіргі таңда шаһардың 54% кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60-ға жеткізу жоспарланған.

Осыған байланысты ағымдағы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков  мәліметінше, жыл соңына дейін «Самал-3», «Мирас», «Шапағат-2», «Ұлағат», «Солтүстік-шығыс», Хлопзавод-Шолохов, «Жұлдыз» елді мекендері кәріз жүйесіне қосылады.

– Осы арқылы 64 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор, «Тұран» ішкі магистрал, Достық КНС (қайта құру), 74 га құрайтын Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады,-деді басқарма басшысы.

Жалпы, Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары шаһар аумағын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75%-ға артатын болады.