ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТ ҰСТАЗЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгін, 5 қыркүйек – Алаш ардақтысы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай, Шымкент қаласында салтанатты жиын өтіп, ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.  Ұлы тұлғаның 150 жылдығына орай,  «40 мысал, 40 мақал» атты көшпелі әдеби тіл керуені  өтті. «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу ләзім» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының көзқарасы бүгінгі күні де өте маңызды. Жиында сөз алған әкім Мұрат Әйтенов қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.

– Бүгін ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, аудармашы, түркітанушы, педагог, ақын – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл! Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның  маңдайына жазылған екен. Егемнідігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын,-деді шаһар басшысы 

Іс-шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, қазақ композиторларының әндері шырқалды.

Ол- ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды, ұлттық журналистиканы дамытқан ұлы тұлға. Қазақтың ұлы ғұламасы араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін құрастырды. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып, хат тануына, оқу-білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті.

Алаштың рухани көсемі, арда азаматтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде кең ауқыммен аталып өтуде. Мегаполисте былтыр  Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешен Орталық саябаққа орнатылды. Одан бөлек қалада ұлт арысына қойылған ескерткіш пен оның атында көше мен мектеп бар.