ШЫМКЕНТТЕ 32 АЗАМАТҚА ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ БЕРІЛДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін бүгінгі күнге дейін арнайы комиссия қарауына  азаматтардан 95 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 32 өтінім мақұлданып, оларға жалпы сомасы 23 миллион теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді.

Тұрғын үй сертификаты несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағдарламасы   бойынша  тұрғын үйді сатып алу кезінде салымшының  ипотекалық қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізінде беріледі. Өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 13 шілдесінен басталды.Тұрғын үй сертификатын алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ.  интернет ресурсы арқылы www.kezekte.kz сайтына автоматтандырылған және электронды түрде кезекке тұра алады, -дейді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының жекешелендіру және несиелік тұрғын үй бөлімінің басшысы Көпжан Төлебаев

Шымкент қаласында тұратын Арайлым Төрегелді тұрғын үй кезегінде  тұрғанына 1 жылға жуықтаған. Жалдамалы пәтерге көшуден әбден мезі болған мемлекеттік қызметкер ипотекаға сертификат беріледі деген жақсы жаңалықты ести салысымен өтінім берген. Бүгінгі таңда бір бөлмелі баспанаға қол жеткізген жас ананың қуанышында шек жоқ.

– Бұл баспанаға мұқтаж азаматтар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлық. Жалақысы аз, табысы кем жандарға бастапқы жарнаны жинауға  біршама уақыт керек. Сертификат баспанаға жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді,-дейді ол.

Айта кетейік, Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. Мұндай қаржылық қолдау 2019 жылы 21 азаматқа, 2020 жылы 101 азаматқа берілген. Ал, 2021 жылы 416  отбасыға  370 миллион теңгеге берілсе, 2022 жылы 500 азаматтың әрқайсысына  1 миллион  теңгеден  қайтарымсыз негізде  бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек қарастырылған.