ШЫМКЕНТТЕ 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА  ЕМ АЛЫП, ОҢАЛТУДАН ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында «Балалар жылына» орай медициналық мекемелерде «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, 1 мың 62 анаға және 1 мың 106 балаға дәрігерлік кеңес берілді. Аталған  жұмыс  жыл соңына дейін жалғасын табатын болады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықтың көшпелі брифингі  кезінде  қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы И.Глазебная айтты.

Сондай-ақ шаһарда «Дені сау бала» бағытында балалардың, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің денсаулығын жақсарту бойынша  39 кабинет жасақталған. Мұнда тәжірибелі мамандар  жасы кішкентай  балаларға проактивті скринингтер жүргізеді. Ал олардың ата-аналарына  бала күтімі, оларды емшек сүтімен және  қосымша азықтармен  тамақтандыру   тәсілдерін  үйретеді. Жалпы, мұндай скирингтік тексерулер аурулардың потологиясын ерте анықтау мүмкін бермек. Бұл істі  меншік нысанына қарамастан, қаланың барлық медициналық ұйымдарының жүргізуге мүмкіндігі бар.

Бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше тарауға бөлінген. Солардың бірі – «Арман жолы» кейсі. Ол бойынша  2022 жылдың 6 айында 3 мың 773 бала емдеу, оңалтудан өткен. Бұл былтырғы жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда  29,7 пайызға көп (2021ж.6 ай – 2908 бала). Оңалтудан өткен балалардың 1 мың 891-і яғни,  50,1 пайызы мүгедек балалар  санатында.

Ал «Оқушы денсаулығы» бағыты бойынша қала мектептерінде 140 медициналық пункт жұмыс істеуде. Жалпы білім ұяларында оқитын 225 мың 737 оқушы  профилактикалық тексеруден өтуі тиіс болса, бүгінгі таңға дейін  олардың 146 729-ы, яғни 65 пайызының денсаулығын дәрігерлер қарап шыққан.

Шаһарда  «Ерте анықтау-табыс кепілі» бағытында 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингттен өткізу ісі де қарқынды жүруде. Ол бойынша нәрестелерге  неонаталдық, аудиологиялық, офтальмологиялық, психофизикалық ем шаралар көрсетіледі. Жыл басынан бері проактивті скринингтен 64 мың 245 нәресте өтті.  Бұл осы топтағы бүлдіршіндердің  84,5 пайызы.