АЛПАМЫС БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ ҚАЛАҒА «ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ»

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

АЛПАМЫС БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ ҚАЛАҒА «ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ»

 

Шымкент қаласындағы монументальді өнер құрылыстары ішінде ең алып ескерткіштердің бірі – Алпамыс батыр ескерткіші. Оның жанына барып, мүсінге көз салар болсаңыз, биік тұғыр үстіне орнатылған батыр бейнесінің астындағы «мінген атының» өзі төбеңнен төне қарап тұрады. Осындай алып ескерткіштің қалаға Тәшкент тараптан кіретін күре жолдың бойына, қала сыртына орнатылғаны біршама уақыттан бері көпшілік ішінде талқыланып келе жатқан болатын.

Күні кешелі бері әлеуметтік желілерде сол Алпамыс батыр ескерткішінің қалаға «жақындап келе жатқаны» қызу сөз болып жатыр. Бұл туралы танымал фотограф Мақсат Шағырбай өзінің парақшасында ақпарат бөлісті (https://www.facebook.com/story.php?story_fbid=28199868936293091&id=100000900862816&mibextid=xfxF2i&rdid=ONktqqTPD89U3V7J). Оған Ардақ Жақсылықова да қосылып, бейнежазба салды. Мақсаттың айтуынша, батыр мүсінінің көшіріліп жатқанын жолдан өтіп бара жатып кездейсоқ фотоға түсіріп алған екен. «Нысан басында ескерткіштің авторлары, демеушілері, жанашырлары жүр, тұғырына орнатпас бұрын мүсінді толық реставрациялап алады» дейді ол. Енді, Алпамыс батыр ескерткіші жаңа мекен-жайға, Шымкент қаласына оңтүстік жағынан кіреберіске, бұрынғы жол полициясы бекетінің орнына жайғасатын болды. Қазірдің өзінде батыр ескерткіші жанындағы қос арыстанның мүсіні орнатылып қойыпты. Алдағы уақытта монументальді өнер құрылысы толық пайдалануға берілмек.

Осы орайда, Алпамыс батыр ескерткіші туралы кеңірек тоқтала кетейік. Алпамыс батыр ескерткіші Шымкент қаласынан Ташкентке қарай шығатын күре жолдың бойында орналасқан. Ат үстінде қолына найза ұстаған Алпамыс батыр және екі жағында екі арыстан мүсіні қоса бейнеленген. Мүсіндер мыс материалынан жасалған. Оның биіктігі тұғырымен қосқанда 15 метр. Авторлары Ә.Абылаев, Қ.Қосыбақов, көркемдік жетекшісі А.Әбдешов. Ескерткіштің алдындағы алаңқайы мен аяқжолдары бетондалып, темір шарбақпен қоршалған. Орнатылған уақыты 2014 жыл.

Алпамыс батыр – түркі халықтарының батырлық эпостарында жеңілмейтін,  батыр ретінде көрініс табады. «Жиделі-Байсын жерінде,

Қоңыраттың елінде,

Байбөрі деген бай бопты,

Бір перзентке зар бопты…» деп басталатын жыр кейіпкері, Алпамыс батыр – қазақтың эпостық жырының бас қаһарманы. «Алпамыс батыр» жыры – қазақ халқының қаһармандық эпосы. Терең мазмұны, көркемдігі мен шынайы жеткізілуі жағынан «Одиссея», «Манас», «Калевала», «Қобыланды батыр» т.б. жырлар секілді әлемге танымал эпостық жыр. «Алпамыс батыр» жырында халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар әдеби эпикалық, әсірелеу заңдылығымен берілген. Жырда талай заманның түсінігі, дүниетанымы, шындығы қат-қабат қорытылып, полистадиялы түрде жинақталған. Мұнда түрік қағандығы дәуіріндегі (V-VII ғ.ғ.) азаттық үшін күрестің сарындарынан бастап, XVII-XVIII ғасырлардағы қалмақ шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстардың нақтылы елестері де сезіліп отырады.

Шымкент қаласында Алпамыс батыр атына берілген көше, орта мектеп және «Алпамыс батыр» жырында айтылатын Жиделі-Байсын деген жер атауымен аталатын көше де бар.

Алпамыс батырдың жанындағы қос арыстан мүсінімен қоса Шымкентке оңтүстік жағынан кіреберіс тұсқа, қалаға қаратып орнатылатынын айттық. Шамасы, бұл локацияда мүсін авторлары Алпамыс батырды «иеленіп алған» өзбек жерінен екпіндете қайтып келе жатқан кейпін білдіруді меңзейді деп түсінік бергісі келетін шығар. Бірақ, қалаға кіреберісте Байшұбардың тізгінін тарта түсіп, оң қолымен қылыштың тұтқасына қол сала қынынан суырып жатуы нені білдіреді екен деп екіұдай ойға қалады екенсің…

Не десек те, батыр мүсіні қаланың шетіне «ілікті». Енді оның рухы да бірге оралып, ел мәртебесіне күш бере түседі деп сенейік.

 

Көрнекі фотосурет М.Шағырбайдың парақшасынан алынды.