Бақтыбек Талқанбаев әлемі: ӘРБІР СУРЕТ – БҰЛ РУХАНИ САПАР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгінгі мақалам М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жеті асар» галереясында «Арт-терапия» атты шығармашылық көрмесі өтіп жатқан Қазақстанның көрнекті суретшісі, еңбектері ұлтымыздың генетикалық кодын ерекше ашып, ұлттық құндылықтарымызды тереңірек түсіруге және  мәдениетімізді әлемдік деңгейде насихаттап жүрген, өзіндік стилі, орындау мәнері, композициялық құрлымы, түстік шешімі, ешкімге ұқсамайтын дара тұлға Бақтыбек Талқанбаев шығармашылығы жайлы болмақ.

Көрменің тақырыбы – «Арт-терапия», заманауи өнер кеңістігіндегі ерекше ағым.   Бұл көрме адамның ішкі жан дүниесін, эмоционалдық күйін зерттеуге және оны бейнелеу өнері арқылы емдеуге бағытталған. Суретшінің еңбектері өнерді терапияның құралы ретінде пайдалану мүмкіндіктерін көрсетеді.

Талқанбаевтың туындылары адамның рухани әлеміндегі қайшылықтарды, күйзелістерді, гармонияға келтіру, эмоционалдық тепе-теңдік пен рухани тазаруды, шығармаларында шынайы өмір мен қиял арасындағы шекараны зерттей отырып, көрерменді өз жан-дүниесіне үңілуге шақырады.

Суретші әрбір туындысында символиканы терең пайдаланған. Оның жұмыстарындағы құстар, ағаштар, су элементтері және қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері адамның жан дүниесіндегі күйзелістер мен жаңарудың метафорасы ретінде көрініс табады.

Автордың әрбір еңбегінде идеяның символикалық мәні мен көркемдік тұтастық сақталады. Атап айтар болсам мен де көп көрерменнің бірі ретінде  автордың айтуы бойынша өзіме ұнаған, жүрегіме жақын, көңіліме қонымды үш картина таңдадым. Сол таңдаулар  арқылы әрбір адам өзінің ішкі дауысын жан дүниесін  туынды арқылы  тыңдау қажеттігін көрсетеді.

Картинаның аты «Ұмай құс» (Феникс). Туынды көркемдік тұрғыда терең мазмұнға ие. Бұл картинада суретші қазақтың бай рухани мұрасын, ұлттық бейнелеу өнерінің ою-өрнек, түстік символикасы арқылы ерекше түрде жеткізген.

Композицияда домалақ пішіндер мен спиральды элементтердің үйлесімі байқалады, бұл қозғалысты және өмірдің үздіксіз циклін бейнелейді. Ортадағы негізгі элемент – феникс құс – өмір мен қайта жаңғырудың, мәңгіліктің символы ретінде көрініс тапқан. Бұл бейне қазақтың ұрпақ жалғастығы мен Ұмай ана образын жаңаша түсіндіреді.

Туындыда жылы әрі қанық түстер басым: қызыл, сары, көк, жасыл. Әр түс өзінше символикалық мәнге ие: Қызыл – өмір мен күштің белгісі. Сары – рухани байлық пен даналық. Көк – аспан мен шексіздік, тыныштық. Жасыл – табиғат пен өмірдің гүлденуі.  Ою-өрнек пен ұлттық символдар және кесене бейнеленген. Орталық құстың айналасындағы ою-өрнектер мен сәуле тәрізді бейнелер қазақ мәдениетінің терең дәстүрлерін айшықтайды. Спиральдар мен нүктелік үлгілер бейнелеу техникасына заманауи сипат беріп, оның ұлттық нақышпен үйлесуін қамтамасыз етеді.

«Ұмай құс» картинасы тек эстетикалық емес, сонымен бірге философиялық мазмұнға да толы. Бұл туынды қайта өрлеу мен рухани тазарудың символы ретінде көрерменді өмірге деген сүйіспеншілікке, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақырады.

Бақтыбек Талқанбаевтың бұл картинасы оның шығармашылығының ең жарқын үлгілерінің бірі болып табылады. «Ұмай құс» – өнер мен ұлттық мәдениеттің терең үйлесімін айшықтайтын туынды. Суретші бұл еңбегінде дәстүрлі құндылықтарды қазіргі заманның бейнелеу тілімен байланыстырып, көрерменнің санасында рухани жаңғыруды тудырады.

Автор түстерді адамның психологиялық күйіне әсер ету үшін шебер қолданады. Ашық түстер үміт пен жаңаруды білдірсе, суық реңктер күрделі эмоциялар мен қайшылықтарды жеткізеді. Талқанбаев заманауи графикалық әдістерді ұлттық элементтермен біріктіріп, көркемдік формаларды ерекше пластикалық мәнерде ұсынады.

Сондай-ақ, «Періште» атты картинасында:  тыныштық пен тепе-теңдікті іздеуді бейнелейді. Періште бейнесі адамның қорқынышын, үмітін және жақсылыққа деген сенімін білдіреді. Картинаның композициясы динамикалық құрылымға негізделген. Негізгі бейне періште бейнесі, оның төңірегіндегі жарық пен сызықтар кеңістікке серпін беріп, символикалық ұшуды және рухани көтерілу сезімін тудырады. Ал түстік палитрасында алтын, көк, күлгін түстер көптеп қолданылған. Алтын және сары түстер жылылық пен жарықтың символы. Көк және күлгін реңктер аспан, шексізлік және рухани тыныштықты суреттейді. Жылы мен суық түстердің үйлесімі эмоционалдық, тереңдік, контраст пен гармонияны көрсетеді.

 

«Қарлығаш» картинасында:  қараңғы мен жарық арасындағы күрес, адамның қиындықтарды жеңуге деген ұмтылысы бейнеленген. Бұл шығарма көрерменді рухани күш пен сенімділікке шабыттандырады.

Көрменің арт-терапиялық рөлі тек өнер туындыларының жиынтығы ғана емес, ол – адамның жан дүниесіне оң әсер ететін алаң. Суретшінің еңбектері көрерменді эмоционалдық сауықтыруға шақыра отырып, өнер мен психологиялық денсаулық арасындағы терең байланысты көрсетеді.

Қорыта келгенде,  «Арт-терапия» көрмесі – қазіргі заманғы өнердің ұлттық мұраға негізделген, бірақ әмбебап тілде сөйлейтін маңызды жобасы. Көрме әр адамға өз эмоцияларын тануға, ішкі үйлесімділікті табуға көмектесіп, өнердің емдік мүмкіндіктерін ашады. Оның шығармалары өнердің тек эстетикалық емес, сонымен бірге рухани құндылықтарға негізделгенін тағы бір дәлелдейді.

Мейраш ТАСТЕМІРОВА