БАҚЫТЖАННЫҢ ӨЛЕҢІН ОҚЫП БАС ЖҮЛДЕ АЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Оны жұрт «сұрапыл ақын» деседі. Бұл сөз қазақтың арда ақыны Қадыр Мырзәліден қалған. Дөп айтылғандығынан болу керек, қазақ өлеңіз өміріне серік еткендердің жадында қалып қойды. Бақытжан деп отырғанымыз Бақытжан Алдияр. Ақын. Биыл 50 жасқа толды. 2004 жылы 50 жасқа толған ақындардың қатарында Әлібек Шегебай да бар. Осы ақындарға Ербек Бакиев шығармашылығының тұтқасын ұстаған «Шалқар шабыт» қоры ерекше құрмет көрсетті.

Шымкент қаласында «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қаладағы «Көрме» орталығында мүгедектігі бар азаматтар арасындағы «Мөлдіреген жыр сезім» атты көркем сөз оқу байқауы кезкті рет өтті. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жыр додасы  биыл қазақ әдебиетінің көрнекті ақындары Әлібек Шегебай мен Бақытжан Алдиярдың 50 жасқа толу құрметіне орай ұйымдастырылды.

Республикалық деңгейдегі байқауды өткізудегі негізгі мақсат– мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан шын талантты анықтау және қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілікті насихаттау дейді ұйымдастырушы Ербек Бәкиев.

Бұл жолы жыр додасына еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда, Орал, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Тараз, Созақ, Түркістан, Шымкент, Жетісай қалаларынан келген барлығы 15 үміткер қатысты. Өлеңге ғашық дарынды қатысушылар көрермендерді шынайы поэзиямен бірден баурап алды. Бірінші екі ақынның шығармашылығынан өлең таңдаоып оқылса, екінші кезекте қатысушыларға таңдау құқы беріліп бірі өз өлеңдерін оқыса, енді бірі сүйікті ақындарының шығармасын сахнаға алып шықты.

Тартысты дода нәтижесінде Шымкент қаласынан қатысқан Салтанат Мадиярқызы бас жүлдені иеленіп, көркем сөз оқудағы шеберлігімен ерекше көзге түсті. Бірінші орын Орал қаласынан келген Асылбек Қуанышқалиевке бұйырса, Қазығұрт ауданынан қатысқан Рүстем Кенжеұлы екінші орынға лайық деп танылды. Ал, үшінші орынды Созақтық Дәулет Дәмен иеленді.

Байқауға қатысушылардың дайындығы мен таланты әділқазыларды тәнті етті. Әр үміткер Әлібек Шегебай мен Бақытжан Алдиярдың өлеңдерін жүрекке жеткізіп, мәнерлі дауыстарымен нақышына келтіріп оқып, тыңдармандардың жан-дүниесін тебірентті.

Бұл байқау ерекше жандардың тек шығармашылық қырын ғана емес, олардың өмірге деген құштарлығын, әдебиетке деген сүйіспеншілігін де айқын көрсетті.

– Биыл біздің бірлестікке 10 жыл толды. Бүгінгі болып өткен шара бесінші рет өтілген республикалық ауқымды байқау. Мұндай шаралар болашақта да жалғасын тауып, талантты жандарға жаңа мүмкіндіктер ашуға негіз боларына сенемін, – деді бірлестіктің шығармашылық жетекшісі Ербек Бакиев.

«Мөлдіреген жыр сезім» байқауы – шабыттың, өнерге деген адалдықтың көрінісі. Бұл жыр мерекесі қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, қазақ поэзиясының құндылығын тағы бір мәрте асқақтатты.  Жыр байқауы келесі жылы да жалғасын табатын болады.

Бас жүлде иегері Салтанат Мадиярқызы Бақытжанның өлеңін оқып қана бас жүлде алған жоқ, өзінің өлеңі де көрермен көңілінен шығып, қошаметіне бөленді. Байқауға Бақытжан Алдиярдың өзі де келіп, қатысушы үміткерлерге ақ тілегін арнады.