Шымкент қаласының Музейлер бірлестігіне қарайтын «Сайрам музейі» бөлімінің жәдігерлер қорында көптеген құнды экспонаттар сақтаулы тұр. Соның бірі – өткен ғасырдың басында қазақ даласына жеткен «Зингер» тігін машинасының бір нұсқасы. Қара сыры әр жерінен көшкен қара шойын материалынан жасалған, қапталында «SINGER» деген латынша жазуы бар ескі дүние бүгінде құнды жәдігерлер қатарынан көрініп отыр. Бұл заттың өзіндік тарихы мен құндылығы бар. Осы жөнінде жинаған аз-кем мәліметімізді музейді жақсы көретін, антиквар заттарға қызығатын оқырман назарына ұсынсақ деп едік.
Әсілінде, алғашқы тігін машинасының жобасын XV ғасырда Леонардо да Винчи ойлап тапқан. Алайда, 1845 жылы америкалық өнертапқыш Элиос Хант қарапайым тігін машинасын өмірге әкелді. 1850 жылдары тағы бір америкалық Исаак Зингер Ханттың машинасын жетілдіріп заманауи тігін машинасын жасап шығарды. Ол 1851 жылы сатушыларымен келісімшартқа отырып, тігін машиналарын франшиза арқылы сатуды қолға алды. 1870 жылы «Зингер» фирмасы ашылып, тігін машиналарының сатылымы ұлғайды.
«Зингердің» атағының аспандауына 1878 жылғы Париждегі ЕХРО көрмесі де әсер еткен секілді. Себебі, дәл осы көрме кезінде сол уақыттағы техниканың озық жетістігі ретінде «Зингер» фирмасы шығарған іс тігетін машиналар көрсетілді. Сол-ақ екен, халықаралық нарықта зор сұранысқа ие болыпты. Көп ұзамай тігін машиналары Ресейге де жетті. Подольск қаласынан «Зингер» фирмасының зауыты салынды. 1914 жылдан бастап зауыт тігін машинасын 600 мыңға дейін шығарды. Осылайша «Зингер» фирмасы Еуропадағы алпауыт тігін өндірісіне айналды. Енді ол Ресейден Түркия, Қытай, Орта Азия елдеріне тарай бастады. Содан «Зингер» тігін машиналары қазақ даласына да жетіп, ауқатты отбасылар шаңырағының төрінде тұрды.
АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІНДЕГІ ЖАРНАМАЛАР
Иә, сол кездегі «Қазақ», «Қазақстан» газеттерінде «Зингердің» жарнамасы көзге ұрып тұрды. Мәселен, «Қазақстан» газеті 1912 жылдың наурызындағы №8 санында «Зингер» жайлы «Іс тігетұғын машина» деген шағын мақала жариялаған.
Мақалада «Хатерлеріңізде болсын, іс тігетін машинаның ең жақсысы һәм ең мықтысы «Зингер» атты компанияның магазиндерінде ғана саналады. Хақдары арзан, 20 сомдықтары да бар, һәм несиеге де сатылады. Айға бір сомнан, яки екі сомнан беріп тұрсаңыз, «Зингер» қарай береді. Және бір файдасы, машине алған адамдардың хатуны, яки қыз балалары кесте тігісін үйренгілері келсе, «Зингер» бір тиын ақша алмай, түрлі әдемі кесте тігулерін үйретіп шығарады. «Зингердің» магазиндері барлық шаһарларда бар» деп жазылды.
Осы мақалаға қарап-ақ аталған тігін машинасының барлық қалада сатылып, тіпті несиеге де берілгенін байқауға болады. Қазақ ауқаттыларының бағасы қымбаттығына қарамастан тігін машинасын сатып алуына газеттерде жарияланған осындай жарнамалардың да әсері болған секілді.
ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ «ЗИНГЕР» ДҮКЕНДЕРІ ДЕ БОЛҒАН
«Зингерді» жарнамалаудан «Қазақ» газеті де қалыспады. Газеттің 1915 жылдардағы сандарында «Зингер» жібінің бір ағашы 6 тиын. Сатылады: Зингер компаниясының барлық магазиндерінде» (№93, №104) деген қысқаша жарнама жарияланып тұрды. «Қазақ» газетінің осы жылғы №94 санында «Зингер» компаниясының киім тігетін машиналары өз магазинінде ғана сатылады. Несиеге алушылар жұмысынан бастап төлейді. Қол һəм аяқ машиналарының əр түрлісі бар. Басқалардың алдастыруынан сақтаныңыз! Магазиндері Русияның хама шаһарларында бар» деп тігін машинасы жайлы толығырақ мәлімет берген.
Осы газеттердегі деректерден байқағанымыздай, «Зингер» тігін машиналарын сататын дүкендер қазақ даласында да болған. Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев бір сұхбатында сондай дүкеннің бірі Ақмола облысында болғанын алға тартады. «Қараөткелдің ортасында ат шаптырым жерге орналасқан екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған Қосшығұловтардың фабрикасы қала жұртының, әсіресе қазақ азаматтарының мақтанышы болды. Тек қана мақтанышы емес, бұл фабрика қазақ балаларын кәсіпке тәрбиелейтін, еңбекке баулитын, кедей азаматтарға күн көріс тауып беретін орталыққа айналды. Қосшығұловтар мұнымен шектелмеді, сол кезеңде қазақ жеріне жаңа еніп жатқан шетелдік «Зингер», «Саламандра», «Якорь» сияқты ірі компаниялармен одақтасып, олардың өндірістеріне капитал салды. Қазіргі Орталық алаңдағы «Сине Темпоре» ғимаратының маңдайшасында Қосшығұлов деген жазу болған» дейді Жамбыл Артықбаев («Қазақ тарихын көк түріктерден бастау қажет», «Астана ақшамы» газеті, 13 желтоқсан, 2013 жыл).
Бұрынғылардың ұғымында, киім тігу қыз-келіншектер істейтін нәрсе секілді, еркектің ине мен қайшы ұстап, киім тігуі ерсі секілді көрінетін. Алайда, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романындағы Шәйін ағай сол ұғымды бұзды. Сәбит Мұқанов шығармасында іс тігетін машинаға әйелдер ғана емес, еркектер де құмар болғанын алға тартқан. «Біздің елге «Компания Зингер» аталатын іс машинасын алғаш әкелген адам — Шәйін… Қолмен атқаратын істі машинаның атқаруы және қолдан әлдеқайда жылдам атқаруы көшпелі надан ауылды қайран қалдырған… Киімді бұлай тігу, ауылдың кейбір адамдарының, әсіресе жастардың көзін қызықтырады. Күші бар адамдар, сыртқы киімдерін Шәйінге тіктіреді. Ол тіккен киімдер ауылға жаңалық болады» деп жазады Сәбит Мұқанов.
МАШИНА ҒАНА ЕМЕС, ОНЫҢ ИНЕСІНІҢ ӨЗІ ҚҰНДЫ ДҮНИЕ БОЛҒАН
Алайда, қазақ қаламгерлері арасында «Зингер» жайлы көбірек қалам сілтеген жазушы болса, ол Шерхан Мұртаза секілді көрінеді. Себебі, Шерхан аға өзінің шығармаларында «Зингердің» атын атау арқылы өмірінің ауыр сәттерін күрсіне еске алады. Жазушы «Бір кем дүние» кітабында бала кезде басынан өткен бір оқиғаны атап өтеді. 1937 жылы әкесі Мұртаза тұтқындалып, анасы Айша екеуі Борандының түрмесіне іздеп келеді. Кішкентай Мұртаза қарауыл теріс айнала қалған сәтте жүгіріп барып түрменің тесігінен айқайлайды. Сол кезде әкесі тесіктен шиыршықталған бір қағазды ұсынады.
Бұл оқиға жайлы Шерхан Мұртаза: «Сол сол екен, бір алып күш шапанымның желке тұсынан бүріп ұстап алып, шиіріп тұрып лақтырып кеп жіберді. Басым үйінді қарға кіріп кетіпті. Айша мені қардан суырып алып, үсті-басымды қаққылады. Жұдырығым қатты жұмылып қалған екен, алақанымды әрең ашып, әлгі шиыршықталған қағазды анама бердім. Былай шығып, қағазды ашып қараса, «Зингер» тігін машинасының төрт инесі екен. Бұл не сонда? Ненің белгісі? Содан бері де жетпіс жылдан асып кетті. Әлі күнге дейін сол жұмбақ шешілмейді. Шығыс Сібірдің Зея деген өзенінің жағасында қалған Мұртаза не айтпақ болды? Бір кем дүние» деп күрсінеді.
Мұны біз қайран әкенің өзі абақтыда азап шексе де, бала-шағасын уайымдап, солардың қамын ойлағаны болар деп шамалаймыз. Себебі ол уақытта «Зингер» машинасының инесі қат болған. Ал жұбайы Айша үшін «Зингер» – ардақты жандардан қалған аяулы дүние, іс тігіп нәпақа табар тіршілік көзі. Шерхан Мұртазаның бұл жайында өзінің «Ақындар мен әкімдер» кітабының алғысөзінде атап өтеді. «…Менің анам Айша шебер тігінші еді. Баяғыда бай бабадан қалған «Зингер» машинасымен бүкіл ауылдың киім-кешегін осы Айша тігетін. Сонда әр түрлі маталардан қалған қиықтарды құрастырып, мақталап, түрлі-түсті, әп-әдемі көрпешелер жасайтын» дейді. Ардақты жандардан қалған аяулы дүние деп отырғанымыз сол. Аяулы болмаса Айша алыстағы қыстақта қалған «Зингер» машинасын ақ қар, көк мұзға қарамай, азып шегіп алып келер ме еді? Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында анасы Айшаның тігін машинасы үшін жердің түбіне баруға бел байлаған сол бір көзсіз батырлығын керемет суреттейді.
Тігін машинасының талай шуақты күндердің куәсі болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Заманында жігіттің қалыңдығына сыйлаған ең құнды дүниесі де, әкенің қызының жасауына қосқан қымбат сыйы да осы «Зингер» болған екен. Абайдың шөбересі Ишағы Жағыпарқызының «Санамда жаңғырады бейнелерің» деген әдемі естелігі бар («Жұлдыз» журналы, №7, 1999 жыл). Сол естелігінде Ишағы апамыз Мұхтар Әуезовтің Ленинградта оқып жүрген кезінде жұбайы Кәмила Мағауияқызына іс тігетін «Зингер» машинасын сыйлыққа әкеп бергенін атап өтеді. Соған қарағанда, ол уақыттағы ең құрметті сыйлық осы тігін машинасы болған. Рас, ол кездің әйелдерінің ең қымбат бұйымы, осы – «Зингер» еді.
Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова естелігінде Ахмет Байтұрсынұлы мен аяулы жары Бадрисафа туралы айта келіп, Бадрисафаның ең қымбат дүниесі «Зингер» тігін машинасы екенін атап өткен. «Жеңгейдің қымбат санайтын нәрсесі – «Зингер» тігін машинасы. Өзі іс тігуге шебер» дей келіп, киім-кешек пішуді, тігуді, машинамен кесте шалуды үйреткенін айтады. (Г.Дулатова, «Алаштың сөнбес жұлдыздары», Алматы, «Мектеп» баспасы», 2012 жыл).
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де майдангерлер елге қайтарда біздің жақтан табыла бермейтін таңсық бұйымдарды ала келуге тырысқан. Майдангерлердің, оның ұрпақтарының естеліктерінен мұны анық аңғардық. Мәселен, Кеңес Одағының батыры атағын 3 рет алған атақты ұшқыш Иван Кожедубтің жеке механигі болған майдангер апамыз Мәдина Ысқақова соғыстан оралғанда өзімен бірге «Зингер» тігін машинасын алып келіпті.
Міне, Сайрам музейінде тұрған бір жәдігерді таныстырамыз деп, «Зингер» тігін машинасының Қазақ жеріне келе бастаған кезеңдерді, қазақ зияларының ол туралы құндылығы мол естеліктерін сөз еттік. Қазақ тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен үндесіп жатқан дүниелер қалайша бір ғана жәдігер тарихымен астасып жатыр десеңші. Жәдігердің құндылығы дегеніміз – оның материалдық бағасы ғана емес, оның халықтың өткенінен хабар беретін маңыздылығымен де байланысты болатыны сондықтан.
Г. Шекербекова
Шымкент қаласының музейлер бірлестігі «Сайрам музейі» бөлімінің ғылыми қызметкері