«Дәуір айналдыру» салты

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Бұл салт-рәсім еліміздің аймақтарында «дәуір айналдыру», «дәуір жүргізу», «дәуір көтеру», «ысқат шығару», «підия», «садақасын беру» т.б. әртүрлі атаулармен аталады. Дәуір айналдыру салты негізінен қайтқан жанның оқылмаған намазы мен өтелмеген оразасы үшін жасалады[1].

Жалпы, шариғатта қаза намаздың підиясына қатысты нақты үкім болмағанмен, ауыз бекітуге денсаулығы жоқ мұсылмандардың отыз күн ораза үшін отыз адамның сәресі мен ауызашар асын беріп, підия жасауға рұқсат берілген. Бұл дәлелдер оразаға байланысты келгенімен намаз одан да маңызды ғибадат болғандықтан, Ханафи мазһабының ғалымдары намазды оразамен салыстыра отырып, оқылмай қалған әр намазға бір күндік оразаның підиясын беруге болады дейді. Ибн Абидин: «Кімнің парыз намаздары қаза болып, ишарамен болса да намазды өтеуге шамасы келе тұра оқымаса, әрбір қаза болған намазына жарты сағ (1.625 гр) бидайдан кәффаратын өтеуге өсиет етуі тиіс. Үтір намазының да үкімі осы тәрізді»[2]. Ибн Аббастан жеткен риуаятта ол былай дейді: «Ешкім біреудің орнына намаз да оқымайды, ораза да ұстамайды. Бірақ оның атынан әр күніне бір «муд» (өлшем бірлік) бидайдан (міскіндерді) тамақтандырады»[3].

Дәуір айналдыру кезінде жиналған садақаны кедей-кепшікке үлестірумен бірге бір бөлігіне Құран (хатым) түсіріліп, бір бөлігіне дүйім көпшілікке арнап ас берілген.

Этнографтардың айтуына қарағанда дәуір айналдыру түркілердің бағзыдан келе жатқан салт-жорасы саналады. Үш күндігі, жетісі, қырқы, жүзі, жылдық асын беру жоралғылары осы дәуір айналдыру рәсімімен астасып жатқан салттар. Бертін келе ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдағанда, дәуір айналдыру салты шариғаттағы садақа ғұрпы болып трансформацияланды. Еліміздің кейбір аймақтарында дәуір айналдырудың әлі үзілмеуінің бір себебі, бұл салт-жораның исламдық реңк алуында десек қателеспейміз[4].

Шариғат ғалымдарының көпшілігі шариғи негізінің әлсіздігіне орай дәуір айналдыру және садақаға берліген мал-мүлік, қаза құлшылықтың орнын дәлме-дәл баспайды деп біледі. Шынтуайтында, дәуір, ысқат – исқатус-салат шариғат ғалымдары тарапынан намазын өмір бойы еш қаза етпей, тек белгілі себептермен бірнеше намазы қаза болған мұсылман үшін енгізілген. Ал ғұмыр бойы парыз ғибадаттарын тәрк етудің күнәсі аса ауыр. Сондықтан материалдық құндылықпен есептелмейтін теңдессіз құлшылық-ғибадатты ешқашан да қаза етпеуге тырысып, ал қаза болғандарын уақытында өтеген абзал[5].

 

Әруақтарға Құран бағыштау

Қазақ халқының Құранға деген иманы мен құрметі сол – қайтыс болған адамының артынан да ұдайы Құран оқып, Алладан медет тілеп, сол оқылған Құранның сауабын марқұмға бағыштап отырады.

Бұл мәселе кейбір адамдардың айтып жүргеніндей – ойдан шығарылып, дінге қосылған жаңалық, яғни бидғат емес. Мұның шариғи негізі бар. Ал шариғатта негізі болған нәрсе – дінге енгізілген жаңашылдық болып есептелмейді, керісінше, діннен саналады. Енді осы мәселені жан-жақты талдап көрейік.

Орындалған ізгі амалдың сауабын қайтыс болған адамға бағыштаудың немесе сыйлаудың шариғи дәлелі

Ғалымдарымыз жасалған жақсылық пенберілген садақаның, шалынған құрбандық пен жасалған дұға сауабыныңмарқұмғатиетініне бірауыздан келіскен. Осыған қатысты Ибн Аббас (р.а.): «Бір кісі Алла елшісіне келіп, анасының өмірден озғанын естіртті де: Анамның атынан садақа берсем, оған тиеме?», – деді. Пайғамбарымыз: «Иә», – деп жауап берді. Сонда әлгі кісі: «Менің құрма бағым бар, соны садақа еткеніме өзіңді куә етемін»[6], – деген.

Сондай-ақ Айша (р.а.) және Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) құрбан шалғысы келсе мүйізді, піштірілген, ноғала екі семіз қошқарды алдырып, біреуін Алланың жалғыздығы мен Пайғамбардың (с.а.с.)  елшілігін мойындаған үмбетінің атынан, екіншісін Мұхаммед пен әулетінің атынан шалатын еді»[7], – деп айтылады.

Негізгі тақырыпты қозғар алдын, жоғарыда келтірілген хадистерге тоқталып өтуіміздің себебі – қайтыс болған адамның артынан сауабы үзілмейтін амалдардың бар екендігінің, сондай-ақ, орындалған ізгі амалдың сауабын қайтыс болған адамға бағыштау немесе сыйлаудың шариғи негізі бар екенін дәлел тұрғысынан айқындап, көрсету еді. Өйткені бұл мәселені түсінген адам, қозғайын деп отырған тақырыбымызды, яғни, марқұмның артынан Құран бағыштау мәселесін оңай түсіне алады.

Әсілінде бағышталып оқылған Құран сауабының марқұмға тиіп-тимейтініне қатысты ғалымдар арасында екі түрлі қөзқарас бар. Бірінші көзқарастағы ғалымдар, бағышталып оқылған Құран сауабының марқұмдарға тимейтінін айтса, екінші көзқарастағылар тиетінін айтқан.

  1. Оқылған Құран сауабы марқұмдарға тимейді деген көзқарасты ұстанатын ғалымдар, дәлел ретінде бұл мәселеге қатысты нақты бір шариғи мәтіннің келмегенін алға тартады.
  2. Оқылған Құран сауабы марқұмдарға тиеді дейтін көзқарасты ұсатанатын ғалымдардың дәлелі:

а) Марқұмдарға Құран оқуға болмайды деген де нақты хадис жоқ;

ә) Көпшілік әһли-сүннет ғалымдары Құран сауабының марқұмдарға тиетінін айтқан;

а) Оқылған Құран сауабы марқұмдарға тимейді деген көзқарасты ұстанатын ғалымдар, бұл мәселеге қатысты нақты бір шариғи мәтіннің келмегенін алға тартса, Құранның сауабы марқұмдарға тиеді деген көзқарасты ұстанған ғалымдар, Құран оқуға болмайды деген де нақты хадис жоқ дейді. Керісінше, қайтқан адамға арналып берілген садақа, ұсталған ораза, өтелген қажылық сынды т.б. жақсылықтардың сауабының марқұмға жететінін білдірген сахих хадистердің бар екенін алға тарта отырып, дәлел ретінде төмендегі хадистерді келтіреді.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла елшісіне (с.а.с.) бір кісі келіп: «Әкем дүниеден өтті, бірақ, артында қалған дүниесін өсиет етпеді. Әкемнің орнына дүниесінен садақа етіп берсем, күнәлары кешіріледі ме? – деп сұрады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Иә», – деп жауап берді»[8].

Бұхари мен Муслимнің сахих жинағында келген ибн Аббастың риуаят еткен хадисінде: «Бір адам Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің анам мойнында бір айлық оразасы бар күйде дүниеден өтті. Анамның мойнындағы оразасын менің өтеуіме бола ма?», – деп сұрайды. Алла елшісі: «Егер анаңның біреуге қарызы болса, оны өтер ме едің», – дейді. Әлгі адам: «Иә», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз: «Алла алдындағы анаңның қарызы өтелуге әлде қайда лайығырақ», – делінген.

Ибн Аббастан риуаят етілген басқа бір хадисте: «Жуһайна тайпасынан болған бір әйел кісі Алла елшісіне келіп: «Анам қажылық жасауға нәзір еткен еді, бірақ, өкінішке орай қажылығын жасамас бұрын дүниеден өтті. Енді мен анамның орнына қажылық жасай аламын ба?(яғни анамның қажылығын өтей аламын ба?)», – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Егер анаңның біреуге қарызы болса, оны өтер едің ғой, ендеше, Алла алдындағы анаңның қарызы өтелуге әлде қайда лайығырақ», – деп жауап береді.

ә)Көпшілік әһли-сүннет ғалымдары Құран сауабының марқұмдарға тиетінін айтқан.

Әбу Ханифа мен Ахмад ибн Ханбалдың, сондай-ақ, кейінгі Мәлики ғалымдары мен бір топ Шафиғи ғұламаларының көзқарасы бойынша да, бағышталып оқылған Құран сауабы өліге тиеді.

Сондай-ақ, Ибн Қудаманың «әл-Муғни» атты кітабында Ахмад ибн Ханбалдың айтқан сөзі келтіріледі: «Бізге жеткен хадистерде, бағышталып жасалған жақсылық сауабының марқұмдарға тиетіндігі айтылған. Сондай-ақ, барлық аймақтағы мұсылмандар Құран оқып, сауабын марқұмдарға бағыштауда және бұған ешкім қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Демек, ғалымдар арасында осы амалдың дұрыстығына қатысты ижмағтың[9] барын көреміз»[10]

Ибнул Қаийм әл-Жәузия[11] да: «Жасалған жақсылық пен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді» деген көзқарасты таңдаған.

Мәлики мәзһабын ұстанушы үлкен тәпсір ғалымы Қуртуби бұл жайлы: «Бұл тақырыптағы еш талассыз нәрсе – берілген садақа сауабының өліге тиетіндігі. Ал енді садақаның сауабы өліге тиетіні секілді оқылған Құран мен дұға, истиғфарлардың да пайдасы өліге тиеді. Өйткені бұлар да садақаға жатады. Садақа тек ақша, дүниемен шектелмейді»,– деген[12].

Сондай-ақ,  Мағқал ибн Ясардан жеткен риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.): «Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар»[13], – деген. Хаким мен ибн Хиббан хадиске сахих деп баға берген.

Ғалымдарымыз жоғарыда келген хадистердің бәрін саралай келе, марқұмның атынан берілген садақаның, ұсталған ораза мен өтелген қажылықтың сауабы секілді, оқылған Құран сауабының да оларға жететінін айтады. Садақа, ораза, қажылық, мұның бәрі өз алдына бір ғибадат және осы аталмыш ғибадаттардың барлығы қайтқан адамға арналып жасалатын болса, сауабының жететіндігіне Пайғамбарымыздың хадистері арқылы куә болдық.Сондай-ақ Құран оқудың да ғибадат екендігіне қатысты хадистер келген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен Әлиф, Ләм, Мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, Әлиф – жеке бір әріп, Ләм – жеке бір әріп, Мим – жеке бір әріп (әрқайсысына жеке-жеке сауап жазылады)»[14], – деген.

Садақа, ораза, қажылық, намаз секілді діни рәсімдердің ғибадат саналғаны секілді, Құран оқу да өз алдына жеке ғибадат болып есептеледі. Ал жоғарыда келген Пайғамбарымыздың сахих хадистері, ораза, қажылық, садақа секілді ғибадаттар бақилық болған адамға арналып атқарылған жағдайда сауабының жететіндігін көрсетуде. Демек, Құран да бұл үкімнен тысқары қалмайды. Өйткені Құран оқу да ғибадат болып есептеледі.

Бүгінгі күні халық арасында бүйректен сирақ шығарып, өліге Құран бағыштау дінге енгізілген жаңашылдық (бидғат), Құран өлілерге емес тірілерге түсірілген деп байбалам салып жүргендер бар. Рас, Құран ең әуелі тірілерге түсірілген. Яғни Құранды оқып, оның үкімдеріне амал ету қажеттігі бірінші орында. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Алайда дінде негізі бар, көптеген әһли-сүннет ғұламалары, олардың ішінде мәзһаб имамдары оң пікір танытқан, сондай-ақ, халқымыздың салт-санасына сіңісті болған – өлілерге Құран бағыштау мәселесін дінге енгізілген жағалық деуге мүлдем келмейді.Шала сауаттылардың қазақтың бұл әдетін жоққа шығаруының астарында мына себептер жатыр:

  1. Діннің негіздерін жете түсіне алмау. Усулул фиқһ, хадис ілімдері, Құран ілімдері секілді ғылым салаларын білмеу. Тіпті олардың кейбірі мұндай ілімдердің бар екенінен де хабарсыз;
  2. Діни мәтіндердің сыртқы формасына ғана үңілу (яғни буквализм);
  3. Өзінің діни ұстанымын бір ғана ғалымның көзқарасына негіздеу;
  4. Айтылған басқа дәлелдерді (көкейге күдік ұялатады деп) қабылдамау;
  5. Тарихты жетік меңгермеу;
  6. Елінің салт-дәстүрін жақсы таный алмау;
  7. Өзге елдің әдет-ғұрпынан әсерлену және соны дін деп білу.

Көріп отырғанымыздай қазақтың қайтыс болған кісілердің артынан Құран бағыштауы – ислам дінімен қатар келіп, халықтың қанына сіңіп кеткен мұсылмандық дәстүр.

 

Жыртыс, тәбәрік беру

Қазақтың тәбәрік беру дәстүріне кіріспес бұрын әуелі ислам дініндегі тәбәрік ұғымына тоқтала кетейік. Араб тіліндегі «табаррук» сөзінің тілдік мағынасы – береке іздеу. Береке сөзінің мағынасы – өсу, арту дегенді білдіреді. Әр-Рағиб әл-Исфаһани: «Береке дегеніміз – иләһи жақсылықтың бір нәрсеге даруы», деген. Ибн Манзур: «Береке дегеніміз – өсу, арту мағынасына саяды және «ат-табрик» адам үшін дұға тілеу немесе береке тілеуді білдіреді. «Барракту алейһи табрикан» десе, ол: «Саған Алланың берекесі болсын!» деген тілекті: «Барака Аллаһу аш-шайа» және «барака фиһи уә алейһи» дегенде: «Оған береке қойылды» мағынасын білдіреді. «Тағамун барикун» десе, «берекелі тамақ» деген ұғымды білдіреді» дейді.

Терминдік мағынасына келсек, табаррук дегеніміз – түрлі жолдар арқылы берекені талап ету яки Алла Тағаланың басқалардан өзгеше, ерекше еткен заттарынан, орындарынан құт-береке тілеу. Тағы да бір мағынасы – тәңірлік (иләһи) жақсылықтың бір нәрсеге орнауын, бекуін талап ету. Сондай-ақ табаррук ұлы, құрметті саналған істерге де қолданылады[15].

Мұсылман ғалымдары аят, хадистерге, сахабалар мен алғашқы ізгі буын (әс-сәләф әс-солихин») ғалымдарының сөздері және істеріне сүйене отырып  белгілі бір заттарды, салиқалы пенделерді немесе солардан қалған әсарларды (зат, киім т.б.) дәнекер етіп, табаррук жасауға болатындығына бірауыздан келіскен.

Ендігі кезекте қазақ халқының осы тәбәрік түсінігіне қысқаша тоқтала кетейік. Қазақ әдеби тілінің сөздігіне үңілсек, «тәбәрік», «тәбәріктей», «тәбәріктік» деген сөздерді кездестіреміз. Осы сөздерге берілген анықтамаларға көз жүгіртейік. Мәселен, тәбәрік сөзінің бірінші мағынасы: «Құранның бір аяты. Сәлделі имам көзін сүзіп, тәбәрікті созып, Бұхар мақамын күңірентеді екен». Екінші мағынасы: «Өлген кісінің құдайысынан алған зат, киім, бұйым.

Қандай сый тартсам екен, аға саған,

(Білмеймін жараса ма, жараспай ма?!)

Ешбір сый таба алмасам, аға саған

Аппақ тонын-атамның тәбәрігін,

Жүзге кел деп арқаңа жаба салам». Мәйітті жерлегеннен кейін молда Құран оқиды. Жасы келген адамның қазасында бейіт басында тәбәрік ретінде жыртыс таратылады» десе, үшінші мағынасы: «Олжа, үлес, сыйлық. Қыз бұйымы – жігітке тәбәрік. Сіздей адам енді бізге кезіге ме, жоқ па? Тәбәрік алып қалайын»[16].

Қазақ салтында, көп жасап, немере-шөбере көрген қадірлі, инабатты кісілер дүние салса, қабір басында түрлі кездемелерден жыртыс жыртып, жерлеуге барған адамдарға үлестіреді. Міне, бұл «тәбәрік беру» делінеді. (Бұл салт кей жерде «өңір тарату», кей жерде «бедян тарату» деп аталады).

Бір күні Пайғамбарымызға (с.а.с.) бір кісі келіп: «Менің әкем қайтыс болды. Артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниесін (пәлен жерге берілсін) деп өсиет етпеді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріледі ме?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Иә», – деп жауап қатады. (Муслим, Сахих) Осы хадисте садақаның қайтыс кісіге арналып жасалғанда сауабының оған жететіндігі айтылған. Ахмад ибн Ханбал бұл жайында: «Бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені ол  жайлы хадистер бар», – деген[17]. Фиқһ ғалымдары садақа сауабының өліге тиетіндігін айтқан. Сондықтан жыртыс, теберік, киім таратудың бәрі садақа ниетімен жасалғанда сауабы өліге тиеді. Яғни бұл амалдар садақа ниетімен жасалуы қажет. Осындай ниетпен жасалғанда шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ, қайта керісінше құп көріледі. Бірақ бұл амалдар шамасы келмейтін адамдарға жүктелмейді. Яғни шамасы келетін адамдар, шамасы жетсе ғана жасауына болады, ал шамасы жетпейтіндерді дініміз бұған мәжбүрлемейді[18].Міне көріп отырғанымыздай тәбәрік сөзінің төркіні де мән-мағынасы да мұсылмандық түсініктен бастау алған.\

 

Әділбаева Шамшат Амангелдіқызы

 

Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,