Еңбек адамы: «АЯҚ АСТЫНАН ӘН ШЫҒАРЫП КЕТТІМ…»

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының мәдениет саласында танылып жүрген жас әншілердің қатары аз емес. Соның ішінде өз жанды дауысымен салған әні тыңдарманының құлағында қалып кететін дауысымен ерекшеленетін жанның бірі туралы сөз етпекпіз. «Мәдениет саласындағы ЕҢБЕК АДАМЫ» тақырыбын қауза деп тапсырма түскенде, ең бірінші ойға оралған әншілердің қатарында Арайлым Саттарова болғаны да заңдылық шығар.

Оның өнер жолына қадам басуы бала кезден басталған. Әйтсе де ән шығару дарыны аяқ асты келіпті. Бәрі тосыннан басталды дейді ол. Арайлымның әңгімесіне құлақ түріп, мәдениет саласына келуі, киелі сахна төріне шығуы, бойына өнер қонуы туралы сыр-сұқбатынан сусындай отырыңыз

 БЕС БАЛАСЫ БАР АНА «ПЕДИНСТИТУТТА» ОҚЫП ЖҮР

– Өнерге деген қызығушылық бала күнімнен бар. Оқушы кезден-ақ өлең жазып, әкемнің үйретуімен домбыра тартып жүретінмін. Мектеп бітірген соң Жетісайдағы гуманитарлық колледжге қазақ тілі мен әдебиеті бойынша оқуға түстім. Одан кейін тұрмысқа шықтым, бала-шағалы болдық. Төртінші перзентімді босанарда бір қызық оқиға болды.

Ол кезде Астанада тұратынбыз. Бір күні аппақ киініп алған, өзі түйеге мінген ақсақал түсіме кіріп, маған домбыра ұсынып жатты. Бұл түсті мен үш күн қатарынан көрдім. Төртінші күні жолдасыма: «Мен қалайда гитара сатып алуым керек», – дедім. Өзім балабақшада жұмыс істеймін, жалақым небәрі 35 мың теңге. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Анау айтқандай артық ақша да жоқ. Жолдасым көп ойланбай сұрағанымды сатып алуға рұқсатын берді.

Негізі гитараны тарта алмаймын. Неге домбыра емес, гитараны таңдағанымды өзім де білмеймін. Жетінші сыныпта 1-2 аккордпен тартқаным бар. Одан кейін ауылдың жас жігіттері үйдегі гитарамызды әкемнен сұрап алып кетіп, сол бойы қайтармай, жоғалтып жіберді де, содан кейін гитараны қайта ұстаған жоқ едім.

Базарға барып, гитара таңдап тұрмын. Орыс сатушы менің тарта алмайтынымды байқап тұр. Маған «Үйренгенге мынау жақсы ғой» деп кішіректеу гитараларды көрсетіп жатыр. Қызылын да, жасылын да ұсынады. «Жоқ, маған сахналық гитара керек», – деп мен де айтқанымнан қайтпаймын.

Сонымен өзім қалаған гитараны сатып алдым да, үйге келдім. Келе сала ештеңеге қарамастан отыра қалып шерте жөнелдім. Осыған дейін өзімнің өлеңдерімді жазып жүретін дәптерім болатын, соны аша қойып едім, ішіндегі өлең жолдарына өздігінен әуен келе берді. Сол отырғаннан бір сағаттың ішінде анам мен әкеме арналған алғашқы әнімді шығардым.

Осылайша ешқашан композитор боламын деп ойламаған мен бірден ән шығарып кеттім. Одан кейін де сол гитарамен талай әндерім шықты. Барлығын диктофонға басып алып отырдым.

Басқа авторлардың сөзіне де ән жаза бастаған Арайлымға алғашқы ұсыныс әлеуметтік желі арқылы танысқан кісіден түседі.

– Бәрі былай басталды. 2016 жылы Астанадан Төлеби ауданына қоныс аудардық. Әкеміз қайтыс болып, қара шаңыраққа ие болу керек болды. Ауылға келген соң біраз уақыт үзіліп қалған композиторлық өнерімді қайта қолға алдым да, барлығын Фейсбук әлеуметтік желісіне салып отырдым. Сол жерден көріп бір азамат хабарласты: «Сіз ән шығарады екенсіз, өзім жазған өлеңім бар еді, соған ән шығарып бересіз бе?» – деп. Бұл ұсыныс маған қызық көрінді. Келістім. «Бұл қалай болып кетті? Мен сонда композитор болып кеттім бе?» деп өзіме өзім қайта-қайта сұрақ қойып, таңқаламын. Осылай шығармашылық байланыс орнап, әлгі кісінің жеті өлеңіне ән жазыппын.

САПАРДАН КЕЙІНГІ СЫРҚАТ

Арайлым гастрольдік сапармен Балқашқа, Қорғалжынға, Астанаға барып келіп жүреді. Сондай кезекті сапардың бірінен  қайтқанында ауырып, мұрттай ұшады. Жолда жүргенде жармасқан түсініксіз дерт ақыр соңында біртүрлі бейжай күйге түсірді. Бұл түсініксіз күйден айлар емес, жылдар бойы арыла алмайды.

– Көз тиді ме, сөз тиді ме, білмеймін, поездан түскеннен кейін жүрек тұсым қатты шаншыды. Ана ауруға шыдап тұру азаптың азабы. Тап біреу бірдеңемен жүрек тұсыңды сұққылап жатқандай. Өзім бесінші перзентіме  жүктімін. Өмірім өзгерді де кетті, ештеңеге зауқым жоқ, бір мазасыз күйге түстім. Жүрегім қысылып, түнде ұйықтай алмайтын халге жеттім. Бәрі жайына қалды. Телефонмен сөйлесудің өзі мұң. Сенсеңіз, үйдегі гүлдерім де қурап қалды. Қанша жерден қаралсам да осы күйден екі жыл шыға алмадым. Босанғанда да ауыр босандым. Сол кезде жолдасым да біраз уақыт жұмыссыз қалып, материалдық жағдайымыз да мәз болмады. Достарымызбен де арамыз алшақтап қалды. Қатты қиналып кеттік. Кәдімгідей тоқырау болды.

Екі жылдан кейін есімді жинадым. «Өнеріңді қолға алмасаң ауыра бересің» деген елдің сөзінен кейін бәрін қайта бастағым келді. Осылай өнер жолына қайта оралдым. Шығармашылығымды шыңдап қана қоймай, кітаптарымды да шығара бастадым, – дейді ол.

Ақынның өзі әу баста кітап шығаруды ойламаған. Кітап шығару ісі сырт адамдардың айтуымен қолға алыныпты.

– Әндерім тарап жатқан соң бір үлкен кісілер: «Былай жүре берсең әндерің ұрланады, мұны кітап қылып шығарғаның дұрыс», – деді. «Олай болса барлық жазбаларымды жинақтайын» деген ой келді. Өзім нота білмеймін, нота білетін адамға қызметінің ақысын төлеп, әндерімді қағазға түсірттім. Оның ақысын өзім сөзіне ән жазып берген авторлардан алдым. Барлығы келісімді түрде ақшасын жинап берді. Мен ән жазғаным үшін бір адамнан бір тиын алған адам емеспін. Тек нотасын түсіру үшін ғана осылай қаржылай көмек көрсетті. Ал кітапты жолдасымның қолдауымен шығардым. Ол үшін күйеуіме мың алғыс.

Жалпы кітаптарымды шығару үшін ешқашан демеуші іздеген адам емеспін. Тек бір кітабыма ғана әкемнің көзін көрген, рулас, ата жағымыздан туыс болып келетін Кенбаев Рахымжан деген кісі көмектесті. Өзі хабарласып: «Мен сен туралы естідім. Кітап шығарайын деп жатыр екенсің. Әкеңнің көзін көрген едім. Менен бір көмек болсын, кітабыңа демеуші болайын», – деген кезде қуанып кеттім. Телефон номерімді біреулерден сұрастырып тауып алған болса керек. Сөйтіп демеушілік жасап, «Сыр әлемі» атты кітабымды шығарып берді. Оның тұсаукесерін өзіміздің Төлеби ауданында өткіздік.

«ҚЫРЫҚТАН АСЫП, СТУДЕНТ БОЛДЫМ…»

Мектеп бітіргеніне жиырма жылдан асқан Арайлым Саттарова – бүгінгі күні  Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің бірінші курс студенті. Ол бұл ойдың бұрыннан болғанын айтады. Бірақ уақыт өткен сайын тартынып, бұл қалай болды деп келген екен. Десе де кәсіби білімнің түбі керек екенін түсінген ол кәсіби жоғары білім алуға бел буады. Көп балалы анаға «Балаларыңмен жағаласып, қай ойыңмен оқуға түспексің?» деп қарсылық танытқандар да аз болмапты. Тіпті жолдасы да әу баста оның бұл әрекетін бірден қоштай қоймаған, бірақ білімге деген шынайы ниетін байқаған соң бетін қайтармаған.

– Мен қара жұмысты көп істеген адаммын. Қолымнан не келеді, бәрін істедім. Ыдыс та, еденді де жудым. Жақсы ортаны да, жаман да ортаны, адамдардың пейілін де, мейірімін де көрдім. Кей жерлерден күліп шықсам, кей жерлерден жылап шықтым. Бала күнімнен суықта да, ыстықта да жүріп, ауырды да, жеңілді де көтеріп, жұмыс істегенім тағы бар. Мұның бәрі денсаулығыма әсер етті. Осылардың бәрін ойша сараптап әнім бар, өнерім бар адаммын  мәдениет саласында жұмыс істесем деп ниеттендім. Бірақ жолымды арнайы дипломымның болмағаны бөгеді. Ал бармақ басты, көз қыстымен жұмысқа тұру менікі емес.

Иә, «гитараны үйретіңіз», «домбыраны үйретіңіз» деп сұрап жатқандар да қаншама. Кейде балалардың өзі соны сұрайды. Үйрете қояйын десем, нота білмеймін. «Мынаны бас, мынадан кейін мынаны бас» деп үйрете салу түк те қиын емес, бірақ кәсіби түрде білім болмаған соң ертеңгі күні бір нәрсені қате үйретіп жіберсем, атыма сын емес пе? «Мынаны саған дұрыс үйретпеген ғой, кімнен үйрендің?» десе ол да жақсы емес. Сондықтан басқа түгілі өз балаларыма да ештеңе үйретпедім. Қазір өзімнің қызым арнайы гитара үйірмесіне қатысып, кәдімгідей нотамен үйреніп жүр.

Оның үстіне мынадай дамыған заманда «Әндерімді нотаны білмей шығардым деп отыра бермейін, артымда қалатын шығармашылық мұрамды кәсіби әрі сапалы түрде қалдырайын» деген ой келді. Сөйтіп кәсіби білімнің бәрібір керек екенін түсініп, қалайда оқу керек деп шештім. Оқуға түскеннен кейін де «Дипломды сатып ала салмадың ба?» дегендер аз болмады. Бірақ мен адал жолмен жүргім келетін адаммын. Дипломды сатып алсам, басымда білім жоқ, өзгелерге,  балаларға не беремін? Ел-жұртқа не айтамын? Ұят тірлік емес пе?

Группаластарымның барлығы өзімнің баламмен жасты десем де болады. Біреуі апай дейді, біреуі әпке дейді. Алдыңғы партаға отырып аламын. Кураторым өзімнен жас. Аудиторияға алғаш кірген мұғалімдер «Кураторсыз ба?» деп сұрайтын. «Жоқ, мен де студентпін» десем таңқалып жатады. Әйтсе де мұғалімнің алдында барлығымыз теңбіз, – дейді ол.

Арайлым Саттарова оқуға түсу үшін ел қатарлы ҰБТ тапсырған. Бірақ грантқа 8 балл жетпей қалғандықтан «Шешінген судан тайынбас» деп ақылы оқуға бел байлапты. Әңгіме барысында осы жасқа келіп, өрімдей жас балалармен бір партада отырып білім алудың да өз қиындықтары бар екенін де жасырмады:

– Отбасылы, балалы-шағалы, жасы қырықтан асқан адамға студент атанудың да өз салмағы бар. Шындап келгенде маған оқу ақысын табу да оңайға соқпайды. Қазір ауданнан күнде қатынап оқуымның өзі менің қалтама жеңіл түсіп тұрған жоқ. Оның үстіне бес баламыз бар, үлкенім мектеп бітіргелі отыр. Үйдегі тұрмыс-тіршілік, келім-кетім, өлім-жітім, той-томалақ деген тағы бар. Өзімнің шығармашылығымды да шетке ысыра алмаймын. Айналып келгенде осының барлығы қаражатқа келіп тірелетін заман. Әйткенмен осы істі бастадым ба, соңына дейін жеткізуім керек.

Осы тұста бір айтарым, мен секілді орта жасқа келсе де оқығысы келетін жандар қаншама. Сондай адамдарға материалдық жағынан ба, сабаққа қатысу жағынан ба, әйтеуір қандайда бір жеңілдіктер болса деймін. Грантта оқуға мүмкіндік берсе нұр үстіне нұр болар еді. Үкімет тарапынан мемлекеттік деңгейде осындай дүниелер қарастырылса, біз секілді  оқудан кеш қалғандар үшін керемет мүмкіндік болар еді, – дейді талантты ақын.

Оқу деп жүріп өнерден шеттеп қалмас үшін әрі азын-аулақ табыс көзі болсын деп бүгінде ол Түркістан облысы бойынша тойларға шығып тұрады екен.

БАБАДАН ҚАЛҒАН ДОМБЫРА

Әулетте атадан атаға өтіп, Арайлым Саттарованың қолына жеткен құнды мұра бар. Ол – бабадан қалған домбыра.

– Атам өз атасынан қалған осы домбырамен маған күй тартып беретін. Әсіресе мұңды күйлерді құйқылжытып тұрып тартатын. Ол кезде мен оқушы едім. «Осы күйді үйрен, мынаны тарт, мынаны тыңда» деп жанына отырғызып қоятын. Содан сол домбыра маған жетті. Менен алдын оны әкем ұстады. Ауылға келін түссе сонымен бет ашатын. Қазір ол домбыра үйде тұр, бірақ көп тартылмайды. Себебі ескі домбыра болған соң астыңғы жағында сынған тұсы бар. Ұсталарға беруге де жүрексінемін, бірдеңесін бүлдіріп қоятындай көрініп тұрады. Ағашына әкем «Арайлым» деп есімімді ойып жазып берген. Кешеге дейін сол домбыраны ұстадым, кейіннен өзіме сыйға келген домбыраға көштім. Бұл мен үшін қымбат қазына, атадан қалған ерекше мұра, – дейді біздің кейіпкеріміз.

2023 жылдың жазында Арайлым Саттарова бастаған топ гастролік сапармен Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай деген ауылға барып, кеш беріп қайтты. Бұл – Күләш Байсейітова апамыздың туған ауылы. Бұрын-соңды атын өзі естіп-білмеген Қазақстанның қиыр шетіндегі осы бір ауылға барып, концерт қойып қайтқан бұл жағдайды ақынның өзі тылсым дүниеге балайды:

– Намаздан кейін үнемі Күләш Байсейітова апамыздың әруағына Құран бағыштап жүретінмін. Содан Талдықорғанда жүргенімде мен өлеңіне ән жазған бір ақын аяқ асты хабарласып: «Осы жаққа келіп кеш беріңіз», – деді. Әйтпесе Қарағандыға барып концерт қоямын деп кім ойлапты? Қайта-қайта айтып қоймаған соң жаныма жазушы Бақтыгүл Ауданованы, әнші Гүлмира Диханбайқызын, ақын Сәнді Ақылайды ертіп, жолға шықтық. Сапарымыз өте сәтті болды, еш қиындықсыз барып қайттық. Көлік жағынан да қиналмадық. Аймақтық мәдениет бөлімінің басшылығы да бізді жақсылап күтіп, шығарып салды. Халық та өнерімізді жақсы қабылдады. Осыған дейін аяқ баспақ түгілі атын да естімеген Қызыларайға сапарымыз аяқ астынан ұйымдастырылса да, барлығы оңынан бола кетті. Осылай киелі топырақты басып, шалғайдағы ауылды көріп, Күләш апамыздың әруағына Құран бағыштап қайттық. Мен мұны Күләш Байсейітова апамыздың әруағының шақыртуы және ризашылығы деп қабылдадым.

 

P.S.: Бүгінде Арайлым Саттарованың алға қойған арман-мақсаты аз емес. Ол оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң мәдениет саласында тұрақты түрде қызмет етуді жоспарлап отыр. Осылайша еліміздегі мәдениет саласының өркендеуіне аз да болса үлес қосуды мақсат тұтады. Сонымен қатар жеке музыкалық мектеп ашсам, балаларға өз білгенімді кәсіби түрде үйретсем деген де ойы бар. Оған қоса шығармашылықтан шет қалмаған әкесінің өлең-жырларын жинақтап, кітап етіп шығару да алдағы күндердің еншісінде екенін айтады.

М.ИБРАЕВА