Еңбек адамы: ДРАМАТУРГ САЯ АПАЙДЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Мәдениет саласындағы «Еңбек адамы» тақырыбын қауза деп тапсырма түскенде қапілімде ойға орала қоятын кейіпкер бола қоя ма? Жоқ, әрине әнші-бишілер, сахнада жүргендер көп қой, дегенмен театр дейтін бекзада өнерге жанасып, әрі драматургия дейтін шығармаға араласып жүрген зиялы қауым өкілдерінен санаулы ғана. Оның ішінде де тек Шымкент қаласының өкілі болуы тиіс. Біз естелігін назарыңызға ұсынып отырған Сая Қасымбек апай сондай санаулы ғана мәдениет саласының мамандарының бірі. Бүгінде Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында драматург болып шығармашылық еңбектің ортасынды жүрген Сая апайдың өмір жолының өзі – тұнған драма екен. Олай болса, естелікке кезек берейік.

 ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ДРАМА

Кеше бір сайттан хабарласты. Қамаудан шыққан бір әйел жайлы пікір сұрады. Ол әйелді танымайды екенмін. Өзі мән-жайды айтып келіп,

– Апай, сіз, темірторда отырғаныңызды не себепті жиі жазасыз? «Отырғандар ешқашан жөнделмейді» дегенге не айтасыз? –деді.

Ауыр сұрақ…

Жауабым былай болды:

– Біріншіден, алаяқтықпен емес – қызмет бабымен, құжат негізінде сотталдым. Оның өзін дәлелдеуге қаржылық білімім жетпей сорладым. Ол – жауаптан қашқаным емес! Қаржы системасын білмеген адам, басшы болмауы тиіс. Мен, сол қателікке бардым. Демек, қолымнан келетін шығармашылықпен жүрудің орнына қолдан келмейтін іске ұрынғаныма өзім кінәлімін.

Екіншіден, фейсбук бетінде әжептеуір қаламгердің «отырып шыққанның бірде-біреуі түзелген емес» дегенін өзім де оқып, алғашында жауап жаздым… Бірақ, араға күн салып жауабымды алып тастадым. Қашқаным емес, санасы төмендерге жауап жазғаныма ұялғанымнан!..

Үшіншіден, біздің шіріген қоғамда тек жаманды көрудің қалыптасқаны сонша, сол қалыптан шыққысы келмейді. Ең жақын мысалы, кешелі бері ұйықтамайтынын айтқан әншіні әлемжеліден жазбағаны қалмады. Ал, ұлт деңгейінде мәселе қозғалса «мәу» демейді. Неге?..

Өре дегенімізге жәй ғана бір мысал ретінде айтайын. Сіз маған «Сотталғаныңызды неге айта бересіз?» дейсіз… Ал, сіздер, тағдыр талқысымен сотталғандарды, мәселен, шыққан соң қажырын қайрап, қоғамның белсенді мүшесіне… Керек десеңіз, «сотталмағандардан» оза шауып жүрген Джакишевті, сұрақ беріп отырған мені тым құрыса біреуіңіз жақсы үлгі ретінде бір рет айттыңыздар ма? Ешқашан айтпайсыздар! Себебі, қоғамға мықтылық керек емес! Сүрінгенді тепкілеген қызық… Әлігі «ешқашан түзелмейді» дегендер Джакишев екеуміздің орнымызда болса, ендігі үгіліп, қоғамға пайда келтірмек тұрмақ, сол жақтан сүйегі шығуы әбден мүмкін… Сүйегі шыққандарды көзіммен көрген адам ретінде айтамын. Жұмақ пен тозақтың қандай екенін білмеймін… Бірақ, тірімде тозақтың өтінен өтіп қойдым. Сіздер, «түзу адамдар», сүрінгенге күлгенді «мықтылыққа» балағанша, тозақтан сүрінбей өтіп, ұлтына үн қоса білгенге мойын созсаңыздар, қоғам санасында сілкініс туар ма еді?..

Өкініштісі, ол мүмкін болмай тұр. Мықтылықтың парқын керек болса, Джакишев секілді азаматтан үйреніңіздер! Мені үш жылға жуық, Джакишевті он бір жыл бойы қапаста ұстаған «заң», мемлекет заңында көрсетілген бес жеңілдіктің бірде-біреуін қолдандырмастан қамағанда бәлкім, көп мәселеде ұтылған болар, ол жағын ойладыңыздар ма?

Қызмет бабымен сотталған мен жеке қылмыспен сотталғандарды сараптауға, таразылауға қоғам ерінеді. Тіптен, қажетсінбейді де. Мәселен, бала зорлағанды әрі кетсе төрт жылға соттап, бір жылдан соң шартты түрде шығарып жатыр. «Тұлға» ретінде қалыптасқан мақұлықтың санасы небәрі бір жыл отырғанда өзгереді ме? Ол, әлсізді қинауға саналы түрде барды. Міне, осылар шын мәнінде жөнделмейді. Келесі құрбанын ойлаумен отырады.

 «КЕЗЕКТІ ПРЕМЬЕРАМ КҮНІ САХНАДА БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ ҚҰШАҚҚА ӘРЕҢ СИЯТЫН ГҮЛ СЫЙЛАП…»

Десе де, жеке қылмыстың да жазатайымнан болатыны бар. Қапаста отырғанымда айдай сұлу жас келіншек болды. Үш жасар қызы бар. Күйеуі наркоман бопты. Басын таяқтан ажыратпаған. Кетейін десе, «өзіңді қызыңмен қоса әке-шешеңді қырып кетем» деп қорқытқан. Наркоманның қолынан келетіне сеніп, жас келіншек бес жыл таяқтың астында жүрген. Картошка тазалап тұрған кезінде арқасынан тап берген күйеуінен қорғанамын деп, қолындағы пышағы күйеуінің жүрек тұсына тап келген. Заңда «өзін-өзі қорғану» деген бар, бірақ, бізде қолданылмайды. Соттаған тиімді. Сот жүйесі баласының наркомандығын айтып араша түскен ата-енесінің арызына қарамастан, артында сүйенері жоқ келіншекті соттаған. Енесі артынан кеп тұрды. Егер, шын мәнінде қылмыскер болса, ұлын өлтіргені үшін енесі келмес еді.

Біздің сот жүйесі қорғаны мықтыны ғана мойындайды. Ақшасы жоқтар еңіреп кете барады. Егер де, тап сол жерде, «ешқашан түзелмейді» деуші болса, не, сол келіншектің орнында қызы, қарындасы болса, не істер еді?.. Осыны зерттеп жатқан жан бар ма? Біздің қоғамның өресі ол деңгейге бұл жүзжылдықта жетпейді-ау!

Төртіншіден, атам қазақ «бес саусақ – бірдей емес» дегенді текке айтпаған. Басында «сотталу бабына байланысты» деп ем ғой. Мемлекеттік қызметкер мен көшедегіні арбап нан тапқан алаяқты салыстыруға болмайды. Ол әйел шыққан соң да жалғастырса, бәлкім, ақым кетті деп санайтын адамдарға өзінше доқ көрсеткені де болар. Адаптация кезеңінде «көше» адамдарында жиі кездесетін факт. Мемлекеттік қызмет бабымен сотталғанның олай доқ көрсеткенін, қателік жолын жалғастырғанын естіген, не көрген емеспін. Әлігі, «человек человеку рознь» деп орыстар айтпақшы, сотталғандар да бапқа байланысты бөлінеді. Оған «от тюрмы да, от сумы не зарекайся» дегенді де қосуыңызға болады. Кезінде менің сотталғаныма қуанғаннан жүрегі жарылғандардың оңғанын көрмедім. Кейбірінің тағдыры талқан болғандарын көріп, аядым. Қапастан шыққан соң да биік сахна төрінде Сая Қасымбек болғаныма іштей тәубемді айттым.

Бірде, кезекті премьерам күні сахнада бейтаныс әйел құшаққа әрең сиятын гүл сыйлап: «Сая апай, мен де сіз секілді қызмет бабымен сотталғанмын. Қапастың азабына шыдамай, өлетін жолды іздеп жүргенімде, қолыма «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сіз берген сұқбатыңыз түсті. Апай, егер сол сұхбатыңыз қолыма түспегенде тірі шығуым екіталай еді. Сіздің тағдырыңыздан жігерлендім. Апай, жігер тапқанға қапастан соң да өмір бар екен ғой?! Үш баламмен қауыштырып, қоғамға қайта оралтқан сізге алғысым шексіз. Сұқбатыңызды сол жердегі әйелдерге түгел оқытып, үмітін ояттым. Сіз – бізге өнеге болдыңыз, ажалдан аман алып қалдыңыз» дегенде, екеуміз қайта құшақтасып, жылап алдық.

«Оңтүстік Қазақстан» газетін сол жылдары Бактияр Тайжан басқарып тұрғанда марқұм Үмітхан Алтаева кеп сұқбат алып, газеттің сенбілік бетіне көлемді боп жарияланған болатын. Әйелдің айтқаны әрине, еш жерде жазылмады. Мен үшін жазылғаны маңызды емес те еді. Мен үшін тағдырмен күрес жолым бір адамды ажалдан арашалап қалса, текке өмір сүрмегенім деп санадым. Қуандым.

Бесіншіден, тағдырым үшін ешқашан ұялмаймын! Кісі нанын тартып жемедім. Құзға құлаған жерімнен – тұра білдім! Иә, сотталғаным үшін көп жерде есігім тұмсық алдымнан тарс жабылып жатады. Оған былқ етпеймін. Қайта, күлем. Себебі, мен – бостандықта жүрмін! «Мен өткен жолдан өтсе, не істер еді?» деп, пендешілігіне аянышпен қараймын. Сотталғанымды жиі айтсам, «көзім кеткенде артымнан бықсымасын, мықты болса, айтарын көзіме айтсын» деп, әдейі жазам.

Қанағаттандыңыз ба? -дедім.

Тырс етпей тыңдап отырған журналисім, ауыр күрсінді… Білмеймін, күткені бұндай жауап болмаса керек…

 

Естелік Сая Қасымбектің фейсбуктегі парақшасынан алынды