Жалпы, қазіргі қазақ қоғамында «жастар кітап оқымайды» деген түсінік қатып, семіп, тұрақтанып қалғаны рас. Осы бір жағымсыз құбылысты бұзу, жастардың арасында кітап бетін парақтайтын, кітап оқу мәдениеті бар ортасы қалыптасқанын көрсетуді мақсат етті ме екен, соңғы кездері «СЕНІҢ ОРТАҢ» деп аталатын жоба туралы жиі еститін болдық.
«СЕНІҢ ОРТАҢ» жобасы бейресми форматта, белгіленген бір уақыт ішінде әдеби жанрдағы кітаптарды оқып, оны тағы бір белгіленген уақытта ортаға салып, жастардың қалыптасқан ортасында талқылауды көздейді екен. Бұл жобаны өткізуді Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы қолға алған. Бастамашы да, іс-шараны ұйымдастырушы да өздері. Қала әкімдігі тарапынан қолдау болып тұратынын қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбектің жоба аясында өткен жиындардан бой көрсетіп тұратын күн тәртібінен аңғаруға болады.
«СЕНІҢ ОРТАҢ» жобасының кезекті бас қосуы өткен демалыс күндері Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан Әл-Фараби әмбебап кітапханасында өткізілген. Бұл туралы қаладағы Өңірлік коммуникациялар орталығының фейсбуктегі ресми парақшасы ақпарат бөліскен. Осы жолғы әдеби кітап талқылауына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, кітап сүйер жас оқырмандардың ой талқысына үн қатты.
Осы жолғы бас қосуда қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Сары қазақ» шығармасы талқыланды. Қатысушылар шығармадағы терең ойлар, жазушының айрықша стилі, шығарманың қазіргі қоғамға тигізетін ықпалы жөнінде пікір алмасып, маңызды тұстарды талқылау мүмкіндігіне ие болды.
Оқырманға тағы бір түсіндіре кетсек, «СЕНІҢ ОРТАҢ» жобасы қазіргі қазақ әдебиеті саласындағы маңызды мәселелерді көтеру арқылы оқырмандардың кітап оқу мәдени білімін арттыруды көздей отырып, қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын кеңірек таныту, әдеби талқылаулар арқылы қоғамда мәдени диалогты дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің маңызды шығармаларын кең аудиторияға таныстыру және әдеби талқылау арқылы қоғамдық пікірді қалыптастыруды көздейді.
Еске сала кетейік, өткен айдағы «СЕНІҢ ОРТАҢ» оқыған әдеби кітаптарды талқылау жобасында Дулат Исабековтің танымал «Сүйекші» шығармасының талқылауы өткен болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта да демалыс күндері бейресми форматта жалғасын тауып, жастардың рухани дамуына бағытталған мәдени іс-шаралар өткізілетін болады.
С.Дүйсебайұлы