ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
-
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының ұйымдастыруымен әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға аудандық прокуратура қызметкерлері, Мақтаарал АПБ-нің учаскелік полиция инспекторлары, аудандық пробация бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстелге төрағалық еткен судья Е.Сламбеков «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына Президент пәрменімен өзгерістер енгізілгенін айта келіп, аталған заң бойынша 15 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекске, 8 заңға толықтырулар енгізілгенін, бұл заң ағымдағы жылдың 16 маусымынан бастап қолданысқа енгізілгенін жеткізді.
– Атап айтқанда ҚК 108-1 және 109-1-баптар толықтырылған, яғни енгізілген екі бап, бұрын әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатын, қазір бұл санат жазасы күшейтіліп қылмыс санатына жатқызылып отыр. 108-1-бабының 1-бөлігі бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазасы белгіленген. Ал, осы баптың 2-бөлігінің тармақшаларымен жасалған қылмыс-бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Сонымен қатар осы кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі бойынша ұрып-соғу тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау –сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатын болды. Сондай-ақ осы баптың 2-бөлігінің тармақшаларымен жасалған қылмыс бір жүзден екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүзден екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не отыз тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады, деді судья Е. Сламбеков.
Іс-шара барысында талқыланып отырған мәселелер бойынша дөңгелек
үстелге қатысушылар толғандырған сұрақтарына жауап алды.