ЗАҢ ҚАТАЙДЫ, ЕРКІНСУГЕ ЖОЛ ЖОҚ
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық – еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Отбасындағы жанжалда зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асыпты. Ішкі істер министрлігі де соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдеп отыр. Әсіресе, пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен екен. Бұл көрсеткіштер елімізде жағдайды Заңмен реттеу қажеттілігін тудырды. Биыл жаңа Заң қолданысқа енді.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықты тек ұрып-соғу деп қана түсінбеу керек. Оның да бірнеше түрлері бар. Атап айтар болсақ:
– күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру;
– психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау не болмаса құқық бұзушылықтарды немесе өмірге, денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту;
– сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер;
– экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.
Аталған жағдайлардың барлығында да заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Сөйте тұра былтырдың өзінде елімізде құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан астам қоңырау түсіпті. Алайда олардың 60 пайызына полиция тиісті шара қолдана алмапты. Өйткені, тәртіп сақшылары оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан.
Қараңызшы, ғаламтор желісін ақтарып отырып, мынадай сұмдық мәліметтерге кез болдық. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, әр 7 минут сайын бір адам зорлық-зомбылықтың кесірінен қайтыс болады деседі. Ал тағы бір сұмдығы, әлемде әрбір үшінші әйел серігінің немесе басқа ер адамның физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылығына душар болады екен. Соңғысы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беріп отырған мәлімет.