ЗООБАҚТА МАЙМЫЛДАР ШАРАП ІШІП, КҮПӘЙКЕ КИЕДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының Зообағы қазіргі уақытта қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарайды. Бір жағы, мәдениет саласының мекемесі, әрі туристік нысан ретінде қарағанда, Шымкент зообағы туралы материалдар да көзімізге түсіп, оқырман назарына ұсынып отыруды құп көрдік. Әлеуметтік желіде Серік Алдан ағанының зообақ туралы естелік мақаласы жолығып еді…

Қыстың күні тақап қалғаннан ба, хайуанаттар бағындағы аң-құс еске түскені…

Маймылдар шарап ішіп, күпәйке киеді екен.

Қыс ерекше қарлы-боранды болғасын хайуанаттар бағындағы аң-құстарға алаңдадық. Сөйтіп, көзбен көріп хабар алуға барғанбыз.

Жалпы алғанда, хайуанаттар бағында қыстың қамы жасалған, аң-құстардың суыққа тоңып қалмауының жағдайы қарастырылыпты. Бәрі де жылы жерде өз тіршіліктерімен өздері шүйіркелесіп жүріп жатыр. Дегенмен біз хайуанаттар бағында өзіміз бұрын-соңды көрмеген тосын әрі қызықты жайларға кезіктік. Ондағы маймылдардың қысқы өміріндегі мынадай бір оқиғалар таң қаларлықтай. Әңгіме Шымкенттің хайуанаттар бағы жайлы.

Әрбір маймылға қан айналымы өзінің қалыпты қозғалысынан бәсеңсімеуі үшін шәугімнің шүмегінен шарап ішкізді. Олар шарапты кәдімгідей рахаттана сіміріп, қос қолдап ұстаған шәугімді оңайлықпен қайта бере қоймады. Хайуанаттар бағының күтушілері шәугімді тартқылап әрең алды. Ал тіскебасарға алма немесе шекер сіңдірілген асқабақ жеді.

Шарап ішіп алғасын маймылдар шуылдап, ары-бері қозғалды. Байқағанымыз, еркек маймылдар өздерінің ұрғашыларын бір-бірінен қызғанады екен. Мұнда Тәшкенбай, Гомадрил, Японка, Славик есімді маймылдар бар. Әңгіме Шымкент хайуанаттар бағы жайлы ғой.

Бұлардың әрқайсысының қылықтары әр түрлі. Тәшкенбай шараптан кейін кәдімгідей масаттанды. Бір өкініштісі, осы Тәшкенбай Пантелей деген маймылды ұрып өлтіріп қойған екен. Себебі ол Пантелейден өзінің қалыңдығын қызғанған дейді. Қалыңдығы көзіне шөп салғанын сезіп қалғанға ұқсайды. Пантелей Тәшкенбайдың қалыңдығынан өзге ұрғашы маймылдардың ешқайсысына пысқырып та қарамағанын хайуанаттар бағының мамандары айтады. Оны Ташкентке апарып, қалыңдық көрсетіпті. Бірақ ол бәрібір Тәшкенбайдың қалыңдығынан өзгені қаламаған. Қайтып келгеннен кейін өзі Тәшкенбайдан сырт айналып-ақ жүрген екен. Бірақ қалыңдығына жанасқаны ұр да жық Тәшкенбайдың көзіне түсіп қалған ғой. Аянышты-ақ.

Славик есімді он жасар маймыл ақылды екен. Хайуанаттар бағының қызметкерлері маймылдарға бір-бір күпәйке берген. Маймылдардың бәрі оны үстерінен шешіп алып түтіп тастайды дейді. Ал, Славик тура адам сияқты. Ол күпәйкесін тастамай, біздің көзімізше киіп жүрді. Егер ыстықтаса шешіп, қолынан тастамай сүйретіп жүреді екен. Ал, тоңа бастаса қайта киіп алады. Кейде ол күпәйкесін астына төсеп отыратынын айтады сол мекеменің адамдары. Ал, орнынан тұрғанда қайта киіп алады екен. Славик осы хайуанаттар бағында туып, тәрбиеленген. Ол да шарапты қылқыта жұтып алды. «Шараптан бөлек, олар банан, алма, қарақұмық, асқабақ, қант, ет, жұмыртқа, қырыққабат, және нан жейді, – дейді хайуанаттар бағы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Жеңіс Саймасаев, – Жүндері түсіп қалмауы үшін көкөніс өнімдерді, петрушка мен жұмыртқа береміз», -деп қосты.

Әні, зообақта маймылдар да шарап ішіп, күпәйке киеді екен.

 

Серік АЛДАН

Журналист