КІТАПХАНАШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАРҒА ҚАТЫСЫП ЖАТЫР
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің кітапханашылары халықаралық семинар, іс-шараларға да жиі шақырту алып, қатынасып жатады. Соның бірі, Беларусь кітапханалар қауымдастығының балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі Минск қалалық атқару комитетінің мәдениет басқармасының қолдауымен «Минск қаласының балалар кітапханаларының орталықтандырылған жүйесі» өткізген «Век живи-век читай: 100 лет Центральной детской библиотеке Минска» атты халықаралық семинарға онлайн форматта қатысқан. Бұл жөнінде қалалық Балалар кітапханасының фейсбук желісіндегі парақшасы ресми ақпарат бөлісіп отыр.
Бұл іс-шарада кітапханаларға қатысты өте маңызды мәселелер талқыланды. Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Сауғамбаева «Қазіргі мәдени кеңістіктегі балалар кітапханаларының рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
Жанар Иманқұлқызының баяндамасында қазіргі мәдени кеңістіктегі балалар кітапханаларының рөлі, балалар мен жасөспірімдерді оқуға деген қызығушылықты дамыту бойынша серіктестік жобалар, кітапханалардың қазіргі тәжірибесінде балалар әдебиеті қорларын қалыптастырудың жаңа тәсілдері, өскелең ұрпақтың патриоттық, рухани-адамгершілік тәрбиесіне жәрдемдесу тәрізді мәселелер бойынша ой қозғалды.
Екі елдің арасында тәжірибе алмасу мақсатында өткізілген тағлымы мол семинардың қатысушысы ретінде Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің директоры Сауғамбаева Жанар Иманқұлқызына «Халықаралық семинарға қатысқаны үшін» сертификаты берілді.
Айта кететін нәрсе, 2021 жылы Беларусь елінің астанасы Минск қаласында «Кітап адамдар мен елдерді біріктіреді» атты халықаралық көрме-жәрмеңкесі өткізілді. Аталған уақыттан бастап Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі мен Минск қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі екі жақты меморандумға қол қойылып, «Қазақстан – Беларусь: Достық көпірі» атты бағдарлама аясында тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп келеді.