КӨНЕ САЙРАМНЫҢ ҚОРҒАНЫС ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ҚАРАУЫЛТӨБЕЛЕРІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Көне Сайрам (Испиджаб) қаласының өркендеген ортағасырлық кезеңінде оның қауіпсіздік белдеуі қалыптасқанын осының алдындағы материалдарымызда атап өтіп едік. Әсіресе, ІX-XI ғасырлардағы Қарахандар қағанаты мен Саманидтер мемлекетіне қарған шағында қала қатты құлаш сермей, дами түсті. Бұл жайында ежелгі араб жиһанкездерінің жазған жолжазбаларында жан-жақты сипатталады.

САЙРАМНЫҢ ІШКІ БЕКІНІС ҚАБЫРҒАСЫНАН БӨЛЕК СЫРТҚЫ ҚОРҒАНЫС ҚАБАТЫ ДА БОЛҒАН

Сайрам қалажұртын зерттеушілер (П.П. Иванов пен М.Е. Массонды қоспағанда) тек Сайрамның шахристанын оған іргелес аумаққа назар аудармай сипаттады және сол негізде қорытынды жасады. Сайрам қалажұртының рабадтары зерттелмеген күйінде қалды. М.Е. Массонның рабадтарды зерттеуі жалғыз әрі алғаш рет визуальді жүргізілді. Ғалымның айтуынша, рабадтар Сайрамның сыртқы қабырғасының ішінде болған және солтүстіктен оңтүстікке қарай 4 шақырымға, ал батыстан шығысқа қарай 5 шақырымға созылып жатты.

П.П. Иванов пен М.Е. Массон Сайрамның сыртқы қабырғаларын тек оңтүстік жағынан зерттеді. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін мұндай қабырғаның ізі Сайрам ауылының солтүстік шетінде де болған. Оны көзімен көргендердің ақпарат беруіне қарағанда, қабырға Сайрамсудың жарқабақты жағасынан басталып, жоталардың үстімен өтіп, Сайрам ауылына іргелес аумақты солтүстіктен Мәртөбе арқылы айналып, бау-бақша учаскелерін іште қалдыра айнала өтетін еді. Жеке учаскелерде сақталған қабырғаның биіктігі 1,5 метрге жетті. Сайрамның осы учаскесінде 2018-2019 жылдары жүргізілген археологиялық жұмыстар қазіргі үстіңгі беттен 1,5-2 метр тереңдікте қалыңдығы екі метрге дейінгі ұзын қабырғалардың болғанын анықтады. Осылайша, IX ғасырда ұзын қабырғалардың құрылысы туралы жазбаша дереккөздердің мәліметтері расталды. Рабадтардың бұрынғы аумақтарына қазір ғимарат салынбаған, бірақ барлық жеріндегі учаскелерге бау-бақша егіліп, өңделіп кеткен.

Шахристанның бүкіл периметрі бойынша салынған стратиграфиялық қазба материалдарынан ұзын қабырғаның ішіндегі қоныстар X ғасырда қалыптасқаны анықталды. Толып жатқан құрылыстардың тығыздала түсуі шахристанға жақындаған сайын арта түседі және ол мәдени қабаттардың үлкен қабаты бары тіркелді. Орталықтан неғұрлым алыстап, шетіне жақындаған сайын, мәдени қабаттардың тығыздығы төмендей береді. Сонымен бірге, Испиджаб рабадтары қазіргі Сайрам кентінің аумағында тұрған магистральдық арналар бойында дамыды. Дәл осындай жағдай Сайрамсудың сол жағалауында, ауылға қарама-қарсы бетінде, өзеннің бойымен бес шақырымдай, ені бір шақырымға жуық қамтитын учаскеде де байқалды. Сайрамсудың сол жағалауындағы ауылға қарама-қарсы жүргізілген стратиграфиялық қазба материалдары бұл жерде рабадтардың XI ғасырдан, яғни Қарахан дәуірінен бастап дами бастағанын және сыртқы қабырғадан асып кеткенін анықтады.

Жазба дереккөздердің беретін мәліметі бір бөлек, ал сол жазылған мәліметтің археологиялық қазба жұмыстары кезінде нақтылана түсуі тіпті бөлек дүние. Сондықтан, Б.Ә. Байтанаев бастаған ғалым археологтардың жұмыстары кезінде біршама тарихи деректер дәйектеле түсті. Сайрамның Шахристанын қорғап тұрған ішкі бекінісі туралы ғалымдардың көбі мақұлдаған. Ал, сыртқы қорғаныс қабаты туралы түсінік Б.Ә. Байтанаевтың келтірген деректерімен Сайрам маңындағы Мәртөбе және Ұлықтөбе қалажұрттарын аршу кезінде беки түсті.

ИСПИДЖАБ ҚАРАУЫЛТӨБЕЛЕР ЖҮЙЕСІ ІХ-ХІ ҒАСЫРЛАРДА ПАЙДА БОЛА БАСТАДЫ

Сондай-ақ, Сайрамның шығыс жақ бетіндегі құрғап қалған Тассайдың ескі арнасын бойлай биік қырат үстін жағалай орналасқан «күзет мұнарасы» қызметін атқарған Қарауылтөбелерге жүргізілген қазба жұмыстары тек Сайрам мен Шымкенттің ғана емес, Қазақстанның Оңтүстігіне қатысты тарихи оқиғалардың өрбуін нақтылады.

Соның бір мысалы, Сайрам қалажұрты аймағында жүргізілген археологиялық зерттеулер моңғол әскерлерінің шапқыншылығына байланысты әскери іс-қимылдарды дәлелдеді. Сайрамнан шығысқа қарай төрт шақырым жерде орналасқан және X-XII ғасырлардағы Испиджаб бекініс жүйесінде бақылау бекеті қызметін атқарған Қарауылтөбедегі қазба жұмысы кезінде Сайрамға жасалған шабуылдан кейін жасалған болуы мүмкін сырттан келген әйелдер қорымдары табылды. Жерлеу рәсімі, қайтыс болғандардың заттары Саян-Алтайдың көшпелі тайпаларына кетеді, XIII ғасырдағы Таштық мәдениетінің материалдары арасында тікелей ұқсастықтары бар. Бұл өз кезегінде моңғол әскері құрамында Саян-Алтайдың түрлі тайпаларының қозғалысы болды деп дәлелді мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді.

Енді көне Сайрамның (Испиджаб) қорғанысына жауапты болған Қарауылтөбелерге жекелей тоқталайық. Мұндай төбелер саны орналасу жеріне қарай жиырма шақты екенін бағамдауға болады.

Сайрам-1 Қарауылтөбесі – X-XI ғғ. Сайрам тұрғын алабының орталығынан солтүстік-шығысқа қарай 4,5 шақырым жерде, Сайрам оазисінің солтүстігінде шектесетін Тассайдың биік жарқабақты жағалауында орналасқан. 2008 жылы «Испиджаб округі урбанизацияның пайда болуын және қалалық мәдениетінің даму динамикасын археологиялық зерттеу» жобасы аясында Б.Ә. Байтанаев жетекшілік еткен М.Әуезов атындағы ОҚМУ археологиялық экспедициясы ашқан және зерттеген. Ескерткіш – кең жайылып жатқан дұрыс пішінді конус тәрізді төбе. Табанының диаметрі шамамен 70 метр, биіктігі шамамен 6 метр. Солтүстік және солтүстік-шығыс беткейлерінде диаметрі 2-2,5 м қазылған шұңқырлардың іздері болды.

2008 жылы М. Әуезов атын. ОҚМУ экспедициясы ескерткіштің стратиграфиясын зерттеу мақсатында археологиялық жұмыстар жүргізді. Төбенің әртүрлі бөліктерін қамтитын барлығы үш траншея салынды. Бірінші траншея Қарауылтөбенің ортасынан бастап оның оңтүстік беткейін төбенің түбіне дейін кесіп өтті. Оның ұзындығы 20 метр және ені 2 метр болды. Екінші траншеяның өлшемі 6х2 метр, біріншісінің жоғарғы шетінен солтүстікке қарай қазылды. Төбенің шығыс жақ беткейінде көлемі 8х2 метр болатын үшінші барлау траншеясы салынды.

Негізгі траншеядағы төбенің мәдени шөгінділерінің сипаты өте қарапайым болды. Жұқа шым қабатының астында тығыздалған ашық-қоңыр топырақтың метрлік қабаты жатты. Бұл қабаттың астында тығыздала үйілген ашық-қоңыр топырақтың үлкен қалыңдығы жатыр. Төбенің ортасында үйінді қабатының қалыңдығы 3 метрге жетеді және ол көлбеу бойымен сүйірлене түседі. Төбенің төменгі бөлігіндегі IX-XI сатылары бойында тура сондай қара-қоңыр топырақтың үйінді қабаты жатыр, бірақ оған қарағанда қалыңдау, табанында тығыздала сыланған қабаттары бар.

Төбенің ортасында сол деңгей бойында тығыз қоңыр топырақтың біртекті қабаты бар, онда құмыраның мәнерлі емес бір фрагменті, сондай-ақ жануардың сүйегі кездесті. II-III сатылар деңгейінен жоғарырақта жекелеген алтын дақтар тіркелді. Дәл осы деңгейден X-XI ғасырларға жататын су тасымалына арналған құмыралардың, қазандықтардың және жылтыратылған ыдыстардың кішкене фрагменттері түрінде ұсынылған бірнеше археологиялық жәдігерлер кездесе бастады. Бұл заттар осы құрылымның пайдалануда болған соңғы кезеңін көрсетеді.

Траншеяның оңтүстік бөлігіндегі қазіргі күндегі бетінен 2 метр тереңдікте әлдеқайда кейін қойылған қабір табылды. Табылған қаңқа меридиан бойымен батысқа қарай сәл бұрып, жүзін жоғары қаратып қойылған (ұзындығы шамамен 150 см). Басының оң жақ жанына станокта жасалған кішкене құмыра қойылған, оның тұтқасы мен мойны сынған. Құмыраның үстінде жануардың түтікшелі сүйегі жатты. Қаңқаның аяқ жағынан әйел адамға арналған ер-тоқымның бөлшектері табылды, одан тек доға тәрізді қаптамалардың кішкене қалдықтары ғана қалған. Жанында үшбұрыш пішінді темір үзеңгілер және XIII-XIV ғасырлардағы Орта Азия мен Қазақстанның көшпенділеріне тән басқа да бұйымдар болды.

Дәл жоғарыда тоқталған археология ескерткішіндей нысан жаңағы Сайрам-1 Қарауылтөбесінен сәл қашықтау орналасқан. Оны да шартты түрде «Сайрам-2» деген атау беріліп, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бұл Сайрам-2 Қарауылтөбесі де IX-XII ғасырларға шамаланған. Сайрамтұрғыналабыныңорталығынансолтүстік-шығысқақарай3кмжерде, Тассайөзенініңежелгіарнасыныңбиік жайылмалы террасасыныңшетінде орналасқан.2019жылыА.Х. Марғұлан атындағы Археологияинститутыныңархеологиялықэкспедициясы(Б. А. Байтанаев) «Испиджабтыңкүзетмұнаралары»жобасын іске асырукезінде ашқанжәнезерттеген.

Ескерткіш шағын габариттерімен ерекшеленетін және негізінен IX-XII ғасырлардағы қорғанысты нығайту мақсатында орнатылған Қарауылтөбе күзет типіне жатады.

Жоспарда түбіндегі диаметрі 35-40 метр, биіктігі шамамен 3 метр болатын сопақша төбе, оңтүстік-шығыс бөлігі сәл бұрыла созылған, онда кішірек шұңқыр бар. Ортасынан кесе қарағанда трапеция тәрізді. Үстіңгі алаңқайдың диаметрі шамамен 10 метр. Солтүстік және солтүстік-шығыс беткейлері тік. Оңтүстік жайпаттау жағындағы үйінді үсті жыл сайынғы жер жырту кезінде бұзылады.

Ескерткіштің стратиграфиясына жүргізілген археологиялық зерттеулер жоғарғы платформаның бірнеше кезеңмен салынған қам кірпішті құрылым екенін анықтады. Құрылыс процесінде дөңгелек пішінді құрылымды қалыптастыру үшін нығыздау жұмыстары атқарылған. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батыс бағытында салынған бойлық шурф үйіндінің неғұрлым кеңейген құрылымын көрсетті. Жоғарғы қабаттың үстінен үйіндінің рельефін қайталайтын саз балшықты жабын жасалғаны тіркелді.

Ескерткіштің оңтүстік іргесіне салынған қазба 1,2 метр тереңдікте Испиджабтың шығыс-батыс бағытындағы «ұзын қабырғасының» бір бөлігін ашты. Ол кесіндіде трапеция тәрізді, ені 2 метр және түп жағында ұлғаяды. Қарауылтөбеге қабырға оның екі жағындағы ландшафттың айтарлықтай биіктеуімен жалғасып жатты. Солтүстік жағында қабырға тік, оңтүстігінде жайпаттау. Бұл IX ғасырда саманид Нух Ибн Асадтың бұйрығымен салынған «ұзын қабырғаның» үзіндісі екені анық.

Табылған азғантай археологиялық материалдың негізгі бөлігі – X-XII ғасырлардағы суармалы және суарылмайтын ыдыс-аяқтардың фрагменттерімен ұсынылған керамика. Мәнерлі материал ішінде диск тәрізді науасы бар ақ фонды тостаған сынықтары, қоңыр түсті ангоб іздері бар құмыраның түбі болды. Қарауылтөбе маңындағы аумақта, ашылған қабырға учаскесінен жебе ұштары, пышақ және шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы заттар түрінде көптеген темір бұйымдардың табылған материалы жиналды.

Темір жебе ұштарының кешенінде көлемі және массасымен ерекшеленетін жапырақты сауыт бұзғыш және үш қырлы түрлері бар. IX-XII ғасырларда қолданыста болған ромб секілді және үшбұрышты етіп тұтас құйылған сауыт тесетін ұшы бар үлгілер де болды.

ҚАРАУЫЛТӨБЕЛЕР ЖҮЙЕСІ БАДАМ ӨЗЕНІ АҢҒАРЫНДА ДА БАР

Сайрам маңындағы Қарауылтөбелер жүйесі тек ескі қаланың шығыс жақ бетінде ғана емес, батыс жақ бетінде де орналасқан. Батыс беттегі Сайрам оазисінің қауіпсіздігіне жауап берген күзет төбелері Бадам өзенінің сол жақ бетіндегі биік қырат үстінде орналасқан. Қазіргі Бадам суқоймасы мен Маятас тұрғын алабының ортасында тұрған шошайған төбелер солардың қатарына жатады.

Оның бірін шартты түрде «Бадам-3 Қарауылтөбесі» деп атап, қарауылтөбелер жүйесімен бірге зерттеу нысаны қатарына қосады. Дегенмен, Бадам-3 Қарауылтөбесінің мерзімделуі алғашында I-IV ғасырларға жатады деп топшыланды. Бадам өзенінің сол жағалауындағы биік жота үстінде, Бадам суқоймасынан шығысқа қарай 400 м жерде орналасқан. Алғаш рет 1979 жылы Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отрядының экспедициясы (А.Н. Подушкин) арқылы анықталып, зерттелген. Сақ дәуірінің патша типіндегі қорғаны ретінде талданған.

Ескерткіш 2019 жылы А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Б.Ә. Байтанов бастаған археологиялық экспедициясы тарапынан «Испиджабтың күзет мұнаралары» жобасы аясында қайта зерттелді. Жаңа зерттеулер нәтижесінде бұл ескерткіш Карауылтөбе типіне жатқызылып, I-IV ғасырлар деп мерзімделген. Ескерткіш жоспарында дөңгелек, көлденең қимасында трапеция тәрізді төбе түрінде. Ең тік беткейі – солтүстік жағында. Негізгі диаметрі 60 метр, биіктігі 5 метр, үстіңгі алаңның диаметрі шамамен 10 метр құрайды. Төбенің бетінде триангуляциялық пункт орнатылған. Қазба жұмыстары жүргізілмеген.

 ҚЫЗЫЛСУ АҢҒАРЫНДАҒЫ ҚАРАУЫЛТӨБЕЛЕР

Испиджаб өңірінің қарауылтөбелер жүйесі қазіргі Сайрам тұрғын алабының шығыс жақ бетінде 5 шақырымдай қашықта арнайы тізбек құра орналасты. Күзет үшін үйілген төбелердің бұлай орналасуының себебі, Испиджаб өңірі саманидтер империясына қараған тұста шығыс тараптан келетін жауынгер түркі руларының қаупін алдын алуды мақсат еткен болатын. Сондықтан, арнасы құрғап қалған ежелгі Қызылсу өзені арнасын шеп құра Қарауылтөбелер тізбегі орналасты.

2019 жылы А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы (Б.Ә. Байтанаев) «Испиджабтың күзет мұнаралары» жобасын іске асыру кезінде ашты және зерттеді. Аталған жоба аясында осы учаскеде бірнеше Қарауылтөбе ашылды, олар бір-бірінен үлкендігі, орналасқан жері секілді әртүрлі параметрлермен ерекшеленеді. Қызылсу Қарауылтөбелерінің сериясы алты күзет пунктінен тұрады. Олар солтүстікке қарай созылып жатқан құрғақ өзен арнасының бойында орналасқан.

Кызылсу-1 Қарауылтөбесі – Қызылсу тұрғын алабынан (Сайрам тұрғын алабының шығыс жақ бетінде орналасқан елді мекен, Шымкенттің Қаратау ауданына қарайды) оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жерде, Қызылсу арығының сол жақ жайылма террасасында, биік жарқабақты беткейде орналасқан. Ескерткіштердің айналасындағы барлық дерлік аумақ жыртылған.

Біріншісі – Қызылсу-1 Қарауылтөбесі, жоспарда дөңгелек пішінді және оңтүстік бағытқа сәл созылған. Ортасынан кесе қарағанда трапеция тәріздес. Диаметрі 30-35 метр, биіктігі 3 метр, үстіңгі алаңқайдың диаметрі 6 метр. Қазба жұмыстары жүргізілмеген. Алдын-ала мерзімделуі – IX-XII ғасырларға жатқызылды.

Қызылсу-2 Қарауылтөбесі. Қызылсу арығының сол жақ жайылма террасасында, жарқабақтың дәл шетінде, Қызылсу-1 Қарауылтөбесінен оңтүстік-шығысқа қарай 360 метр жерде орналасқан. Жоспарда сопақша пішіні бар, түбінен диаметрі шамамен 25-35 метр. Биіктігі 2,8 метр. Кесіндіде ескерткіш трапеция түрінде болады. Үстіңгі алаңқайдың диаметрі 6-7 метр. Солтүстік жақ беткейі тік, жарқабақтың шетіне жақын орналасуына байланысты үйіндінің табиғи бұзылу іздері бар. Қазба жұмыстары жүргізілмеген. Ұқсастықтар бойынша алдын-ала мерзімделуі – X-XII ғасырлар.

Қызылсу-3 Қарауылтөбесі де X-XII ғасырларға жатады. Қызылсу-1 төбесінен солтүстік-батысқа қарай 500 м, сондай-ақ, Қызылсу арығының сол жақ жайылма террасасында, өзі аттас елді мекеннен оңтүстік-шығысқа қарай 800 метр жерде орналасқан. Ескерткіш ескі өзен аңғарының өте биік белгісінде орналасқан. Оның дөңгелек пішіні бар, солтүстік жағы тік және оңтүстік беткейі жайпаттау. Кесіндісінде трапеция тәрізді пішінді. Түп жағындағы диаметрі 35 метр, биіктігі 3,2 метр. Үстіңгі алаңқайдың диаметрі шамамен 7 мтер.

Ескерткіштен солтүстік-батысқа қарай 100 мтер жерде диаметрі 20-25 мтер, биіктігі 2 метр болатын оба үйіндісі бар. Үйінді бұзылған, орталық бөлігінде шұңқыр бар, солтүстік және оңтүстік бөліктері аумақты жырту процесінде ішінара бүлінген. Испиджабтың Қарауылтөбелерін зерттеулері көрсеткендей, Қарауылтөбенің кейбір күзет түрлері оба топтары кешені ретінде тіркелген. Олар обаның үйіндісін ұлғайту арқылы сигнал беру нүктесі ретінде екінші рет қолданылған болуы мүмкін. Қызылсу-3 төбесі жанында обаның болуы осы учаскеде оба тобы орналасқанын айғақтайды.

Қызылсу-3 Қарауылтөбесінде жоғарыда аталған жоба аясында қазба жұмыстары жүргізілді. Оның солтүстік бөлігіне стратиграфиялық шурф салынды. Шурф профильдерінде қалыңдығы 0,5 метрден VII сатыға дейін ауыспалы қабаттары бар төсемдер тіркелген. Бірінші қабат жұқа (0,1-0,2 метр) тығыздалған ашық-қоңыр саздан тұрады, одан төменде ашық сазбен араласқан қара-қоңыр реңкті қабаттар жатыр. VII және IX сатыға дейін орташа тығыздықтағы ашық-қоңыр топырақ бар.

Шурфта ортағасырлық кезеңге тән қыш ыдыс дайындайтын шарықта жасалған су тасуға арналған құмыраның бүйір қабырғасының бір ғана сынығы кездесті.

Қызылсу-4 Қарауылтөбесі – Қызылсу елді мекенінен оңтүстікке қарай 500 метр жерде, Қарауылтөбе-3 қатарында орналасқан. Жоспарда дөңгелек келген төбе, кесіндіде трапеция тәрізді. Түбіндегі диаметрі 35 метр, биіктігі 2,5-3 метр. Ең тік беткейі солтүстік жағында. Үстіңгі жағында диаметрі шамамен 7 метр болатын алаңқай бар. Жайпаттау оңтүстік бөлігінде үстіңгі қабатын жырту іздері байқалады. Ескерткіштің солтүстік-батысында кірпіш күйдіретін зауыт орналасқан, оның қоршауы ескерткіштің қорғау аймағынан өтеді.

2019 жылы зерттеу жұмыстары кезінде ескерткіштің солтүстік шетінде стратиграфиялық шурф салынды. 1,5 метр тереңдікке дейін борпылдақ ашық-қоңыр топырақ жатыр. III саты деңгейінде қалыңдығы шамамен 0,2-0,25 метр болатын тығыз саз балшықты жабын, оның астында ескерткіштің осы түріне тән әр түрлі тығыздық пен қалыңдықтың ауыспалы қабаттары жатыр. Шурфтағы төменгі қабаттар оба үйіндісінің құрамына жатады деп болжау керек, бұл орташа тығыздықтағы қоңыр топырақтың біртекті қабаты.

Қызылсу-4 Қарауылтөбесінің қабаттарында керамикалық ыдыстардың сынықтары табылды. Бұл жақсы дайындалған сазды және керамикалық ыдыс даярлайтын шарықта жасалып, біркелкі күйдірілген бір құмыраның бүйір қабырғасының сынықтары мен түбі. Екінші фрагмент – IV сатыдан табылған құмыраның бүйір қабырғасы. Керамиканың сазы мен өндіріс техникасына қарағанда ортағасырлық кезеңге тән. Ұқсастықтары бойынша алдын-ала мерзімдеу X-XII ғасырларға жатқызылды.

Қызылсу-5 Қарауылтөбесі. Қызылсу-4 Қарауылтөбесінен батысқа қарай 250 метр жерде, жарқабақтың шетіне жақын орналасқан. Бұл Қарауылтөбе кішкентай, дөңгелек пішінді. Іргесіндегі диаметрі небәрі 25 метр, биіктігі 1,5 метрден аспайды. Ескерткіштің үйіндісі жыл сайын, әсіресе оңтүстік жағы шөгіп барады, сондықтан ол бұрынғы биіктігін жоғалтқан. Бұл Қарауылтөбе өзге де қарауылтөбелердің бөліктерімен бірге аймақтың қауіпсіздігін жақсарту үшін аралық сигнал беру пункті ретінде қызмет еткен күзет типіндегі төбелер жүйесіне жатады. Өйткені, бұл позициядан округтің оңтүстік-батыс жағы анық көрінеді. Қазба жұмыстары жүргізілмеген. Алдын-ала мерзімдеу X-XII ғасырларға жатқызылған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Т.I. – Южно-Казахстанская область. – Алматы, 1994.
  2. Байтанаев Б.А., Ергешбаев А.А. Стратиграфия и хронология Караултобе Сайрама // Кадырбаевские чтения-2010 – Материалы II международной научной конференции. – Актобе, 2010. – С.124-128.
  3. Байтанаев Б.А., Ергешбаев А.А., Шаяхметов А.Х., Бейсенов Н.Б., Сулейменова Ж.Ж., Байтанаева А.Б., Байтанаев Е.Б. Исследования фортификационных сооружений Испиджабского округа в 2019 году // Материалы международной научно-практической конференции Маргулановские чтения – 2020 «Великая Степь в свете археологических и междисциплинарных исследований». — Алматы, 2020. – С.320-335.
  4. Волин С. Сведения арабских, персидских и тюркских источников IХ-ХVI вв. о долине р. Талас и смежных районах // Материалы и исследования по археологии Казахской ССР. – Т.I: Труды Семиреченской археологической экспедиции: Таласская долина. – Алма-Ата, 1949. – С.174-197.
  5. Байтанаев Б.А., Антонов М.А., Ергешбаев А.А., Шаяхметов А.Х. Сторожевые «башни» Испиджаба в археологической картографии // Учен. зап. Казан. ун-та. Сер. Гуманит. науки. – 2020. – Т. 162, кн. 3.