Шымкент қалажұртында жүргізілген 2003-2020 жылдар аралығындағы археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде Ескі қалашықты ашық аспан астындағы музейлендіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 2021 жылдың 1-ші мамырында «Шым қала» тарихи-мәдени кешені» деп аталып, келушілерге есігін ашты.
Сол қазба жұмыстары кезінде 2019 жылы бір қызықты оқиға орын алды. Қалажұрттың шығыс жағындағы қапталдан қаланың жерасты бөлігі табылған. Музейлендіру кезінде бұл жерасты бөлігі де қамтылып, қазіргі таңда «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің көру залдарының қатарын толықтыра түсті. Бүгінгі мақалада осы көне қаланың бекінісінің шығыс қапталынан табылған жәдігерлерді тілге тиек етпекпіз.
БЕКІНІСТІҢ «ШЫҒЫС» МҰНАРАСЫ
Қамалдың қорғаныс қабырғасына жапсарлас салынған «Шығыс» мұнарасының өзіндік тарихы сақталған. Бұл – жаугершілік заманда қала халқына қауіп төне қалған жағдайда жаудан қорғану қызметін атқарған бекіністің жерасты құрамдас құрылысы болды.
Оның үстіңгі бөлігі қорған сыртын бақылап отыру, алыстан келе жатқан қауіптің алдын алу мақсатында тұрғызылған мұнара болып, оған дайындық белгісін беретін қарауылдық қызметін атқарған. Мұнара жолды бағдарлау мен жауды бақылау үшін және келе жатқан жауға қарсы шабуыл жасау үшін де пайдаланған.
Бүгінгі таңда мұнараның тарихи маңызы ашылып, өзіндік сәулеттік құрылысымен «жерасты бекінісі» экспозициясы жасақталған. Мұнда қару-жарақтар мен зеңбірек үлгілері орын алған. Бұл «Жерасты экспозиция залында» 249 жәдігер жабдықталған көрме залы бар.
«ҚҰТҚаРУ САТЫСЫ»
«Шығыс» мұнарасы мен «Жерасты бөлігі» арасын жалғап жатқан баспалдақты көтерілу-түсу құрылымы бар. Бұл саты «Құтқару сатысы» деп аталады. Аталу себебі мына аңызға байланысты туындаған:
– Жаугершілік заманда жергілікті халыққа жау шауып, шабуыл барысында жарақаттанған жауынгерлерді емдейтін, сауықтыру-құтқару үшін арнайы жабдықталған қауіпсіздігі жан-жақты ескерілген арнайы орын болды. «Құтқару баспалдағымен» жерасты өткеліне түсіп, жан сақтаған. Жауға төтеп бере алмаған кезде шахристан және рабат тұрғындары да осы саты арқылы жертөлеге түсіп, пана еткен.
«ҮМІТ ШЫРАҒЫ»
Жерасты бөліктің ішінде жертөленің қабырғасын жағалай май шамдар орнатылған. Бұл шырақтар жертөлені бір жағынан жарықтандыруға арналса, екінші жағынан жаудан бой тасалап, қорғаныс жертөлесінде жасырынып отырған тұрғындардың үмітін жағатын психологиялық көмек қызметін атқарған. «Үміт шығарағы» деп аталу себебі де сондықтан.
«Үміт шырағы» – жаны қиналып, жарақаттынып, зардап шеккен халыққа үміт сыйлайтын орын болған. Арнайы дәрілік ыдыстарда, дәрілік шөптерден жасалған дәрі-дәрмектерді сақтап, жарақатанған адамдарға алғашқы көмек көрсетіп, емдік шаралар жүргізіп, сауықтыру жолдарын жасаған.
Сонымен қатар, ауырып, әлсіреген адамдарға күш-қуат жинау үшін, арнайы азық-түліктермен де қамтамасыз етілген.
ЖЕРАСТЫ КӨРМЕ ЗАЛЫНДАҒЫ ЖӘДІГЕРЛЕР
2019 жылғы қазба жұмыстары кезінде бекіністің жерасты бөлігі табылды дедік. Қазіргі таңда бұл жертөле музейдің көрме залына айналған.
Көрме залынан XV-XVI ғасырлардағы керамикалық ыдыстар, яғни леген бөлшектері, май шам, сиясауыттарды көруге болады. Бұл ыдыстар саз балшықтан жасалып, көк, қоңыр, жасыл түспен боялған. Сфероконус 12 ғасырларда алхимиктердің зертханаларында сұйықтық, иіс сулар, дәрі – дәрмектер дайындауға және тасымалдауға пайдаланылған. Ал сиясауыттар өз кезеңінде жазуға арналған сұйықтық, яғни сия құюға арналған ыдыс. Қыштан және теріден жасалған құмыралар – үй тұрмысында азық, дәнді дақылдар сақтауға, сұйықтықтар құюға арналған.
Бұл жерасты бөлігінен жерасты жолының да ізі байқалған. Өз кезеңінде, жер асты бекінісінің бұрышындағы Исфиджабқа (Сайрамға) қарай апаратын жерасты жолын пайдаланыпты деген дерек бар.
ШАХРИСТАННЫҢ ШЫҒЫС БӨЛІГІНДЕГІ АРТЕФАКТІЛЕР
«Шығыс» мұнарасы мен «Жерасты көрме залына» жақын, іргелес орналасқан Шахристанның шығыс бөлігі бір тақырып аясында қамтылады. Мұндағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде ХVII-XVIII ғасырларға тән мәдени қабаттар ашылды. Қазба жұмыстары кезінде ортасындағы ені 3 метрге жуық көшесі бар тұрғын кварталдардың сырт пошымы белгілі болды. Бөлмелердің көбісінде сыпасы бар, тандырлар, закрома, хұм, хұмшалар кездеседі.
Сонымен қатар, құмыра шеберлерінің бөлмесі мен құмыра күйдіретін пеш табылды. Бөлмелердің табалдырығында қара тастар орналасқан, бұл есіктің жақтауының астына қойылған болуы мүмкін. Әр бөлменің бұрышында ташнау орналасқан. Ташнау, бұл – қалдық суларды төгетін жер.
Осы бөліктен құдық та табылды. Құдықтың беті үлкен таспен бекітілген екен. Қазіргі таңда Шахристанның шығыс беткейі уақытша консервацияланған. Болашақта музейлендіру жұмыстары жалғасын табады деген үміттеміз.