МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРГЕН ЖАСТАРДЫҢ «МЫҢ ЖҮЙРІК» БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

«Мың жүйрік» деп аталатын этнос балаларының қатысуымен өтетін республикалық  байқау қорытындыланып, биыл төртінші мәрте өз мәресіне жетіп отыр. Бұл жобаны Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жыл сайын ұйымдастырып келеді.

Бұл жоба Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің мемлекеттік тілді насихаттау туралы тапсырмасына орай өтіп отыр. Жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасуына ықпал ету, Қазақстандағы этнос өкілдері балаларының қазақ тілін білуге деген құлшынысын арттыру мақсатында ұйымдастырылып келеді.

Байқау шартына сәйкес, сайысқа қатысуға ниет білдірген этнос өкілдерінің балалары қазақ тіліндегі ертегілермен танысып, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын және өзі туып-өскен өлкесін қазақ тілінде таныстыруы тиіс. Таныстырылымын бейнетүсірілім етіп жасап, ол материалын жолдау арқылы байқауға қатысуға өтініш тапсырады.

Мемлекеттік тілді үйреніп, меңгеруге арналған ағартушылық жобаға республика аумағында тұратын 600-ге жуық этнос балалары қатысып, ережеде көрсетілген талаптарға сай 4 бағыт бойынша өз өнерлерін ұсынған. Қазылар алқасы қатысушы үміткерлердің өнерін жан-жақты сараптай келе, олардың ішінен ережеге сай келетін 10 баланы таңдап, жүлдеге ұсынды.

– Биыл «Мың жүйрік» ағартушылық байқауықаламызда төртінші рет өткізіліп жатыр. Жобаға қызығушылар саны жылдан-жылға саны артып келеді. Мәселен, 2021 жылы байқауға 100-ге жуықжасөспірім қатысса, 2022 жылы 300 бала, ал, 2023 жылы олардың саны 575-ке жетті. Осы байқауға қатысуға ниет білдірген жастарымыздың саны осы жылы 600-ден асып отыр. Байқау 4 бөлім негізінде ұйымдастырылды. Қатысушылар «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағылымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым»тақырыптары бойынша сынға түсті,-дейді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұркен Әлімқұлов.

Қатысушыларды іріктеу 12 қараша – 4 желтоқсан аралығында онлайн-форматта өткен. Жоба республикалық болып саналатындықтан, оған еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі жастағы балалар қатысуға өтініш білдірген. Қазылар алқасының шешімімен Жамбыл облысы, Жуалы ауданы «Нұрлы ұрпақ» балалар бақшасының тәрбиеленушісі Карина Ефремова жүлделі І орынға ие болды.