МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ АЛЫП ТУ КӨККЕ КӨТЕРІЛДІ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы

Ұлттық мереке Республика күніне орай Шымкент қаласында жаңа қаланың жаңа алаңында салтанатты түрде Мемлекеттік туды көтеру рәсімі атқарылды. «Shymkent City» шағын ауданындағы «Tulip Hall» көпбейінді орталығының алдындағы алаңқайға тігілген ту бағанының биіктігі 100 метрді құрайды.
Осылайша, шаһардың көптеген нүктелерінен соққан желмен желбірей көрінетін жаңа символ пайда болды. Бұл символ еліміздің бірлігіне үдндейді, жастардың патриоттық сезіміне күш беретіні сөзсіз, Ту бағанының биігіне ілінген байрақ көлемі 30×15 метр, үлкен ту қаланың жаңа бөлігінің үстінде, ең биік нүктесінде желбіреп, патриотизмнің жаңа белгісі мен символына айналды. «Tulip Hall» орталығының жанына флагшток орнату бұл жерді жаңа көрнекті орынға айналдырды.
Салтанатты ту көтеру рәсіміне үшінші мегаполистің әкімі бастап, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, атақты спортшылар, БАҚ өкілдері және қаладағы жастар қауымы қатысты. Қала тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтаған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Tulip Hall» кешенінің жанында орналасқан жаңа мақтаныш пен бірлік нышаны қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір көрікті мекенге айналатынына тоқталып, тебіреніспен атап өтті.
Жаңадан орнатылған флагштоктың биіктігі 100 метр дедік, бұл «Ордабасы» алаңындағы биіктігі 50 метрлік флагштоктан екі есе биіктеп, асып тұр. Бұл Шымкент қаласының серпінді дамуын және қаланың жаңа биіктерге ұмтылуын көрсетеді дейді мамандар.
Шымкент тұрғындары мен қонақтары атап өткендей, жоғары көтерілген көк байрақ барлық ел азаматтарын бір тудың астына біріктіре отырып, ерекше бірлік пен мақтаныш сезімін тудырып, баршаны елжндылық мақсатқа жұмылдыра жинайтындай әсер қалдырады.
Айта кететін нәрсе, дәл осындай ту көтеру рәсімі Астанада Ақорда резиденциясында, Алматыда «Медеу» мұз айдынында, сондай-ақ, еліміздің бірқатар өңірлерінде де атқарылып өтті. Шымкенттегі алып ту көтеру рәсімі сол дәстүрлі салтанатты жиындардың басында тұрған елеулі ірі шаралардың қатарында болды десек, қателеспеспіз.
С.Дүйсебайұлы
Көрнекі фотосурет ашық интернет көздерінен