МУЗЕЙДЕ «ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК «Ерлік музейі» бөлімі қаладағы С.Рақымов атындағы Әскери колледжі ұжымымен бірлесе отырып, еліміздің Тәуелсіздік мерекесі және «Желтоқсан оқиғасына» орайластыра «Желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы» атты іс-шара өткізді. Шара кезінде жастар мен «Желтоқсан оқиғасының» батырлары арасында еркін форматта кездесу болды, арнайы жасақталған көрме қойылды.

Іс-шараның өзектілігі жағынан 1986 жылдық желтоқсанының қаһарлы күндерінен бері көп уақыт өткенмен, саяси бас көтеру оқиғасы ұмытылған жоқ, керісінше, терең түсініліп, маңызы артып келеді. Сол кездегі жастардың көздеген мақсатын өскелең ұрпаққа жеткізуді көздейді. Сондай-ақ, бұл жиын қазақ жастарының демократияға ұмтылысының үлгісінің тарихымен таныстыру, жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру және қазақ халқының өткен тарихына құрмет көрсетуді мақсат еткен.

Шараға «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысының» РҚБ Шымкент қалалық филиалы төрағасы Гулмира Болатқызы Оспанова, және сол қоғамдық бірлестіктің мүшелері Жәнібек Жұмабайұлы Нарбаев, Ниязбек Нұрмаханбетұлы Наханов, Нүрлан Әбеновтер шақырылып, олар жастармен кездесті.

Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы Әскери колледжінің музей меңгерушісі Эльмира Балабекова іс-шарада модераторлық жасады. Жиынды «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының мүшесі, «Желтоқсан оқиғасына» қатысушы, «Шапағат» орденінің иегері Ермаханов Балабек Нысанбекұлы ашып берді.

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК «Ерлік музейі» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері А.Бердіқұлова «Желтоқсан оқиғасы» туралы баяндама жасады. Музей қорындағы жәдігерлерден арнайы жылжымалы көрме жасақталды. Іс-шараға С.Рақымов колледжінің Ұландары қатысты. Шарада колледж Ұландары және оқушылар сарайының өнерпаз оқушылары өз өнерлерін көрсетті. Желтоқсан батырлары өз естеліктерімен бөлісті.

Шараны «Ерлік музейі» бөлімінің меңгерушісі Г.Джаксыбекова қорытындылап, «Желтоқсан оқиғасының» батырларына музей атынан сый-сияпат жасады, белсенділік танытқан оқушыларды алғыс хатпен марапаттады. Марапаттау шарасына С.Рақымов атындағы Әскери колледжінің бастығы полковник  Мақсат Есалыұлы Ақшалов та қатысып, колледж атынан өз сый-сияпаттарын тапсырды. Іс-шара соңында музей экспозициясы бойынша экскурсия тыңдап, көрмемен танысты.

Осы орайда, «Желтоқсан оқиғасы» деп айдарланған тарихи құбылыс жайына аз-кем тоқталып, айта кетейік. Ресми түрде 1986 жылғы 16, 17, 18 желтоқсан күндері «Желтоқсан оқиғасы» делінетін тарихи белесте қазақ жастары билеуші партияның өктем озбырлығына қарсылық танытып ереуілге шыққан еді. Өкіметтің оны дөрекі түрде басып-жаншуы барысында ереуіл ушығып, саяси көтеріліс дәрежесінде өрістеді және тарихта терең із қалдырды. Сол дүрбелеңді күндерде Кеңестер Одағының тұғырын шайқалтқан, тоталитарлық мемлекетті ыдыратып, құрамындағы одақтас республикаларды жеке-жеке, дербес мемлекеттерге – тәуелсіз мемлекеттілікке ұмтылтқан жаңа тарих бастау алды. Теңдессіз оқиға осылай туды. Билеуші топтың Кремль шешіміне құлақкесті құлша мойынсұнуын мойындамаған қыз-жігіттер жасаған бейбіт демонстрация лезде еш баламасы жоқ саяси көтеріліске ұласты.

Содан бері отыз сегіз жыл өтті. Көтеріліске бес жыл толғанда Қазақ Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Оған да отыз екі жыл болды. Аз уақыт емес. Алайда, алғаш рет 20-сыншы жүзжылдықтың басында туып, қилы кезеңдерді бастан кешкен жаңа тұрпатты қазақ ұлт-азаттық қозғалысына ғасыр соңына қарай жаңа серпін берген жастардың «Желтоқсан көтерілісі» осы уақытқа дейін саяси бағасын алған жоқ.