«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК-ның «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінда «Тәуелсіздік тұғырым» көрмесі қойылды. Бұл көрме Қазақстан Республикасының «Тәуелсіздік күні» мерекесіне және «Желтоқсан оқиғасын» еске алуға арналып, музейге келуші туристер мен қала тұрғындарының назарына ұсынылып отыр.
Көрменің жасақталу идеясы мен мақсаты: Қазақстанның тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін паш ету, жастарға «Желтоқсан оқиғасы» құрбандарымен, желтоқсан көтерілісіне қатысқан аға-апаларының ерлігін үлгі етіп көрсетуді мақсат еткен. Сол арқылы жас буынның туған өлкемізге деген сүйіспеншілігін, сезімдерін ояту, Отанын қастерлеуге, шыншылдыққа тәрбиелеуді көздейді.
Көрме тақырыптық-экспозициялық тұрғыда мынадай төрт кіші тақырыптарға бөлінген: 1) «Алаш» – Тәуелсіздіктің бастауы. «Желтоқсан көтерілісі», 2) КСРО-ның ыдырауы және Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы, 3) Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы, 4) Жазықсыз жазаланған желтоқсандықтар.
Бірінші тақырыпша аясында «Алаш» қозғалысы, Қазақ елінің тәуелсіздігінің басында тұрған идеялық қайнары ретінде, және оған қоса «Желтоқсан оқиғасы» тарихи құбылысымен үндесіп жатуы тақырыптық жағынан бірге қозғалады. Барша адамзат үшін дамудың, азаттықтың дәуірі болған XX ғасырды Қазақ елі бодандықтың бұғауында қарсы алғаны ақиқат. Осы бір аласапыран заманда бүтіндей бір ұлттың сенгені тек оқыған азаматтар болатын. Елдің егемендігін қалпына келтіріп қана қоймай озық, өркениетті елге айналдыруды көздеген «Алаш» қозғалысы да дәл осы заманда «қараңғы қазақ көгіне күн болып өрмелеп шықты». Қозғалыстың басында оқыған,саяси сауатты, ең бастысы ұлтын сүйетін ұлы тұлғалар Ә. Бөкейханов, Ә.Ермеков, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М.Тынышбаев, Б.Қаратаевтардың ізін басқан: С.Сәдуақасов, Ж. Аймауытов, Ж. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, М. Шоқай сынды саңлақтар тұрды. Олар ұлты үшін аянбай қызмет етті, көздегені – халықтың мүддесі, мақсаты – жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту және қазақ даласында оқу орындарын ашу болатын. Дегенмен большевиктер Алашордашылардың өз бағдарламасын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Осылайша, барша қазақ халқының ұлттық рухының тамырын жою үшін ең алдымен осы қозғалыстың басында тұрған Алаш зиялыларының артына түсіп, оларды соттады, жер аударуға мәжбүр етті, соңында ату жазасына кесті.
Сондықтан, Қазақстан тарихында «Алаш» қозғалысы – ХХ ғасырдың басында Семей қаласында оянған дәуіріміздің ұлы оқиғасы ретінде тіркелді. Сонау 1920 жылдардағы күйреуге қарамастан, «Алаш» идеясы ұлттық мемлекетіміздің іргелі негіздерін қалады және жаңа тарихи жолы – Тәуелсіз Қазақстан жылдары қайта жаңғырды.
1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда сол кездегі коммунистік партияның 18 минутқа созылған жедел жиынында Қазақстанды 24 жылдан астам уақыт басқарған Дінмұхаммед Қонаев қызметінен түсіріліп, орнына Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Геннадий Колбин тағайындалады. Ол кезде одаққа қарасты республика басшылары жергілікті компартияның бірінші хатшысы аталатын. Қазақстан компартиясы бірінші хатшысы ауыстырылғанына наразы болған бірнеше мың адам – дені студент және жұмысшы қазақ жастары 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңына (Брежнев алаңы) жиналды. Мұндай акция Қазақстанның өзге де қалаларында жалғасады. Совет билігі наразылықты күшпен басу туралы шешім қабылдап, 18 желтоқсанда бейбіт шеруге шыққандарды ұрып-соғып таратып, жаппай қамап, жауапқа тартады, жүзден астам адам сотталады.
Алаңда үкіметке талаптарын айтып, бейбіт тұрған қалың жұртты тарату үшін Мәскеу Қазақстанға қосымша әскери күш аттандырады. Желтоқсан оқиғасында митингіні жаныштау операциясы “Құйын 1986” (“Метель 1986”) деп аталады. Аязды күні алаңға жиналған демонстранттарды итке талатып, өрт сөндіретін көліктен су шашып, сапер күрегімен, резеңке таяқпен ұрып-соққан, басқа да құралдар қолданған. Мәскеуде Алматыда алаңға шыққандарды «бұзақы», «экстремист», «маскүнем» және «нашақор» деп атап, оларға «ұлтшыл» деген айдар тағады. Билік наразылық кезінде ұсталған адамдардың үстінен жаппай қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартты, екі адамға өлім жазасын кескен. Оның біреуі – Қайрат Рысқұлбеков кейінірек Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза табады. Екіншісі – Мырзағұл Әбдіқұловтың ату жазасы 20 жыл түрме жазасына ауыстырылып, соның жеті жылын өтеп қайтады.
Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасы берілгеннен кейін бір айдан соң коммунистік партия Желтоқсан оқиғасына қатысты «қазақ ұлтшылдығы» туралы арнайы қаулы қабылдайды. «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» осы қаулыда советке тән интернационалдық тәрбиені күшейту жайы қозғалады. Бұл құжатта Желтоқсан оқиғасы «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде айыпталады. Бұл қаулы 1989 жылы күшін жойды.
Екінші тақырыпша бойында КСРО-ның ыдырауы және Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы тарихи құбылыс ретінде кеңірек қамтылған. КСРО-ның құлауынын басты себептерінің бірі – экономикалық дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасының технологиялық жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсу қабілетінің төмендігі еді. 1991 жыл, 1 желтоқсан – Қазақстан тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауы өтті. Қазақстан Республикасы тарихында халық алғаш рет саналы түрде өзінің тағдырын сеніп тапсырып, өз басшысын сайлады. Дауыс беруге құқылы 9 млн 960 мың азаматтың 88,42 пайызы сайлау уческілеріне келіп, сайлауға қатысты. Олардың 98,76 пайызы Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс берді.10 желтоқсанда Республика сарайында Президенттің қызметке кірісуіне арналған ҚР Жоғары кеңесінің салтанатты мәжілісі өтті. Қадірлі ақсақалдар Д.Снегин, Қ.Қожамияров, Э.Айрих, Ы.Қожахметовтер Елбасына шапан жауып, қарт ақын Шәкір Әбенов бата берді.Осылайша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл халық сайлаған алғашқы Қазақстан Республикасының Президенті мандатына ие болды. Бұл оқиға аталмыш тұлғаның әлеументтік ортада жоғары беделге ие екендігін аңғарты.Сайлау нәтижесі саяси-этникалық тұрғыдан республикамызда ұлтаралық татулықтың бекем екендігін көрсетті. Бүкілхалықтық бұл сайлау тәуелсіздік жолында қабырғасы қаланып келе жатқан мемлекеттің демократиялық бағытының айқан екендігін растады.Бұл сайлаудан шаруалар жерді, кәсіпкерлер бостандықты, еңбек ұжымдары экономикалық саясаттағы дұрыс бағытты күтті. Бұл орайда, Елбасының тұлғасы республика күштерінің бірлігін білдірді. Сонымен қатар, азаматтар дауыс беру арқылы өмірді жақсарту, экономиканың құлдырауы мен бағаның өсуін тоқтатуға бағытталған шешімдер қабылдап, кей жерлерде қатал шараларды қолдану қажеттігін, мемлекеттің өркендеуі және оның ішкі саяси тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын мықты биліктің қажеттігін көрсетті. Осылай 1991 жылы 1 желтоқсанда елімізде халық қолдаған Президенттік биліктің есебі басталды. Бұл республика үшін құқықтық демократиялық мемлекеттің және азаматтық қоғам мүдделерін қорғауды көздейтін жаңа мемлекеттік институт болды.
1991 жыл, 10 желтоқсан – ҚазКСР атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.Елдің атауын өзгерту жай бір термин ауыстыру емес, өмірдегі өзгерістер болып жатқан жаңа тарихи кезеңде республика өркениетті демократиялық қоғамды таңдағанын білдіреді. Бұл үшін бүкіл әлеументтік-экономикалық негізді түп тамырымен өзгерту керек болады.Осы мақсатта біртұтас идея қажет еді. Ол – егеменді демократиялық Қазақстан мемлекеті. Бұрынғы тоталитарлық жүйенің құрамында болған республика өміріне сай көне атаудан бас тарту осымен түсіндірілді. Өзін өзі жойған советтік және социалистік идеологиялық терминдер жалпы демократиялық құқықтық дамужолына түскен, көппартиялық және плюрализмі бар республика титулына қала алмайтын болды. Жаңа атау, өзініңмемлекет құру құқын жеңіп алған титулды, жергілікті қазақ ұлтының рөліне ерекше көңіл аудара отырып, ұлтаралықкелісім бағытымен келе жатқан республиканың саяси-этникалық ерекшелігіне де жауап береді. Осы сәттен бастап, Қазақ Советтік социалистік Республикасы атауын өзгерту туралы заңда айтылғандай, Қазақстан халқы өзін өзі билеу, адам құқы бостандығын баянды ету принциптерімен, қоғамның саяси, экономикалық және идеологиялық көпқырлылығына негізделген демократиялық, тәуелсіз, бейбіт өмірді сүйетін, құқықтық мемлекет құруға тиісделінді.
Осылайша, Қазақстан аумағында жоғары деңгейде дамыған саяси-этникалық өркениеттің құрылуы басталды. Онда қазақ ұлты қайта туады, оған кіретін ұлттар мен ұлыстар өзін еркін сезінетін болады. Іс жүзіндегі егеменді Қазақстанды әлемдік экономикалық және саяси кеңістікте белсенді әрекет ететін, халықаралыққатынастардың өзіндік субьектісіне айналдыру қажеттілігі айқындалды. Желтоқсанның 8 күні Минскіде бас қосқан үш славян мемлекетінің басшылары өзара келісіп, 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы шарттың өз күшін жойғаны туралы жариялады («Беловеж келісімі»). Талқыланған негізгі мәселелердің тағыбірі келісімшартты жою, Тәуелсіз Мемлекеттер Достығын құру. Бас қосуда осы мәселелер туралы қағаздарға қолқойылды. Бұл кездесуге Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаев та, басқа Ортаазиялық республикалардың басшылары да шақырылмады. Осылайша дүниежүзіндегі аса ірі отаршыл империялардың соңғысы Кеңес Одағы құлады. Соның нәтижесінде Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Латвия, Литва, Молдава, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Эстония мемлекеттері ғасырлар бойы аңсаған бостандыққа қол жеткізді. 1991 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан, Өзбекстан, Қыргызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшылары Ашхабадта бас қосты. Орта Азия мемлекеттерінің басшылары Минск («Беловеж келесімі») шешімін қолдайтындықтарын білдірді. 1991 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Туркіменстан, РСФСР, Украина, Белорусь, Армения, Молдова Алматыда бас қосты. Оған Грузия бақылаушы есебінде ғана қатысты. 1991 жылы 21 желтоқсанда аталған 11 республиканың басшылары КСРО-ны ыдыратып, ТМД-ны құру туралы келісімге қол қойды. Алматы кездесуі кезінде келісілген мәселелердің аса бір маңыздысы ядролық қаруға қатысты бірлескен шара жөніндегі келіссөз еді. Оған қолдарында ядролық қарауы бар мемлекет есебінде Белорусь, Қазақстан, Россия Федерациясы және Украина республикаларының басшылары қол қойды. Мемлекеттер келісімі бойынша-қатысушылар ядролық мәселе жөніндегі саясатты бірлесе жасап, Тәуелсіз Елдер Достығына енетін барлық республиқалардың ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті болды.
1991 жылдың 16 желтоксанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Қазакстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды. Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өзаумағында өкімет билігін толық иемденуге, әрі ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды. Бастауын мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаудан алатын Конституциялық Заң республиканың дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Оның мазмұнында ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, саяси тұрақтылық. билікті бөлісу, ұлтаралық келісім т.б. іргелі демократиялық қағидаттар көрініс тапты.
Көрменің үшінші тақырыбы «ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛІМІЗДІҢ БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫ» деп аталып, осы тақырып аясындағы маңызды дүниелерді қамтыған. 1991 жылғы 16-желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Қазақ халқының егемендікке ұмтылған қадамы сәтімен жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі келді. 1991 жылдың 17-желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасының» бес жылдығына арналған митинг болып өтті. Жиналған сан мыңдаған адамның алдына Қазақстан Республикасының сол кездегі президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп сөз сөйледі: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік…»
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Ал, «Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады» деген сөздің онша шындыққа жанаса бермейді. Түркия – алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген. Алғашықы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген мемлекет тәй-тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.
1961 жылы 12 сәуірде Қазақстанның «Байқоңыр» айлағынан алғашқы ғарыш кемесі көкке көтерілді. Бұл – адамзат тарихындағы айтулы оқиға еді. Осылайша Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш аймағына айналды. Одан бергі аралықта қаншама ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов те бар. Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды.
Семей даласында елу жылдың ішінде яғни 1949-1989 жылдары аралығында 470 рет алапат күшке атомдық және термоядролық жарылыстар сыналыпты. Мамандардың айтуынша, қасиетті қазақ топырағында сыналған мұндай әрбір термоядролық жарылыстың кемінде он мыңдаған жанның өмірін құрбан ететіндей күшке ие болған.
1989 жылдың 6 тамызында Семейдегі атом полигонын жабу мақсатында «Невада-Семей» қозғалысы атынан деп Семей облысының Қарауыл ауылында КСРО және АҚШ президенттеріне ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі үндеу жолданды. Жарты ғасырға созылған ядролық сынақтардың зияны мен салған лаңы бұқаралық ақпараттары құралдарында ашық жариялана бастады. Мұндай хабарлар ұзамай ел аумағынан шығып, одақтас республикалар тіптен шет елдерде де талқыланып жатты. Осындай аса ұйымшылдықпен көтерілген бастамалардың арқасында КСРО Үкіметі алған бетінен қайтып, ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шешім қабылдады. 1989 жылдың қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Үкіметі мен Жоғарғы кеңесіне полигондарда ядролық сынақтарды шұғыл арада тоқтату туралы үндеу жолдады. 1989 ж. 27 қарашасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Семей полигонын жабу туралы» қаулысы қабылданады. 1991 жылғы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаевтың Ертіс алқабындағы ядролық полигонды жабу туралы жарлығы шықты.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілген.
Теңгенің тарихы ең алғаш қазақ даласында күміс монета XV-ғасырда Отырар қаласында «таньга» деген атаумен пайда болған. Теңге – Қазақстан республикасының мемлекеттік нышаны. Әнұран, ту және елтаңба сияқты ұлттық валюта да мемлекеттік нышандардың қатарына жатады. Қазақ елінің Ұлы Жібек жолының бойында орналасуына байланысты металл ақша жасау қажеттігі ертеден қолға алынғанын бүгінде тарихи деректер дәлелдеп отыр. Ал Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алады. 1992 жылдың 27 тамызы күні Қазақстанның Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекіткен.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – Қазақстан Республикасы-ның Ата Заңы. Қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.
Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) – 1996 жылы «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйым. Құрылтайшылар болып алдынан Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан кірген. Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 2001 ж. 15 шілдеде Шанхай қаласында алты мемлекеттің (Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) бастамасымен құрылған үкіметаралық халықаралық ұйым. ШЫҰ-ның ізашары «Шанхай бестігі» болды, ал Шанхай әріптестігі Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан арасындағы шекарадағы әскери күшті қысқарту және сенім шараларының күшейтілуімен жүзеге асырылды.
Астана – Қазақстан Республикасының астанасы. 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап астана статусына ие. Миллионер қала мәртебесіне 2017 жылдың маусымында қол жеткізілді, ол кезде тұрғындар саны 1 002 874 тұрғын болды. Астана елдің солтүстігінде Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Әкімшілік жағынан қала 4 ауданға бөлінген.
Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы ұсынысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде ауыстыру туралы шешім қабылдады. Орталық мемлекеттік органдардың Ақмолаға ресми көшуі 1997 жылғы 10 желтоқсанда басталды. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусым күні өтті. Бүгінде Астана қаласы еліміздің жетістіктерінің айнасы. «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздіктің тірегі».
Көрме аясында қамтылған төртінші тақырып – «ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАНҒАН ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАР» деп аталған. Олай болатын да өз себебі бар.
Тәуелсіздік – бір адамның ғана арқасында келген емес, бүкіл «Алаш» қозғалысының арқасында келген ұлы жеңіс. Осы жолда қыршыннан қиылған жастарымыз да аз болмады. Бір үйдің үлбіреген үміттері білім алу мақсатымен Алматы шаһарына аттанып, сол кездегі елімізде жүргізіліп жатқан солақай саясатқа жан аямай қарсы шыққан жастардың ерлігі қазіргі ұрпақ үшін үлгі.
Көрмеде «Желтоқсан оқиғасына» қатысқан Ғалимат Шомаева, Мұратбек Шекербеков, Сәбит Исабековтың фотоматериалдары, құжаттары көрсетіледі.
Шоқан ПУШЕНОВ
«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК аға ғылыми қызметкері