Қазіргі Шымкент қаласының аумағына жататын ерекше тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына жататын нысан – Мәртөбе кешені. Бұл нысанды әрі археологиялық ескерткіш, әрі қазақ халқының құрмет тұтатын киелі мәні бар жерлерінің бірі деп қарауға болады.
Нысанның археологиялық қырына алда толық тоқталамыз.
Ал, киелі нысан ретіндегі сипатын сол кешен басындағы қызыл гранит тасқа қашап жазылған қазақтың қабырғалы ақыны Бақытжан Алдиярдың мына бір ғана шумағынан ұғуға болар:
Жүгірткен ойын жыраққа,
Бар қазақ қанық бұл атқа.
Қазақта не көп, төбе көп,
Мәртөбе жалғыз, бірақ та!
МӘРТӨБЕ – АҢЫЗДАР МЕКЕНІ
Мәртөбе туралы аңыз-әңгімелер ел арасында көп айтылады. Төбе атындағы «мәр» сөзінің төркінін мөр, нар, мәр мәнінен іздейтін нұсқалар толып жатыр. Сондай-ақ, төбе атауында қазақ ауыз әдебиетінде аты аталып қалатын «жыландар елінің» басшысы, жыланның иесі – Мар ата мифтік тұлғасымен байланыстырылатыны тағы бар.
Оған қоса, кітапқа түскен аңыздар да мол. Соның бірі XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың бас кезінде жазылды деп топшыланатын «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелері хақындағы трактаттар» жинағында мынадай қызық бір дерек айтылады.
«… Содан кейін Наушируан Әділ жаһанды жаулады. Оның екі ұлы бар еді. Бірінің аты Язди Жүрмәлік және екіншісінің есімі Шаһрияр еді. Язди Жүрмәлікке Түркістан мен Сайрамды берді. Ол келіп Сайрамға түсті, мұқ және тарсаларды (ескі дінді ұстанушылар мен несториан христиандарын) қуып шығарды, кейбіреулерін өлтірді. Ол кісі мұнда он үш жыл өмір сүрді. Маһартөбе – ол кісінің ордасының орны болатын. Және сол жерден қала тұрғызып еді» дейді (Қазыналы Оңтүстік, 146 том, Сайрам аңыздары. 20-бет). Мұндағы Маһартөбе – бүгінгі Мәртөбе болса, Наушируан шах – VІ ғасырда өмір сүрген Сасани мемлекетінің басшысы, ірі қолбасшысы болған тұлға еді. Мәртөбенің қала ретінде өмір сүрген кезеңіне археологиялық зерттеулер негізінде алда тоқталатын боламыз.
«АЛАҢҚАЙЛЫ ТӨБЕ» ТИПІНДЕГІ МЕКЕНЖҰРТҚА ЖАТАТЫНЫН НАҚТЫЛАНДЫ
Мәртөбе мекенжұрты (біздің жыл санауымыздың І-IV ғасырларынан бастап, ХІІ ғасырлар арасы) Сайрам ауылының шығыс жақ шетінде, Сайрам-Шапрашты жолымен жүргенде ауылдан бес шақырым жерде орналасқан. Орналасқан жерінің географиялық координаты .
Мәртөбені алғаш рет 1978 жылы Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отряды зерттеді. Сол кезде ескерткіш екі бөліктен тұратын қалажұрт қатарына жатқызылды және табылған материалдар негізінде VIII-XII ғасырларда өмір сүрген деп мерзімделді. 1994 жылы жарық көрген «Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштері Жинағының» авторлары ескерткіштің бастапқы жоспарын қайта қалпына келтіру мүмкін емес деп санайды. Тұрғындардың шаруашылық жұмыстары барысында ескерткіштің едәуір бөлігі жойылған. Олардың ойынша, Мәртөбенің қалған үштен бір бөлігі – цитадельдің сақталған бөліктері деп санайды.
2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының археологиялық отряды ОҚО мәдениет саласына жауапты комитетімен және ҚР Білім және ғылым министрілігінің А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп, Мәртөбеге стационарлық археологиялық зерттеулер жүргізді. Экспедицияны ғылыми басқаруды К.М. Байпақов жүзеге асырды. Дала жұмыстарындағы қазба ісіне тікелей А.Н. Грищенко жетекшілік етті.
Экспедиция ескерткіштің топографиясын нақтылау үшін аэрофототүсірілім деректерін пайдаланды. Олар ескерткіштің бастапқы өлшемдерін анықтауға мүмкіндік берді, нәтижесінде параметрлері 120-170х60-110 м. өлшеміне сәйкес келді. Ескерткіштің ауданы орта есеппен 1,2 гектардан сәл артық немесе 12325 шаршы метрді құрады. Орталықта орналасқан және бұрын цитадель деп қабылданған тікбұрышты төбенің мөлшері жоғарғы жақ алаңқайы 15х45 метр, етегіндегі негізі 30х50 метр құрайды. Ескерткіштің барлық сақталған бөлігін ендік бағытпен 6 м биіктікте өлшегенде 76х66 метр құрады. Алынған параметрлерге сүйене отырып, Мәртөбе ескерткішін қалажұрт емес, «алаңқайлы төбе» типіндегі мекенжұртқа жататынын нақтыланды.
Ескерткіштің стратиграфиясы мекенжұрттың оңтүстік-батыс бұрышында салынған қазбалардан байқалды. Қазба-1 төбенің орталығында 2х2 метр өлшемді етіп жасалды. Қазба-2 ескерткіштің мәдени қабаттарын нақтылау мақсатымен үстіңгі алаңқайда жүргізілді.
МӘРТӨБЕНІҢ ТАМЫРЫ ЖЫЛ САНАУДЫҢ БАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Археологиялық жұмыстар барысында Мәртөбе мекенжұрты пахсадан салынған мықты бекініс қабырғаларының болғаны анықталды, олардың жоғарғы жағындағы 2х3 метр іргетасынан есептегенде ені 2 метр деңгейін құрады. төменгі негіздегі бекініс қабырғаларының ені шамамен 6 метр болды. Мекенжұрт қабырғаларының бұл параметрлері ескерткіштің оңтүстік-батыс бұрышындағы орталық төбенің жарқабағынан, археологиялық нысанның бұзылуы салдарынан белгілі болып отыр. Сондай-ақ, мекенжұрттың үстіңгі алаңқайы кейінгі кезеңдерде, шамамен орта ғасырларда толтырыла тегістеліп өзгеріске ұшырағаны анықталды. Мүмкін, Мәртөбеде екі құрылыс қабаты болған шығар. Жоғарғы жағындағы тұрғын үй құрылысы бірнеше баспаналарды қамтитын үй иеліктерден тұрды.
Мекенжұрттан алынған жәдігерлер негізінен қолмен де, станокпен де жасалған әртүрлі ыдыстардың фрагменттерін құрайды. Олар ас пісіруге арналған мен асханаға арналған заттар болып бөлінеді. Құмыра, көзе, саптыаяқтардың фрагменттері бар. Көзелердің ішінде алмұрт тәрізді пішін басым, кейбіреулерінің жиегі сыртқа қарай тартылған. Ас пісіруге арналған керамикасы ірі ағаш жаңқалы қоспасы бар саздан қалыңдау етіп қолмен жасалған. Құмыралардың пішіні домалақ, мойыны қысқа, жиегі аздап сыртқа бұрылған, кедір-бұдырлы жоны бар. Асхана ыдыстарының ас пісіруге арналған ыдыстарынан айырмашылығы, жақсы таңдалған жоғары сапалы саздан жасалған. Ыдыстың декорында көлденең гофрлеу, қызыл-қоңыр ангоб байқалады. Бұған ұқсас керамика біздің жыл санаудың I-IV ғасырларындағы Сырдария алқабының орта ағысындағы мекенжұрттардың материалдары арасында бар және сол уақытқа тұрақты мерзімделіп келеді. Барлық сарапталған материалдың негізінде жоғарғы құрылыс қабаты бойынша Мәртөбе мекенжұртының өмір сүру кезеңін біздің жыл санаудағы бірінші мыңжылдықтың бірінші жартысы деп мерзімдеуге болады.
Сауалнамалық мәліметтерге қарағанда, Сайрамсудың оң жағалауынан тіке солтүстікке қарай Сайрам қалажұртының ежелгі сыртқы қабырғасы бұрын Мәртөбе арқылы өтіп, елді мекеннің бақтары мен егістігін айнала қыр жағынан өтетін. Орта ғасырларда қалыптасқан төбенің орналасуы Сайрам қалажұртының сыртқы қабырғасын салу кезінде құрылды деп болжауға болады.
Мәртөбе мекенжұртының сумен қамтылуы Сайрамсу өзенінен шыққан магистральді канал арқылы қамтамасыз етілді. «Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштері Жинағының» авторлары Мәртөбе Янгиарық өзенінің сол жағалауында, оның жайылмасында орналасқанын атап өтті. Алайда, А.Н. Грищенко сауалнама мәліметтері бойынша, ол жердегі қолданыстағы арық «Жинақты» жасап жатқан кезде салынғанын анықтады. Сол кезде жергілікті тұрғындар арнаны Янгиарық деп атаған. Оның шын аты – Шынат. А.Н. Грищенконың деректері Н. Дингельштедтің материалдарымен расталады. Н. Дингельштедтің мәліметінде бұл арықты Ченет деп атаған және ол XIX ғасырдың басында салынғаны көрсетілген. Бұл арна XIX ғасырдың басында қалпына келтірілгені анық. Оның алғашқы іске қосылуы Мәртөбе мекенжұртының құрылысы кезінде қатар жүрген.
МӘРТӨБЕДЕ ЖИЫН ӨТКІЗУДІ ҚАСЫМ ХАН БАСТАҒАН
Кейінгі ортағасырлар кезеңінде ескерткіш жаңа мәртебе алады. Мәртөбе қазақ халқының тарихында айрықша орын алады. Осы төбенің басында қазақтың хандары, сұлтандары мен билері ел тағдырын шешетін шешімдер қабылдаған. Осыған байланысты Н.Г. Гродеков былай деп жазады: «Үш орданың Би, Сұлтан және Халбилері жыл сайын мәслихат өткізуге Мәртөбенің (Сайрамның маңындағы жота) басына жиналатынын біледі. Кеңесте қайда қыстау, қайда жайлау, тыныштықты сақтау және қалай соғысу секілді маңызды мәселелер талқыланады. Ел салтын бұзбаған Би, Сұлтандарды бекітеді. Келесі орда кеңесіне дейін қабылданған шешім бұзылмайды. Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғыны» қабылдаған жеті би жиналған. Солардың қатарында әр орданың атынан қатысқан әйгілі үш би болған: Ұлы жүзден – Төле, Орта жүзден – Қаз дауысты Қазыбек, Кіші жүзден – Әйтеке».
Бұрын мал жайылымы болған Мәртөбе ортағасырлық Сайрамның маңындағы мекен болған. Адамдардың үлкен тобын жіңішке көшелері бар ортағасырлық қалада жинау сол заманда шын мәнінде мүмкін емес нәрсе. Сөзсіз, Мәртөбені қазақ хандарының кеңес өткізетін орын ретінде таңдап алуы тегін емес. 1513 жылы Сайрам тұрғындары Қасым ханға өздерін қол астына алу туралы өтініш жасап, қаланың кілтін табыстағаны белгілі. Сол кезде Бабыр мен Шәйбанилықтар арасында соғыс жүріп жатқан. Осы уақытқа дейін болған өзара қырқыс, бақталас соғыстарынан әбден шаршаған Сайрам мен оның маңындағы қалалардың тұрғындарына қамқор болатын сенімді билеуші қажет еді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің мәлімдеуінше, Қасым хан Дешті Қыпшақтың бытыраған халқының басын қосып, бағындырып, қуатты қазақ хандығын құрады. Мұндай шаруа Жошы ханнан кейінгі бірде-бір ханның қолынан келмеген еді. Сондықтан да оны билеуші ретінде халықтың таңдауы дұрыс шешім болады. Шамасы, аса маңызды мемлекеттік мәселелер жайлы мәслихат құрып, Мәртөбеде кеңес өткізуді о баста Қасым хан белгілесе керек. Кейіннен қазақтың басқа хандары үшін де Мәртөбеде жиын өткізу дәстүрге айналады.
Әдебиеттер:
- Қазыналы Оңтүстік, – Алматы: «Нұрлы Әлем», 2014. – Сер.: Түркістан кітапханасы. Т.146: Сайрам аңыздары. -20 б.
- Байпаков К.М., Подушкин А.Н. Памятники земледельческо-скотоводческой культуры Южного Казахстана (I тыс.н.э.). – Алма-Ата: Наука, 1989. – 160 с.
- Дингельштедт Н. Опыт изучения ирригации Туркестанского края. –СПб.,1883. – 356 с.
- А.Н. Грищенко. Полевой отчет по археологическим работам на поселений Мартобе //Архив Туркестанского областного историко-краеведческого музея.
- Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1994.– Т.I. – 368 с.
- Байтанаев Б.А. Стратиграфия поселения Мартобе // Вестник университета «Кайнар». – 2006. – № 4. – С. 73–74.
- Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области: юридический быт. – М.: ИВЛ, 2011. – 566 с.
- Дулати Мухаммед Хайдар. Тарих-и Рашиди (Рашидова история) / пер. с перс. яз. – 2-е изд. доп. – Алматы: Санат, 1999. – 656 с.