САЙРАМНЫҢ КӨНЕ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ БІРІ – ҚАЗЫ БАЙЗАУИ КЕСЕНЕСІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Сайрамға бара қалсаңыз, ауыл ішінен оңтүстік тараптан Көксәйек жаққа қарай күре жол бойымен шығар тұста, жолдың сол жақ бетіндегі көне мазараттың шетінде тұрған көк күмбезді көресіз. Бұл кесене – халық аузында Қазы Байзауи кесенесі деген атаумен танымал.

Бұл кесене туралы ең алғашқы жазба деректі ХІХ ғасырда қағазға түскен «Сайрам аңыздары» деген еңбектен жолықтырамыз. Одан кейін, 1930 жылы М.Е. Массонның «Көне сайрам» дейтін еңбегінде сызылған Сайрамның тарихи орталығының картасынан жолықтырамыз. Бұл картаны 1994 жылы жарық көрген «Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» еңбегінен де көруге болады.

«БАЙЗАУИ» ДЕГЕН АТАУ КІСІНІҢ ШЫҚҚАН ӨҢІРІНЕН ХАБАР БЕРЕДІ

Бұл Қазы Байзауи кесенесі шамамен XIX ғасырдың ортасы – XX ғасырдың басы аралығында салынған. Мүмкін, оның алдында қабір үстінде басқа да құрылымдар болса болған болар, дегенмен ХІХ ғасырдың соңғы жартысында Қоқан хандарының тұсында біршама жөнделіп, қайта тұрғызылған. Сайрамның (Испиджаб) тарихи орталығының оңтүстік-батыс бөлігінде, оңтүстік қақпасынан шығар жерінде орналасқан. Қазіргі уақытта батыс фасады Жүсіп Сайрами көшесіне қараған.

Жазба әдебиеттерде Қазы Байзауидің аты бірнеше түрлі құбылып, Қазы Байзауи, Құсайын Байзауи, Хасан Байзауи, Байзауи ата, Қазы ата, Есенқожа ата, Ишан қожа деген сияқты нұсқалармен кездеседі. Атындағы «қазы» деген сөз ортағасырлық кезеңдерде мұсылмандықтың би дәрежесіндегі құзіреті бар титулды білдірсе, «Байзауи» деген атау кісінің шыққан өңірінен хабар беретін тектік ныспы. Ортағасырлық араб жиһанкездерінің кейбір жазбаларында қазіргі Сайрам өңірі бірде Испиджаб деп, кейде «Мәдинат ул-Байза» деп кездесетіні бар. Қазы Байзауи ныспысындағы «Байзауи» деген атау сол жер атауынан шығып тұр. Олай болса, қазіргі түсінікте «Сайрамдық» деген мағынаны береді десек те болатындай.

Атақты тарихшы Жақұт әл-Хамауи «Муджам ал-Булдан» деген кітабында былай дейді: «Испиджаб-Сайрамнан ілімнің барлық саласы бойынша үлкен-үлкен ғалымдар, даңқты ғұламалар шыққан. Соның бірі – Әбілхасан (Әбу-л-Хасан) Әли. Хижраның 380-ші жылы дүниеден өтті (988 жыл)». Бұл кісінің әуел бастағы есімі туралы «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» дейтін жинақта Ишан қожа болған, ол ІХ-Х ғасырлар шамасында өмір сүрген дейді. Әзірет өз заманының көптеген ғылыми жетістіктерін меңгеріп, оқып үйренген, өте ілімді кісі болған екен. Ғылымды терең меңгерген. Әсіресе, жастық шағынан Құран-Кәрімді, хадистерді жатқа білген. Ол мұсылмандықтың аса білгір оқымыстысы және теңдессіз ғұламасы болғаны туралы айтылады. Байзауи жөнінде аңыз-әпсаналар көп. Сол аңыз желісінің мәніне үңілер болсақ, Абул-Хасан Әли ел арасында билікке араласып, көптеген даулы мәселелерді әділ шешуіне байланыстырылып «қазы» деп аталады. Байзауидің қазы аталуына қарап-ақ, әділдігімен халықтың құрметіне бөленгенін аңғаруға болады. Ал, өз кезегінде халықтың өзі құрметтеген тұлғасынан алып тұлға жасап, батыр, эпос кейіпкері, әулие жасап алатыны тағы бар. Қазы Байзауи туралы көптеген аңыз-әпсаналар желісінен халықтың оған деген құрметін аңғарамыз.

БАЙЗАУИ – ҚҰРАНДЫ ТҮРКІ ТІЛІНЕ АЛҒАШ РЕТ АУДАРҒАН ТӘРЖІМАШЫ

Сондай аңыздардың желісі «Сайрам аңыздары», «Сайрам трактаттары» деп аталып жүрген жинақта да келтіріледі. Ол аңыздар 2014 жылғы «Қазыналы Оңтүстік» топтамасының 146-шы томында басылған. Сол жинақтың орыс тілді басылымдардағы атауы киелі дәстүрі «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелері хақындағы трактат» деп аталып жүр. XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басы аралығында жазылды деп шамаланатын сол еңбектің мәліметтері көптеген жөн-жосықтар мен болжамдардан туындаған ауызша әңгімелерге негізделген. Қазы Байзауидің жерленген жері сол «Сайрам әулиелері хақындағы трактатта» «Нұр сәулелі жерлеу орны мен Хазіреттің хош иісті қабірі өз уақытының асқан ғалымы Қазы Байзауидің, қазіргі мәртебелі есімі Қазы Қожаның тірегіне айналған шахтың баспанасы» (Ишан Қожа есімі де кездеседі) деп айтылады. Қазы Байзауи туралы әңгімелер қаншалықты мәнерлі болса, соншалықты түсініксіз және қарама-қайшылықты.

Ол Құранға түсініктеме беруші ретінде де теңестіріледі. Ауызша жеткен дәстүрлерде Қазы Байзауи (Алланың әмір етумен Мұхаммед Пайғамбарға түскен және одан, Пайғамбарға жақын замандастары мен серіктестерінен бастап көптеген адамдардың куәгерлігі арқылы бізге келіп жеткен) Құран Кәрім мен хадистерді жатқа білген. Сайрамның байырғы тұрғындары Құранды түрік тіліне алғаш рет аударған тәржімашы деп айтады. Бұл туралы мәліметтер бізге бұрмаланған түрде жеткендігін «Сайрам әулиелері хақындағы трактатты» құрастырушы мойындайды: «… тарих кітабында (сахафа-и тарих) дәлдік жоқ». Қазы Байзауи IX–X ғасырларда өмір сүрген секілді. (Испиджабтың?) билеушісі оны «Байза (осы жерден ныспысы шығып отыр) уәлаятында Мавляна Насыр ад-Диннің нұсқауларына сәйкес, оны Гераттан орыс бекінісіне дейін бағынған ислам Қазы етіп тағайындап, оған алтын су және жоғары мөрмен безендірілген тиісті жарлықты тапсырады». Бұл туралы билеушіге баянды аңыз жеткен, ол «үш рет ажырасқан» кіші әйелін некеге отырғызу үшін ханафит заңгерлерінің арасында улема-риват іздеді, бірақ билеушіге (падшах) тек Шафи-и Қазы Қожа оқымыстыны іздеуге кеңес береді. «Билеуші мұны орындады, – дейді деректе, – және оны өзінің бүкіл патшалығына qazi етті». Қазы Қожаны билеушіге қазы болу үшін лайықты шешім шығарғаны үшін айыптады. Бірақ «Сайрам әулиелері хақындағы трактатты» құрастырушы «шын мәнінде, ол мұны мақұлдағаны немесе мақұлдамағаны белгісіз» екенін байқаған. Бұдан әрі, Қазы Байзауи туралы түсініксіз жайттар айтылады, «tafsir орындау кезінде синтаксистің ережелеріне негізделген, ал басқасын – морфологияның ережелеріне негізделген бір пікірді көтереді». Халық аңыздарында ол әділ төреші және ағартушы адам ретінде аты шыққан.

КЕСЕНЕНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫНДА САЙРАМҒА ТӘН ЕКІ ПОРТАЛДЫ КЕСЕНЕЛЕРДІҢ КУЛЬТТІК ИДЕЯСЫ БАР

Археологиялық және тарихи-сәулеттік қатынастағы ескерткіш әлі толық зерттелмеген. 1981 жылғы тарихи-мәдени ескерткіштерді төлқұжаттандыру кезінде Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институтының экспедициясы зерттеді. Ол Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштері жинағына енгізілген (Н.Н. Мұхамедиева). Қазы Байзауидің өмірбаянына шолу жасау (М. Мирхалдаров, Ж.М. Тулибаева, Девин Дюйс) фольклор саласына кірмейді және кесененің пайда болуы мен эволюциясы туралы нақты мәліметтер берілмейді.

Күмбездің алғашқы ғимараты кейінірек – XIX ғасырда пайда болған деп болжауға болады, дегенмен «Сайрам әулиелерi хақындағы трактатта» «оның қабірі қазір (яғни XVIII ғасырда) көрінбейді», – деп айтылады (Девин ДиУис). Сайрамның басқа кесенелерімен ұқсас болғандықтан, қазіргі ғимараты XIX ғасырдың ортасы – екінші жартысында Сайрам тарихының Қоқандық кезеңінде салынған болуы мүмкін. Кейінірек оған тағы бір бөлме – зияратхана немесе намаз оқу мешіті жалғанған. Ескерткіш біздің уақытқа бұзылған және өзгерген күйінде жеткен. Дегенмен оның көлемдік-кеңістіктік құрылымынан Сайрамның басқа екі порталды кесенелерінің негізінде жатқан киелі идеяны табуға болады.

Порталды-күмбезді екі бөлмелі кесенесе. Ғимарат («Г» тәрізді пішінде, тікбұрышты жоспарда келген оның көлемі – 6,8х8,1 метр, биіктігі – 9 метр) күйдірілген кірпіштен арасына әкті-балшық ерітіндісін пайдалану арқылы тұрғызылған. Ол 4 құлама темір шатырмен жабылған. Көлемдік-жоспарлық құрылымына қарағанда оңтүстік және батысқа бағытталған, маңыздылығы бірдей фасадты-порталды болып, бұрыш жасап орналасқан. Сайрамның басқа да мазарлары сияқты алғашқы кесене порталды-күмбезді бір камералы құрылыс болған. Оңтүстік порталында есік орналасса, ал батыс порталы саңылаусыз келсе де, өзіндік киелі маңыздылыққа ие. Кесененің цилиндрлі барабанының үстінде сфероконусты күмбезі бар, ол металл қаптамамен жабылып, бүгінгі күнге дейін өзгерген түрде сақталған.

Бүгінгі күндегі батыс фасадындағы айван-бастырма – ол, темір шатырмен қиғаш жабылған және батыс порталды орта биіктігіне дейін бұзбай сақтап тұр. Пилондардың беткі жағында бір кездері тікбұрышты келген нишалар болған. Кейінірек бір камералы кесенеге үлкен айванмен безендірілген, есігі оңтүстікке қараған, тегіс жабындылы келген жоспары бойынша төртбұрышты аумақ жалғастырыла салынған. Батыс қабырғаның интерьеріне михраб нишасы жасалынған – әлбетте, кейінірек бөлмеге жапсарлай салынған зияратхана немесе намаз оқу мешіті маңызды рөл ойнаған. Екі порталды, бір камералы кесене құрылымын жоғалтқанымен, Қазы Байзауи кесенесі өзінің киелі кеңістігін сақтап қалды, мұны оның екі айванының бары мен олардың оңтүстік пен батысқа бағытталуы, сондай-ақ батыс порталының ішкі бұрышындағы исламға дейінгі культті меңзейтін салттық нышанның болуы көрсетеді. Интерьері мен сыртқы қабырғасы сыланып, әктелген. Бұл – ескі архаикалық ғимараттың іргетасы үстіне қазіргі заманғы құрылыс материалдарынан салынған жаңа кесененің жақында жүргізілген түбегейлі қайта құрылымдалуына дейінгі сипаттамасы.

Қазы Байзауи кесенесі – зиярат ету және діни туризм нысанына айналған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1) «Қазыналы Оңтүстік», 146 том, «Сайрам аңыздары». Алматы 2014

2) Массон М.Е. Көне Сайрам // Известия Средазкомстариса. – 1928. – № 3.

3) Тәжиев Қ. Байзауи (Хасан Байзауи) ғұлама // Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы: үш томдық. 2-том. –Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2018. – 530-534 беттер;

4) Беркинбаев Е., Мирхалдаров М. Святых в Сайраме не счесть…. – Алматы: Өнер, 2000. – 128 с.

5) Мухамедиева Н.Н. Мавзолей Кази Байза // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақэнциклопедиясы», 1994. – Т. 1: Южно-Казахстанская область – 368 с. ‑ С. 205.

6) Тулибаева Ж.М. Трактат о святых Мадинат ал-Байда и Испиджабе // Вестник КазНУ им. аль-Фараби: Сер. историч. – 2003. – № 3 (30). – С. 8–16.