Шымкент қаласының аумағындағы Сайрам тұрғын алабы – қасиетті нысандардың ордасы. Ол туралы түрлі ел арасында аңыз-әпсаналар көп. Сондай аңыздардың бірі – Қызыр пайғамбар туралы аңыз. Қызыр ата тақырыбымен үндес жатқан бірнеше сәулет ескерткіштері сақталған.
XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың бас кезінде жазылды деп топшыланатын «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелері хақындағы трактаттар» жинағында Қызыр пайғамбар Сайрамда дүниеге келгені, оның әкесі Қожа Салих, анасы Бибі Ғияс ана екен, кей жұма күндері ол ата-анасына зиярат ету үшін кесенелеріне келетіні туралы аңыз түрінде сипаттайды. Қазіргі таңда Қожа Салих және Бибі Ғияс ана кесенелері Сайрамның бірі шығыс жағында болса, екіншісі батыс тұсында орналасқан. Оған қоса, Қызыр пайғамбар есімімен байланысты «Қызыр мұнарасы» деп аталатын сәулет ескерткіші де бүгінгі таңға аман сақталып жетіп отыр. Бұл нысандарды біріктіретін ортақ тақырып – Қызыр ата туралы аңыздар болғасын, бұл сәулет ескерткіштеріне арнайы бөлек тоқталуды жөн санадық.
ҚОЖА САЛИХ КЕСЕНЕСІ
Қожа Салих кесенесінің қазіргі таңға жеткен кейпін XIX ғасырдың екінші жартысына жатқызылады. Сайрамның орталығында, ортағасырлық Испиджаб-Сайрамның негізгі көшелерінің қиылысынан 300 метр жерде орналасқан. Басты оңтүстік фасады Қарамұртқа апаратын (Әмір Темір көшесі) көшеге қараған.
Сайрамның киелі тарихы Қожа Салих кесенесі (атауы бұрмаланып бекіп кеткен) Қызыр пайғамбар мешіті және Бибигияс ана кесенесімен бірге қаланың тумасы және оның қамқоршысы есептелетін, аты аңызға айналған Қызыр пайғамбардың Сайрамда болғандығы туралы материалдық дәлелдемелер болып табылады. Жергілікті аңыздарға бойынша оның әкесі Қожа Салих болған (фонетикалық нұсқалары Салық-Қожа, Қожа-Талиға, Қажа-и Тали ата). Жергілікті наным-сенімдерге сәйкес Қызыр пайғамбар Сайрамға әр жұманың ымырт жамылған кезінде келіп, әкесі Қожа Салих пен шешесі Бибигияс ананың қабіріне құран бағыштаған. Осы деректердің арқасында ескерткіш Сайрамның інжілдік-құрандық агионимдерімен бір қатарға қойылады. Сайрамда айтылып жүрген және «Насаб-намеде» көрсетілген шежіре бойынша Қожа Салих (Шалык/Шалух) Нұхтың (інжілде Ноя) ұлы Самның ұлы болып табылады. Інжілде Салих туралы айтылмайды, бірақ Құранда ол атам замандағы пайғамбарлармен бір қатарда есімі тоғыз рет кездеседі. Құдайдың діни өсиеті жіберілген Салих Арабияның солтүстігінде мекендеген құрандағы халық самудиттердің пайғамбары болған. Дегенмен самудиттер оны қабыл алмаған. «Сонда елі оны жасынға шығарды. Сондықтан жер қатты сілкініп, жұрттарында типыл болды» (Құран, 29 сүре 37 аят). Алайда Құдай рақымымен Салих жер сілкінісінен аман қалған болатын. Осы сюжетте Құдай жазасына ұшыраған көне өсиеттегі Содома мен Гоморра қалаларына тұспалдаушылық көрінеді. Осылайша, Құранға қатынасы бар аңызға айналған дәстүрлер Қожа Салих кесенесінің пайда болуына байланысты культтің тамыры өте ертеде екенін дәлелдейді.
1963 жылы Шымкент облыстық музейінің тапсырмасы бойынша архитектуралық өлшемі алынады (Т. Поднебесная). 1981–1983 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институтының экспедициясы архитектуралық ескерткіштерді төлқұжаттандыру барысында зерттейді.
Кесене Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер жинағына енгізілген. 1990 жылдары ғимараттың сақталған бөліктерінде ішінара реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. 2004 жылы М.О. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің археологиялық экспедициясы кесененің қорғау аймағына, шығыс фасадынан екі метр ара қашықтықтан қазба жұмыстарын жүргізеді, алынған материалдар аңыздар бойынша қарахандар кезеңінде пайда болған ескерткіштің уақытына негізсіз жатқызылмағандығы туралы айтуға мүмкіндік береді. 1980 жылдары екінші жартысы – 2000 жылдары ескерткіш арнаулы жарияланымдарда Сайрамның мемориалдық құрылыстарының генезисі мен композициялық ерекшеліктеріне байланысты қарастырылады (Б.Ә. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин). Кесене XVI–XVII ғасырларда тұрғызылған деп есептелсе, ал қазіргі ғимараты XIX ғасырдың екінші жартысында салынған. Кейінгі аталған мерзімі біршама шындыққа жанасады, себебі Сайрамның культтік құрылыстарын Қоқан ханының өкілдері жаңартқандығы туралы мәліметтер бар. Қабырға қаландысына саз балшық ерітіндісін пайдалану арқылы ортаазиялық үлгідегі әртүрлі пішін мен уақыттағы кірпіштер (34х16х5 сантиметр, 35х17х15 сантиметр) қолданылған; аркалары мен күмбезі ғаныш ерітіндісін пайдалану арқылы төртбұрышты кірпіштен (23х23х4 сантиметр) қаланған.
Інжілдік-құрандық дәстүрге қатынасы бар Қожа Салих кесенесінің киелі мазмұны құрылыстың әдеттегідей емес құрылымына жанама әсер етуі мүмкін. Бастапқыда кесене екі қабатты күмбезбен жабылған – ішкісі, көлбеулеу, ал сыртқысы, үстіне шағын мұнара орнатылған сфераконусты. 1928 жылы ғимараттың ақырғы бөліктері салынады.
Жоспары бойынша кесене төртбұрышқа жақын (6,4х6,2 метр). Төртбұрышты бөлмесінің көлемі 3,37х3,39 метр. Алғашқы екі қабатты күмбезінен сақталған аласа көтерілген сфералы кескіндегі күмбезін 2000 жылдары жасалған оғаш көрінетін қабат жауып тұр. Архаизмдік үлгідегі аркалық желкендер төртбұрышты бөлмеден күмбезге өту қызметін атқарады. Оңтүстік-шығыс бұрышында шатырына қарай көтерілетін айналма баспалдақ орналасқан. Кірер жеріне жақын «солтүстік-оңтүстік» өсі бойымен бағытталған қарапайым құлпытас орнатылған.
Ескерткіш орталықтанған бір камералы кесене типіне жатады. Оның көлемдіккеңістіктік композициясы төрт жағы ашық төрт аркалы чортакқа орнатылғандығында. Қожа Салих кесенесінің сүйір келген аркалары бар төрт бірдей фасады әлемнің төрт тарабы бойынша бағытталған. Батыс фасадына тікбұрышты есік жасалынған. Қалған аркаларында ағаш торымен (панжарамен) жабылған биіктігі кіреберіспен тең келетін, төмен орнатылған терезелері бар. Батыс және оңтүстік фасадындағы аркалар ешқандай өрнегі жоқ қалған екеуіне қарағанда «П» тәрізді жақтаумен және архитектуралық жетілдірумен орындалған. Сондықтан оларды «порталдар» деп атауы мүмкін, бірақ негізгі көлемінен не биіктігі, не ені бойынша шықпағандықтан, архитектуралық болып табылмайды. Олардың бүгінгі таңда толық жойылып кеткен өрнектеріне басты көңіл аударылған. Оның негізін ғаныш бойынша пішіндік оймыштау техникасында орындалған халықтық өрнегі бар құмыра тәрізді базалар үстіндегі кедірбұдырлы дөңгеленген бағаналар құрайды. 1960 жылдары «шай табақ» түріндегі жұпынылау келген әшекейлердің ізін көруге болатын еді. Фасадтарының жоғарғы жағынан кірпіштер қырынан қатар қойылған түрдегі дандана кеткен (бұзылған). Батыс және оңтүстік фасадының бөлінісінен тамыры қарахандық және саманидтік кезеңге кететін сопылық идеология мен тәжірибеге байланысты белгілі үрдістер байқалады. Қазіргі уақытта кесене тарихи және иконографиялық мәліметтерді есепке алмай «реставрацияланған». Нәтижесінде, ол Сайрамның басқа да кесенелеріне қарағанда өзінің «Тұпнұсқалығынан» айырылған.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Мінәжат ету және діни туризм нысаны.
ҚЫЗЫР ПАЙҒАМБАР МЕШІТІ МЕН МҰНАРАСЫ
Қызыр пайғамбар мешіті мен мұнарасы XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың екінші жартысына жатқызылады. «Мадинат-әлБайда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактат» (XVII ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың басы) еңбегінде мешіттің орналасқан жері «Шейх Аттар Вали моласының шығысында» деп көрсетілген. Бұл – Сайрамның тарихи орталығының оңтүстікшығыс бөлігі. Мұнара мен Қызыр пайғамбар мешітінің археологиялық қалдығы қаланың басты көшелерінің қиылысынан 200 метр қашықтықта, оңтүстік қақпаның («Базар дарбаза») шығысында, айналасы егілген ағаштармен қоршалған кеңістікте орналасқан.
Мұнара Сайрамның (Испиджаб) киелі тарихында және аңыздарында маңызды орын алған агиотопонимді білдіреді. Ол – исламға дейінгі Қызыр пайғамбар есімімен аталатын мешітке біріктірілген тарихи-мәдени және рухани кешен алаңына шығатын жер бетінде сақталған жалғыз нысан. Ол сақталмаған Ыдырыс пайғамбар мешітімен бірге інжіл-құран дәстүрімен байланысты Сайрамның бірқатар ескерткіштері мен киелі жерлері қатарының басында тұр. Қызыр культіне қатысты ерекше киелі құндылыққа ие, сәулеттік жағынан кейінгі кезеңге жататын қатардағы мұнара казіргі күнге дейін сақталып қалған.
Қызыр культі (ал-Хидр, Хизр, Хызр, Қыдыр, Қадыр және т.б.) жалпы мұсылмандық кітап дәстүрі негізінде әртүрлі халықтардың аңыздары мен жергілікті фольклорында қалыптасқан. Мұсылман агиологиясында бұл – аса тәкаппар және маңызды кейіпкер. Құранда ол Мұса (Моисея) пайғамбардың есімі белгісіз жолдасы – «Біздің құлдарымыздың құлы» ретінде кездеседі (Құран, 18, 64–65). Аңыздарда оның аты Хадир деп аталады. Исламға дейінгі және атам замандағы пайғамбарлардың қатарында тұрады. Самның ұрпағы, Нұхтың (Ной) ұлы, Ибраһимның (Авраам) тұсында өмір сүрген. Мұса және Мұхаммед пайғамбарлардың данышпан жолдасы және ұстазы. Жасыл шапан және сәлде киген жылы жүзді қария түрінде суреттеледі. Оның культі мұсылманға дейінгі кезеңнен бастау алады. Аңыздарда ол – мәңгілік өмірге ие болған тақуа. Мәңгілік және табиғаттың әрдайым жаңаруы символы ретінде қабылданады. Ислам дәстүрінде ол – «мәңгілердің» бірі – Ілияс (Илии), Ыдырыс (Еноха) және Иса (Иисус). Ілияс және Ыдырыспен жиі байланыстырылады. Қызырдың бейнесі барлық мұсылман әлемінде кең тараған. Барлық жерде өзіндік ерекшелігі бар. Ол мұсылмандық Шығыстың әртүрлі мифологиялық кейіпкерлерінің қасиеттерін өз бойына жинаған. Қызыр туралы аңыздарда сопылық ілім кеңінен тараған. Осыған байланысты Сайрамда қазіргі күнге дейін мұнаралы мешіт құрылысымен бекіген жергілікті Қызыр культін құрудың қайнар көзі болған сопылық тәжірибе мен салт-жоралардың ізі кездеседі.
Аңыз әңгімелер бойынша осы мешіт құрылысының жерастында (шіллехана) Қызыр пайғамбар жалғыз өзі 60 жыл жасырынып, ораза тұтып, дұға оқыған. Осыған байланысты ол сопы-дәруіштерінің жебеушісі есептелген. Сайрамның бүркеме тарихынан көрініс алған («Рисаля», «Сайрам-шахри», «Сайрам туралы трактат») Сайрамның аңыздары мен хикаяларында көпшілік қабылдаған мифологиялық негізден жергілікті айырмашылығы бар. Жалпы алғанда, Қызыр туралы аңыздар Қызыр – Ескендірдің уәзірі, Ескендірдің досы, «түнек еліне» жол көрсетуші данышпан ретінде кездесетін Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) туралы аңыздармен байланысты. Бұл қарым-қатынастар Сайрамның аңыздық және қасиетті тарихында Қызырдың ерекше орын алатындығын көрсетеді. Сайрамды жаулап алғаннан кейін Ескендір Қызырды ең қадірлі адамдардың бірі ретінде қабылдап, оны қаланың билеушісі етіп тағайындайды және өзінің барлық әскерін оның иелігіне берген секілді. Осыған орай, Қызыр пайғамбар Сайрамда туылып, осы жерде өмір сүрген деген аңыз нұсқасы да бар. Кейінгі аңыздар мен шежірелерде Сайрамның көптеген әулиелері қатарында Қызыр да аталады. Олардың желісінде Қызырмен әңгімелесіп, ақыл-кеңес сұрағандығы туралы кездеседі.
Қызыр пайғамбар мешіт кешенін алғашқы болып А.К. Гейнс (1866 жылы) сипаттап зерттеген, одан кейін М.Е. Массон (1925 жылы) ғимараттың жаңартылған түріне көңіл аударған. Осыдан соң мешіт мұнарасы еш жерде айтылмайды, себебі сол уақытта XVIII–XIX ғасырларға жататын архитектуралық ескерткіштер көрнекті болып есептелмеді. 1963 жылы Шымкент облыстық музейінің тапсырмасы бойынша мұнара діңінің сақталған бөлігінің архитектуралық өлшемі алынады (Т. Поднебесная). 1981–1983 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазақ жобалауқалпына келтіру» институтының экспедициясы сәулет ескерткіштерін төлқұжаттандыру кезінде зерттейді. Мұнара Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығына енгізілген. Бұрынғы өлшемдері нақтыланып, толықтырылады. Қызыр мұнарасының қорғау аймағында ауық-ауық археологиялық жұмыстар жүргізіледі. 1970 жылдары 6х2,5 метр көлемде салынған қазбадан (Н.П. Подушкин) XVIII–XIX ғасырларға жататын тұрғын үйлердің орны анықталады. 1989 жылы қазба жұмысы тікелей мұнара орналасқан жерге жүргізіледі (А.О. Итенов). 2004 және 2007 жылдары М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің археологиялық экспедициясы (Б.Ә. Байтанаев) Қызыр пайғамбар мешітіне қазба жұмыстарын жүргізіп, мешіттің жоспарын, оның типологиясын, сонымен қатар кешендегі мұнараның нақты орналасқан жерін анықтады.
Қызыр пайғамбар мешітінің бастапқы ғимараты туралы нақты деректер жоқ. 2004 және 2007 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер мешіттің өмір сүруінің соңғы кезеңінде (XVIII–XIX ғасырлар) ортасында намаз оқу залынан (қыстағы мешіт) басқа ашық аула, айван, құжыра (зиярат етушілерге арналған), шіллехана жер асты құрылысы, дахма түріндегі екі сатылы қабір үсті құрылысы және т.б. бар мешіт-ханака түрінде көп қызметті культтік ғимарат болғанын көрсетеді. Мұнара – кешеннің ең биік зәулімі. Ол мешіттің оңтүстікшығыс бұрышынан 3 метр қашықтықта орналасқан. 1948 жылы жер сілкінісі нәтижесінде мұнара ішінара қирайды (шам бөлігі бұзылады). Дегенмен, 1920–1940 жылдары фотосуреттері бойынша қалпына келтіріледі. Жеке тұрған цилиндрлі мұнара (іргесінің диаметрі – 2,96 метр, биіктігі – шамамен 10 метр) балшықтың көмегімен қыш кірпіштен тұрғызылған. Діңі негізінен шамына дейін болмашы ғана тарылады. Шамамен (1990 жылдары басында қалпына келтіріледі) сегіз биік жартылай дөңгеленген терезе-аркадан құралып, үсті сфералы күмбезбен жабылған ротондаға ұқсас. Діңінен ол дандана (кірпіштер қатары бұрышымен қойылған) белбеуі арқылы бөлінеді. Ішінен жоғары қарай биік кірпішті басқыштардан тұратын айналма баспалдақ арқылы көтеріледі. Ағаш маңдайшалы тікбұрышты есік шығыс жағында орналасқан.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Мінәжат ету және діни туризм нысаны.