Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» қызметкерлері «Сантарап» этнографиялық жобасы аясында еліміздің киелі орындарына экспедиция бастады. Экспедицияның бірінші саяхаты еліміздің шығысындағы Абай облысынан басталды. Осы тұрғыда, экспедиция күнделігін Салт-дәстүр орталығының фейсбуктегі парақшасы күнделік секілді жазба жүргізіп отыр. Осы күнделіктен үзінді беріп отырсақ.
Экспедицияның бірінші күні. 03.12.2024 ж.
Экспедицияның бірінші саяхаты Ертіс жағасындағы көне қала – Семейден басталды. Бұл өңірдің де өзіне тән ерекшеліктері мол. Семей қалалық тарихи-өлкетану музейіне ат басын тіреді.
Әдеттегідей музей қызметкерлері жылы жүзбен қарсы алды. Сонау, ежелгі дәуірден басталған музей қоры аса ыждағатпен жинақталған. Әрбір құнды жәдігер тарихтын терең қатпарынан сыр толғайды.
Өлкенің көне археологиялық қазбалар материалдары, табиғаты мен ландшафты, жан – жануарлар әлемі, осында ғұмыр кешкен айтулы тұлғалары, батыр, би- шешен, ақын- жазушылары, этнографиялық мұралары, дәстүр-ғұрпы қызықтырмай қоймайды.
Қалай болғанда да музейден арғы-бергі тарихқа терең бойлап қайтасың. Музей қызметкерлері кәсіби тұрғыдан біліктілігін танытты. Ел танығанға не жетсін!
Экспедицияның екінші күні. 04.12.2024 ж.
Халқының маңдайына біткен жарық жүлдызы, ұлы ақын, философ, аудармашы, Абай мұрасы – халық қазынасы. Оның өз өмірі мен шығармашылығы ұлттың рухани дүниетанымын әлемге танытып, мерейімізді үстем еткен тұлға.
Ойшыл ақын өлеңдері қазақ әдебиеті тарихы мен теориясына жаңа бояу әкелсе, қарасөздері арқылы терең мағыналы, ойлы тұжырымдар қалдырды.
Ауыз әдебиетінің асыл мұраларын толық игерген Абай шығыс пен батыстың маржандарын да ана тілінде сөйлеткен. Оның бүкіл шығармашылық ғұмыры біз үшін қасиетті. Осы бай мұраны халыққа толыққанды ұсынып жүрген – «Абай музейі». Байқағанымыз -ойшылдың өз дәуірінде ұлт құндылығына қосқан үлесінің дені- өзі тұтынған бұйымдардың куәсі боласыз. Оның ішінде -ат әбзелдері, саз аспаптары, қалам-қағазы мен кесе- шәйнегіне дейін, жары Әйгерімнің күміс ер-тұрманы т.б түп нұсқа мүліктерін көздің қарашығындай сақтаған. Сондықтанда бұл музей өзгелерден бөлек. Мұны ұғынарға ерекше ихлас керек. Тағы бір айрықша айта кететін жәйт – бүгінгі ұрпаққа түсінікті озық технология үлгілерімен жабдықталған. Мәселен, көне қылқобыз, домбыра, сазсырнай, сыбызғы, дауылпаз жанына жақын үңілсеңіз арнайы қондырғылар арқылы әсем сазбен жүрегіңізге жеткізеді.
Абайдың балалық шағы экспозициясы да осы үлгіде «Көлеңкелі театрда» бейнеленген. Құнанбай әулетінің шежіресі, Зере әже, Ұлжан ана тарихы, қысқасы хәкімнің отбасылық тәрбие өзегін осындай озық тәсіл жүйесінде түйсіне аласыз. Қорыта келе, ұлы ақынның «жүрегіне терең бойлау» үшін осындай мүмкіндікке ие боларыңыз хақ.
Экспедицияның үшінші күні. 05.12.2024 ж.
«Қария болмаса еліңде, жастары болар дуана» деген халық даналығы бар.
Біз әңгімелескен Шығыс өңірінің танымал ақсақалы Жанболатұлы Молдабек – 1936 жылы Семей облысының Абай ауданында дүниеге келген. Абай, Ақсуат, Жаңасемей аудандары мен Семей қаласының өркендеуіне барынша үлес қосқан шежіреші. Облыстық совет, аудандық атқару қызметі, мәдениет ағарту , комсомол, партия, кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарған. Республикалық «Абай» журналының өнер бөлімінде қызмет еткен. Ол өнерді, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, қол өнер үлгілерін насихаттауды мұрат етіп келген қария.
Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстан республикасы Журналистер одағының мүшесі. Берері де мол ақсақал. Алғаш тәуелсіздікке дейін Семей өңірінде «Наурыз» мейрамын өткізуге және рәсімдердің қалпына келуіне де атсалысқан. Сонымен қатар, сегіз қанатты киіз үйдің жабдығына, уық, керегеге дейін құндылықтарымыздың бірі ұлттық тағамдар туралы іс-шара өткізіп, қойдың қалай бауыздалуы, іреуі, мүшеге бөлу туралы да байқаулар ұйымдастырып, қазіргі ұрпаққа паш етіп келген қарияға алғысымыз шексіз. Қарияның айтуынша әр өңірге дәстүрдің мән жайын түсінетін, көзі қарақты, көнекөз жандар керек-ақ. «Ұрпағымыз түлемей, тұрмысымыз түзелмейді», қысқасы, жаңа Қазақстанның дамуына әдет-ғұрыпына барын салатын азаматтар керек деп ақсақал сөзін тәмамдады.
Әңгімелескен – М.Омар
Экспедицияның төртінші күні. 06.12.2024 ж.
Данышпан Абай әлемге ортақ тұлға екені рас . Оның кемел адам, толық адам деген философиялық ойлары, концепсиялды дүние. Бұл жөнінде Абай танушы түркі әлеміне танымал ғалымдар зерттеп келеді.
Бүгінде төрткүл дүниеге аты мәшһүр интелектуал инсан қатарында. Айналасына білім дәнін сеуіп Шәкәрімдерді оқытты. Әлемдік ой санаға төңкеріс жасаған тұлға. Біз Абайға қарап бой түзеп, оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген концепсиясын өркениетке қосқан үлесі деп білеміз. Сол үшін С.Торайғыров айтқандай «Абайды оқы, ерінбе!» деп шегелеп отырған дұрыс.
Салт-дәстүр орталығы қызметкерлерінің Абай еліне саяхаты да осы мақсатты көздейді.
Хәкімнің дүние есігін ашқан жері Сырт Қасқабұлақ болса, ал Жидебайдағы 9 бөлмелі үлкен үйі ұлы Абайдың өмірінің соңғы жылдарын өткізген шаңырақ. Ибраһим Құнанбайұлының өз бөлмесінде жатын кереуетімен жазу үстөлі және өзі қолданған сия сауыты, қағазы, киімдері мен ыдыстарының түп нұсқалары сақталыпты. Осы бөлмеде ақынның соңғы шығармалары, яғни 76 өлеңі, 26 қарасөзі, 25 аудармасы және 2 әні дүниеге келіпті.
«Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенмен боласың тең» деп өзі айтқандай, ұлы тұлғалар еш уақытта ұмытылмайды.
Одан арғы сапарымыз «Абай- Шәкәрім» мемориалдық кешені болды. Бұл кесенелерде Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы кесенесі Оспанмен және Шәкәрім Құдайбердіұлы баласы Ахатпен бірге жерленген. Одан ілгерірек жүрсеңіз әжесі Зере, анасы Ұлжанның бейіті тұр. Осындай ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген аналарға шәрият жолымен дұға жасадық.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының фейсбуктегі парақшасы