СӨЗДІҢ ДЕ СИҚЫРЫ БАР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Салт-дәстүр – әуел бастан тәрбиеден, жағымды өнегеден туған ізгі ниет көрінісі. Ең әуелі халықты халық ететін оның тілі, одан кейін салт-дәстүрі, содан кейін барып діні.  Дініне берік, дәстүрі мығым, тілін құрмет тұтқан кез-келген азамат жаман әдетке бармайды. Қазақ халқы байырғы заманнан бастап әдет-ғұрпын, наным-сенімін, ырым-тыйымын сақтап келеді. Ырым-тыйымдар тізбегі халықтың өмірінде, салт-дәстүрінде, тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс табады. Ол – бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерту т.б. секілді нәрселерде маңызды орын алатын және әлі күнге дейін сақталып келе жатқан әлеуметтік мәні терең дүниелер. Кейбір ырым-тыйымдар ерте замандардағы шамандық, тәңірлік наным-сенімдердің сипаты, белгісі ретінде де көрініс беріп жатады. Әйтсе де, ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды. 

ЫРЫМ-ТЫЙЫМ ДЕГЕН НЕ?

Ырым – халқымыздың тәлім, тәрбиелік қызметі бар салт-дәстүрлерінің ішіндегі қызық әрі ойланарлық ғұрыптарының бірі.  Ырым сөздер – белгілі бір наным салдарынан адамдардың санасында қалыптасып қалған, алда болуы мүмкін істерге психологиялық-эмоциялық сезім күйлерін, иланымдарын білдіретін сөздер.

Тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Бұл балаларды жаман әдет, жат пиғыл, ерсі қимыл, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды қызмет атқарады. «Ұлға отыз үйден тыю, қызға қырық үйден тыю» деген мақал осыған байланысты шыққан.

Ырым-тыйымдардың ең басты сипаты адамның жеке басына ғана емес, сонымен қатар оның отбасы мен мал-мүлкіне, алыс-жақын туыстарына, күн көріп отырған кәсіптеріне зияны немесе кесірі тиіп кетуі мүмкін кез-келген іс-әрекеттің жолын кесу немесе оның алдын алу болып табылады.

Халық танымында киелі заттарды құрметтеу береке-бірлікті арттырып, құт әкеледі десе, керісінше жағдайда киесі ұрады деп есептеледі. Сондықтан киелі саналатын адамдарға тіл тигізбейді, жан-жануарларға зұлымдық жасамайды, киелі дүниелерге зор құрметпен қарайды.

Кие – халықтық ұғымдағы жанды, жансыз заттарда болатын ерекше тылсым күш қасиет. Дәстүрлі наным-сенімде қасиетті адамдарды (пайғамбар, әулие, көріпкел), аң мен құсты (қасқыр, марал, аққу), жер-суды (киелі орындар, кесенелер, өзен-көлдер), ғарыштық денелерді (көк, ай, күн, жұлдыз), адамның кәсібі мен есімдерін киелі деп санап, оларға сыйыну үрдістері болған.

Ш. Уәлиханов қазақы ортадағы кие туралы наным-сенім жөнінде былай деген болатын: «Қазақтар киеге үлкен мән береді. … құдіретті күші бар жан-жануарлардың киесі бар дейді, ал олардың өзін киелі деп атайды. Жан-жануарлардың киесін қадірлемеу – киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары – кесір деп аталады». Киелі деп саналатын заттар мен құбылыстардың түрлері көп. Халық арасында олардың желеп-жебеушісі, қолдаушы пірі болады деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан кие деген сөз «пір», «ие» деген ұғымда да қолданылады.

СӨЗ КИЕСІ НЕМЕСЕ АДАМДАРДЫҢ ЕСІМІН НЕГЕ АТАМАҒАН?

«Әр елдің заңы басқа…»  дегендей географиялық, қоғамдық-әлеуметтік жағдайының әдет-ғұрып, салт-санасының әртүрлі болып келетіндігіне байланысты әр халықтың өзіндік ырым-тыйымдары және сөз киесіне сенушілік мәдениеті қалыптасқан. Мәселен, сөз киесінің адам есімімен тікелей байланысты тұстарын талдап көрейік.

Ертеректе кең орын алған бұл нанымның негізінде адам мен оның есімінің арасында тікелей байланыс бар деген түсінік қалыптасқан. Адамның есімі арқылы оны қинауға, дертке шалдыруға, кемтар етуге немес мерт қылуға болады деп, адамның шын есімін ашық қолданудан сескеніп, оны барынша құпия ұстаған. Мысалы, батыс Африкада осындай сенімнің салдарынан патшаның еш уақытта шын есімі аталмай, құпия ұсталған. Сондай-ақ, Британия Колумбиясында патша емес, қарапайым адамдардың есімі де құпия болып, лақап аттарын пайдаланған. Эскимостар да есімнің сиқырлы қуатына, яғни сөздің магиялық қасиетіне қатты сенген. Ол сенімнің күштілігі соншалық, қартайған шақта есімдерін қайта жаңартатын болған.

Сөздің сиқырлы қуатына сенушілік, сонымен қатар, Америка, Азия, Австралия және Еуропа халықтарының мәдениетіне де ортақ екені байқалады. Бұл ұғым түркі халықтарында да, оның ішінде қазақтар арасында да кездеседі. Оған Сатылған, Сатыбалды, Тұрсын, Тұрған, Тұрарбек, Тұрсынбай секілді магиялық нанымдарға байланысты қойылған есімдер мысал бола алады. Мұндай есімдер бала тұрмаған жағдайда, тіл-көзден, ауру-сырқаудан сақтау үшін қойылған.

Салт демекші, кейбір түркі халықтарының  рухани мәдениетіне тән, адам есімдерімен байланысты ерекше тыйымдардың бір түрі кездеседі. Ол тыйымдар адамдардың жыныс айырмашылығына байланысты тек әйелдерге немесе тек ер адамдарға салынған екен. Мысалы, Африканың кафр деп аталатын халқының мәдениетінде әйел адам күйеуінің, қайын атасының, сол сияқты күйеуінің жасы үлкен туыстарының бір де бірінің атын дауыстап айтпақ түгілі, ойша, яғни ішінен де айта алмаған. Бұл тыйымның күштілігі сонша, атауға болмайтын есімдердің кез-келген екпін түсетін буыны тілдегі басқа сөздердің бірімен үндес келетін болса, әйел адам соңғы сөзді де тұтас алмастырып айтуға мәжбүр болған. Сөйтіп, осындай тыйымдардың салдарынан тек кафр әйелдеріне ғана тән «әйел тілі» деп аталатын ерекше тіл пайда болған. Бұл сияқты тыйым үнді әйелдеріне, Африкалық зулус әйелдеріне де тән көрінеді.  Олар күйеуін «үйдегі еркек», «тақсыр» немесе «пәленнің әкесі», «түгеннің әкесі» деп атаған.

Сондай-ақ, бұл тыйымдарға қарама-қайшы келетіндері бар екен. Тынық Мұхитында орналасқан Соломон аралдарының еркектері әйелдерінің есімдерін оңайшылықпен атамаған. Тіпті айтуға мәжбүр болған күннің өзінде де, біреу естіп қоймасын дегендей, сыбырлап қана жеткізетін болған. Сербтер де ер адамдардың арасында әйелдері немесе қыздары жайлы жұмған ауыздарын ашпаған. Калифорния имандарының ер адамдары әйелдерінің есімдерін ешқашан атамайды. Бұл тыйым бұзылса ажырасуға дейін баратын көрінеді.

Бұл тыйымдар біздің қазақта кезінде берік қалыптасқан, қазіргі кезде ұмыт болған «ат тергеу» салтын еске түсіреді. Негізінде бұл салт қазақтың ізетті келіндеріне арналған. Жаңа түскен келінге күйеуінің туыстарының есімдерін ашық ататпаған. Күйеуінің  қарындастарына өз тарапынан «шырақ», «жарқыным», «шырайлым», «бикеш» деген сияқты ат қояды. Қайындарын да «төрем», «ерке бала», «мырза жігіт», «мырза бала», «қайным» деп атаған. Әрине, мұнда ешқандай да тыйым салынбайды, атын атаса да күнәға жатпайды, тек бұндай салт жаңа түскен келін мен күйеуінің туыстарының арасындағы өзара сыйластықты көрсетеді.

  Қазақ менталитетінде сөз магиясы өте күшті рөл атқарады.  Әрбір адам сөйлеген сөзіне мән беруі керек. Өйткені сөз адамның тұрмыс-тіршілігіне, оның тұлғалық қасиетіне әсер етеді. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалды күнде естісек те, байыбына бара бермейміз. Бір сәтсіздікке ұшырай қалсақ, өмірден түңіліп, дүниеде бардың бірін қалдырмай тілдеп отырғанымыз содан соң… Әсіресе қазіргі әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқысаң денең түршігіп, шашың тік тұрады. Ондағы ақпарат жайлы толық білсе де, білмесе де тілдеп, ғайбаттап, сын-пікірлерін білдіріп жатқаны. Сөз деген – киелі нәрсе, жаман сөздің өзіңе қайтып келмесіне кім кепіл?!

Жұмакүл БЕГІЛДАЕВА

 Шымкент қаласы «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының кіші ғылыми қызметкері