ТҮРКІСТАННЫҢ КӨЛІК ЛОГИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Ыңғайлы логистика – өңір экономикасының қозғаушы күші. Сапалы жол – туризмнің де тірегі. Соның арқасында түбі бір түркі елінің астанасы саналатын қасиетті Түркістан шаһары бүгінде төрінен  қонақ арылмайтын  қасиетті мекенге айналды.  Бұл ең әуелі саяхатшыларға қызмет көрсету сапасының артқаны, сосын қатынас жолының жақсарғанының нәтижесі.  «Батыс Еуропа-батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің арқасында туристер бұрынғы жол азабынан құтылды.  Түркістан облысы аумағынан мұнан өзге де маңызды көлік маршруттары өтеді. Шығысты батыспен біріктіретін теміржол, «Түркістан халықаралық әуежайы» арқылы халықаралық және ішкі рейстер орындалады.

Өңірдің логистикалық әлеуетін одан әрі жақсарту түсу мақсатында енді тозығы жеткен теміржол вокзалдары жөндеуден өткелі жатыр. «Түркістан», «Манкент», «Түлкібас», «Сарыағаш», «Темір» және «Арыс-2» теміржол вокзалдарына жасалатын реконструкциялау жұмыстарының эскиз жобасы мен  атқарылатын жұмыстар облысы әкімі Нұралхан Көшеровке таныстырылды. Жалпы мұндай жұмыс  еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет жасалғалы отыр. Осы мәселені талқылауға байланысты өткен кеңесте өңір басшысы:

– Бұл теміржол вокзалдары – ғасырлық тарихи нысандар. Мүмкіндігінше, тарихи архитектурасын сақтай отырып, жаңартқан жөн. Барлық ғимараттар бір типті болсын. Өндірістік кесте жасап, құрылыс мерзімін нақтылайық. Құрылыс жұмыстарына сапалы материалдарды қолданыңыздар. Аудан, қала әкімдеріне құжаттандыру жұмыстарын жүргізуге 10 күн уақыт беремін, -деді.

Басқосуда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев облыстағы теміржол вокзалдарын реконструкциялау бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша,  биылдан бастап еліміздегі 125 теміржол вокзалына реконструкциялау жұмыстары жүргізілмек. Соның ішіне өңірден  6 теміржол вокзалы енгізілген. Бүгінде «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» және «Сарыағаш» теміржол вокзалдарының қызметі уақытша ғимаратқа ауыстырылып, демонтаж жұмыстарын жүргізу үшін аумағы қоршалған.

Қазіргі таңда мердігер мекемелер анықталды.  5 теміржол вокзалына реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Атап айтқанда, «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» теміржол вокзалдарындағы жұмыстарды «Kanfar Building» ЖШС қолға алса, «Сарыағаш» және «Темір» теміржол вокзалдарындағы жұмыстарды «BOLD Construction Group» ЖШС жүргізетін болады. Ал, «Түркістан» теміржол вокзалы тарихи және мәдени ескерткіш болғандықтан, ғылыми-реставрациялық және авторлық қадағалау жұмыстарын «Казреставрация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқармақ.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен көлік логистикасын жақсарту мақсатында Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол құрылысы басталды. Осы жобаның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылмақ. Дарбаза – Мақтаарал  деп аталатын жаңа магистраль республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға серпін береді. Сала мамандарының айтуынша екі ел арасында соңғы екі-үш жылда жүк ағыны күрт өскен. Мәселен, 2023 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасында 25,8 миллион тонна жүк тасымалданған. Тауарлар осы кезге дейін жалғыз «Сарыағаш» мемлекетаралық станциясы арқылы экспортталуда. Жаңа Дарбаза-Мақтаарал желісі осы жүктемені әдеуір азайтпақ. Сонымен қатар жоба оңтүстік бағытта экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы желі арқылы Ауғанстанға, Иранға, Тәжікстанға және Өзбекстанға тауар жылдам жеткізіледі. Жобаның тағы бір маңызды тұсы жол екі шалғай ауданды – Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстырып, өңір республиканың негізгі теміржол желісіне қосылады.

Сондай-ақ «Түркістан халықаралық әуежайы» да жүк тасымалында жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Ол халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді. Әуе айлағы сағатына 450 жолаушыны өткізу қабілетіне ие. Яғни, жылына 3 миллион адам Түркістан арқылы әрі-бері қатынайды.  Қазіргі уақытта «Түркістан халықаралық әуежайы» 2 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт) және 7 республика ішілік рейстерге (Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Қостанай) қызмет көрсетеді. Ал 2024 жылдың қаңтарында «Түркістан – Абу-Даби» әуе рейсі ашылды. Сондай-ақ отандық және шетелдік авиакомпаниялармен 3 халықаралық (Анталья, Тбилиси, Самарқанд) және 2 республикаішілік (Көкшетау, Үшарал) авиарейстер ашу бойынша келісім жасалуда. Түркістан әуежайының жүк тасымалдау динамикасын арттыру мақсатында отандық «Alpha Sky», түріктің «MNG», «Turkish Cargo», әзірбайжандық «Silkway Airlines-Cargo» авиакомпанияларымен жүк тасымалдарын дамыту бойынша келіссөздер жүргізілуде.