ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ШЫМКЕНТТІҢ КӨНЕ ЖӘДІГЕРЛЕРІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы 1805 жылы басталған Қоқан басқыншылығы тұсында осы өңірді бақылауға арналған ірі бекіністі шаһар ретінде дами бастады. Осы кезеңде қаланың айналасы бірнеше қабат қорғаныс қабырғаларымен қоршалды. Шаһар орталығындағы биікте орналасқан цитадель бекінісі нығайтыла түсті. Осы жерде Қоқан ханына бағынған Ташкент паруанашысының жергілікті өкілі отырды. Сондықтан болар, ХІХ ғасырдағы кезеңдерге тән қалаға қатысты көптеген деректер сақталған.

Деректерден бөлек, Шымкент қаласының музейлерінде ХІХ ғасырдың жәдігерлерін де көптеп кездестіруге болады. Сол заманнан бүгінгі таңға жеткен экспонаттар қатарына тоқталып, оқырман назарына ұсынсақ дейміз.

 ШЫМКЕНТ БЕКІНІСІ – ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ОРТА АЗИЯНЫҢ КІЛТІ БОЛДЫ

Шымкент қамалының қорғанысы – тек қазақ жерінің ғана емес, Орта Азияның Ресей империясына бағынуының кілті болды. Қалай Шымкент қаласын орыс патшасының армиясы басып алды, бар-жоғы 5-10 жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері түгелімен бодандықтың күйін кешті. Ресей империясы 1731 жылғы Әбілқайырдың бодандықты қабылдау туралы шешімінен кейін санасақ, Қазақ жерінің Ресейге бағынысты болуы 1864 жылғы Шымкент қамалының құлауымен аяқталды. Ал, Орта Азия хандықтарынан Қоқан хандығы және Бұқар әмірлігі 1868 жылы, Хиуа хандығы 1873 жылы құлады.

1860 жылғы Ұзынағаш маңындағы Ресей-Қоқан арасындағы әскери қақтығыстан кейін оған дейін Қоқан хандығы тарапында соғысқан Кенесары ханның ұрпақтары екіге жарылды. Ахмет Кенесарин бастаған негізгі топ Ресей бодандығына бағынуды мақұл көрсе, Сыздық төре бастаған шағын топ Қоқан хандығы тарапында әскери қимылдарды жалғастыруды жөн санады.

Шымкент қамалының қорғанысында Сыздық төре бастаған жүздік әскер маңызды рөл атқарды. 1864 жылғы 14-шілде күнгі Ақбұлақ маңындағы подполковник Лерхе мен Мейерге қарсы шайқаста Қоқан ханы Әлімқұл әскерінің ішінде Сыздық төре ерекше көзге түсті. Сол соғыста Қоқан тарапы Мыңбай мыңбасы бастаған біраз әскери офицерлерінен айырылды. Одан кейін Әулиеата жағынан келген генерал Черняев пен Түркістан тарапынан келген подполковник Лерхенің біріккен әскеріне төтеп беріп, Шымкент қамалының мықты бекінісін қорғауда Сыздық төре өзінің мықты әскербасы екенін дәлелдеді. Орыс әскерлері 1864 жылдың шілде айындағы 7 күнге созылған бірінші толқынды шабуылында Шымкент бекінісін ала алмай, Әулиеата мен Түркістан қалаларына шегінуіне мәжбүр болды.

Орыс әскері кері шегінгесін тамыз айында Әлімқұл бастап, Қоқан әскері Тәшкентке, одан ары Қоқанға қарай қыстап шығуға қайтты. Ал, Сыздық төреге Ташкент қамалының корғанысын нығайту тапсырылып, ол да Ташкентке шықты. Шымкент бекінісінің қорғанысына Мырза-Ахмет паруанашы жауапты болып, мыңдаған әскерімен қалды. Осындай өліара сәтті пайдаланып, Әулиеатадағы генерал Черняев Түркістандағы Лерхенің әскерімен бірігіп, 1864 жылдың 17-ші қыркүйегінде Шымкентке қайта шабуылды бастайды. Содан Әлімқұл мен Сыздық төренің жоқтығына байланысты, 22-ші қыркүйек күні қала орыс әскеріне берілді.

Осы тұста ойға оралатын қызықты дерек, генерал Черняевқа қатысты материалдарда мынадай мәлімет бар. Шоқан Уәлиханов Ұзынағаштан Әулиеатаға қарай жылжыған Черняев әскерінде генералға көмекші болған. Әулиеата бекінісін алу кезінде орыс әскерінің жауыздығын көзбен көрген соң, Шоқан ондай қан төгістерден бойын аулақ ұстағысы келеді де, өзінің ауруын сылтау етіп, Жетісуға, өзінің туысы Тентек төренің иелігіне қарай жолға шығады. Ал, дәл сол сәтте Ұзынағаштан бастап, Түркістан мен Шымкент қорғанысына дейінгі қазіргі қазақ жерінің оңтүстік жерлерінде, майданның екінші бетіндегі Қоқан әскерінің әскербасылары қатарында Сыздық төре жүрді. Бұл екі тарихи тұлға да қазақтың ұлы тұлғалары еді. Әрі, қазақтың үш жүзінің басын қосқан Абылай ханның шөберелері, былайша айтқанда немере туыстар. Тағдырдың жазуы болды ма, Абылай ханның шөберелері бір майданның екі жағында бір-біріне қарсы бағытта соғыс жүргізді.

«ҚОҚАН АРБА» ҚЫЗЫҚТЫ ЭКСПОНАТ

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде келушілер назарына ұсынылатын музей қорынан ерекше орны бар жәдігер қойылған. Жергілікті тұрғындар арасында «қоқан арба» деп аталып кеткен экспонат тұр. Осы жәдігерге бір екпін бере кетсек дейміз.

Арба – екі немесе төрт дөңгелекті болып келеді. Ол атқа, есекке, өгізге, түйеге жегілетін жүк таситын көлік. Яғни, қолданысына қарай ат арба, өгіз арба, түйе арба, есек арба деп жіктеледі. Жалпы, қазақ халқы арбаларды екі түрге бөлген: екі дөңгелекті арба жəне төрт дөңгелекті ірі арба. Қос доңғалақты арбалар ойлы-қырлы жерлермен, жолсызбен жүруге, арық-жылғалардан, батпақ пен құмнан өтуге қолайлырақ болып келеді.

Арбаның дөңгелегі ежелгі түсінік бойынша күн шеңберін бейнелейді деп есептелгендіктен, қасиетті деп саналған. Арба ерте заманнан, әсіресе, ежелгі түрік дәуірінен бастап әскери көлік ретінде де қолданылды. Орта Азия мен Таяу Шығыс елдерінде жүк тасу үшін доңғалақтарының диаметрі 2 м-ге дейін жететін қос доңғалақты арбалар пайдаланылған. Оларды қазақтар арба түрі – «ҚОҚАН АРБА» деп атаған. Осы мақала арқылы назарыңызға ұсынылып отырған арба – сол «қоқан арбасы». Негізгі материалы ағаштан жасалған. Сонымен қатар, шойын бекіткіштер де қолданылған. Өлкемізде арба жасайтын ұста-шеберлер сұраныстарға сай осындай  арбаның түрлерін жасап отырған.

XVI-XIX ғасырлар аралығында хандықта жер-су салығы пен айыппұлға қатысты салық саны 32 болған. Хандық сол кездегі халықтан 32 түрлі алым жинаған екен.

Сондай салықтардың бірі – хандыққа тиесілі көпірден өткені үшін алынатын алым болды. Экономикалық тұрғыдан қиналған тұрғындар тексеріске ақша бермеу үшін «Қоқан арбасының» дөңгелегін үлкейтіп, өзеннің таяз жерлерінен өте бастады.Қоқан  арбалардың дөңгелектері қараағаштан жасалған. Өйткені, бұл ағаш өте қатты және берік. Сондықтан, оны «темір ағаш» деп атайды. Бірақ, мойын тірегі жоқ болғандықтан, темір межелі жерге жетпей тым қызып, доңғалақ тесігінің күйіп кететін болған. Бұл мәселенің шешімі ретінде жолдың екі жағынан арнайы тоғандар қазылған. Яғни, арба межелі жерге жеткенде доңғалақтар алынып, суға лақтырылады, содан кейін оларды суда салқындатылған басқасына ауыстырады. Сондықтан, шаруашылықта арбадан гөрі дөңгелек көп болды.

Түркістан өлкесінің Зерафшан округінде 1871-1872 жылдары түсірілген фотода біз сөз етіп отырған «Қоқан арба» көрсетілген. Бұл құжат Өзбекстанның Ұлттық архивіндегі  кинофотофоно құжаттар бөлімінде сақтаулы. Шымкент қаласындағы музейде тұрған «Қоқан арба» да сол заманда, осындай қызмет атқарған.

КЕЙІНГІ ОРТАҒАСЫРЛАРҒА ЖАТАТЫН ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕР

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде кейінгі ортағасырлардағы кезеңнің көрінісін көз алдыңызға келтіретін тағы бір нысан бар. Ол – XVI-XVIIІ ғасырларға жататын тұрғын үйлердің орындары. Бұл кешен орны Шахристанның батыс бөлігінде 2018 жылғы археологиялық қазба жұмыстары барысында ашылған.

Бұл үйлер толықтай консервацияланған. Тұрғын үйлер күйдірілмеген саз кірпіштен және пахсамен тұрғызылған. Бөлмелердің ішінде тандыр орналасқан. Тандырлардың түтін шығатын кені сыпалардың астынан өтіп, бөлме бұрышынан дуал арқылы шыққан. Осының арқасында сыпалардың беті жылу сақтап, өте ыңғайлы, жайлы болған. Бөлмелердің көлемі шағын, дуалдары қалың болып келген. Бұл олардың тез жылынуын қамтамасыз еткен. Алайда, көлемі үлкен бөлмелер де кездеседі. Олардың ішінде екі тандырдан орнатылған. Тандыр ошақтардың көлемдері көп жағдайда бірдей, орташа көлемде. Олардың ернеулері және от салатын, түтін шығатын тесіктері бар, ішкі беті айқасқан, ирек сызықтармен көмкерілген. Сыртында ұрып тегістелген іздер бар. Сонымен қатар, кейбір асханалық бөлмелерде хұмдар (көлемі үлкен құмыралар) еден бетінен ойылып, төменге орнатылады, ернеуі еден деңгейімен бірдей сыланып қойылған. Бұл хұмдар қойма есебінде пайдаланған немесе су құйып қойған. Қазба жұмыстары кезінде көлемі үлкен бөлмелердің кіреберіс бұрышында ташнау орнатылған бөлмелер де кездесті. Бөлмелерден тас қайрақтар, дән үккіш тастар, керамикалық ыдыстар, әшекей бұйымдар табылған.

Қалашықтағы ерекше атап көрсететін орындардың бірі – тұрғын-жайларды бөліп тұрған көше жолдары. Қазба жұмыстары кезінде осы көше жолдарының басым бөлігі ашылды. Жолдарға төрт түлік малдың сүйектері мен керамика, майда тастар төселген. Жолдың ені 1,5-2 м құрайды.

 ХАУЫЗ – БЕКІНІСТІ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕН

Хауыз – жасанды су  тоғаны. Хауыз цитадельдің жанындағы бекіністің негізгі алаңында орналасқан. ХІХ ғасырдағы орыс әскері Шымкент қамалын қоршауға алған сәтте осы хауыз бекіністі ауыз сумен қамтамасыз еткен. Ол туралы сол кездегі А.К. Гейнс секілді орыс жазбагерлері сипаттама береді.

Хауыздың аумағы шамамен 20-23 метр, тереңдігі 2,5 метр. Хауыздың орны қазба жұмыстарына дейін ішіне қала тұрғындары тастаған қоқыспен жартылай толып қалған. Осы қоқыстар тазаланып, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмыстарының мақсаты хауыздың құрылымын анықтау болды. Нәтижесінде судың ұзақ жылдар жатқан қабаттары және топырақ қабаты өте тығыз болды. Хауыздың құрылымы мен пішіні ХІХ ғасырдағы қалалардағы хауыздардың негізінде жасалынған. ХІХ ғасырда ортаазиялық қалалардағы хауыздар сегіз бұрышты, баспалдақ тәріздес болып келген. Олар қара тастармен және керамикалық кірпіштермен қаланып жасалынған. Бұл гидротехникалық құрылым әртүрлі мақсаттарда пайдаланылды: ауыз су қоры ретінде, өрт сөндіру жағдайында, сондай-ақ Шахристан тұрғындарының   серуендейтін  орны болған.

Барлық бекіністерде, жау әскерінің қоршауында қалған жағдайда су жинауға арналған су қоймалары болған.

Қала мен хауызға суды Бадам, Қошқарата өзенінен көлемі шағын жасанды тоған мен су диірмендері арқылы әкелінген. Су оңтүстік беттен қорғаныс дуалдарында орналасқан ұяшық-тесіктерден науа және су құбырлары арқылы кірген. Бұл туралы 1830 жылы Шымкентке келген хорунжий Н.И. Потанин былай деп жазады: «Бекіністе қабырғаға салынған ойықтар арқылы өзеннен ағып келетін сумен толтырылған көптеген арналар қазылған, осы каналдарда диірмендер салынған». Алайда, қаланың оңтүстік беткейінің басым бөлігі кейінгі қала құрылыстардың негізінде жойылып кеткен.

2018-2020 жылдардағы қазба жұмыстары кезінде жасанды құдықтардың бірі табылды. Бұл құдықтарда су жиналып, белгілі бір межеде ағып кетіп отырған. Яғни, құдықтағы су қоры үнемі айналыста тазарып тұрған.