Шымкент қаласында орналасқан монументтік өнер құрылыстары туралы шолу-мақаламызды өткен жолы Ғани Мұратбаев ескерткішінен бастап едік. Орнатылу тарихына қарағанда, ол бүгінгі таңға Кеңес заманынан жеткен елеулі мүсін сол ғана болып тұр. Қалған ескерткіштердің дені Тәуелсіздік алған заманнан бергі кезеңдерде орнатылған. Жалпы, Шымкент қаласында ескерткіштердің белсенді құрылысы ХХ ғасырдың екінші жартысында басталды. Қала аумағында ескерткіштер мен мүсіндер орнату мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналды.
Сол кездегі ескерткіштер социалистік идеяларды насихаттау, Кеңес өкіметінің тарихи жетістіктерін насихаттау, партия жетекшілерін дәріптеу және қоғамдық сананы қалыптастыру үшін жасалды. Бұл процесті ұйымдастыруда және жүзеге асыруда жергілікті партия ұйымдары маңызды рөл атқарды. Барлық жұмыстар солардың қатаң бақылауымен жоспарланды және орындалып отырды. Суретшілер мен мүсіншілер өз туындыларын Коммунистік партияның саяси талаптарына сәйкес жасауы керек еді.
Нәтижесінде Шымкент қаласының қоғамдық кеңістігінде сол дәуірдің рухын айқын көрсететін ескерткіштер мен мүсіндер пайда болды. Сол кезеңде орнатылған ескерткіштердің ішінде В.И. Ленин (бұрынғы Ленин атындағы алаңда), Карл Маркс және Фридрих Энгельс (бұрынғы Коммунизм даңғылында), М. Калинин (Металлургтер сарайында), В. Куйбышев (бұрынғы Куйбышев алаңында), Ф. Дзержинскийге (ІІМ мектебінің алдында) және басқаларға арналған ескерткіштерді бөліп көрсетуге болады.
Әрине, Кеңес кезеңінде орнатылған ескерткіштер негізінен идеологиялық мақсаттарға қызмет етті және сол кездегі саяси сұраныстарды көрсетті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ескерткіштер өзектілігін жоғалтты. Кеңес кезеңінің идеологиялық мұрасын қайта бағалау процесі басталды, олардың көпшілігі алынып тасталды.
Мемлекеттің басты міндеті ұлттық құндылықтарды жаңғырту, тарихи әділдікті қалпына келтіру және жаңа тәуелсіз Қазақстанның рухани келбетін қалыптастыру болды. Монументальді өнердің мазмұны мен бағыты түбегейлі өзгерді. Шымкентте Қазақстанның Тәуелсіздігіне және ұлттық тарихтың көрнекті қайраткерлеріне арналған ескерткіштер пайда бола бастады. Бұл өзгерістер рухани жаңғыру, ұлттық сананы қалыптастыру және тарихи мұраны қайта қарау жолындағы маңызды қадам болды.
Көрнекті тұлғалардың құрметіне көшелердің атауын өзгертумен қатарласа, қалада жаңа атауларға сәйкес келетін ескерткіштерді орнату тәжірибесі қалыптасты. Олардың ішінде Шәмші Қалдаяқов, Ахмет Байтұрсынов, Бауыржан Момышұлы және басқалар бар. Қазақстанның егемендігін бейнелейтін символдық монументтер – «Тәуелсіздік монументі» де орнатылды.
Қазақстан тарихындағы «ақ дақтаңдақтарды» жою – қуғын-сүргін құрбандарын, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алу секілді маңызды бағыттардың бірі болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Қасірет» және қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін мәңгілікке қалдыратын «Даңқ» мемориалдық кешендері ашылды.
Монументтер ескерткіштер, бюсттер, мемориалдық құрылымдар немесе ауқымды көркем инсталяциялар түрінде орнатылды. Монументальді ескерткіштерді орнату заңмен реттеледі және мәдени мұра объектілеріне жатады, сондықтан оларды орнату әрдайым мұқият жоспарланып, бақыланады. Ескерткішті орнату үшін мемлекеттік органдардың рұқсаты қажет. Ескерткіштің орналасқан жерін, егер ол қоғамдық жерде немесе тарихи маңызы бар аумаққа орнатылуын ескеру өте маңызды.
Бүгінгі таңда Шымкентте 150-ден астам монументальді ескерткіштер, бюсттер мен мемориалдар бар. Ал, ескерткіш тақталардың саны нақты қанша екені есебінен жаңылысасың, қазірдің өзінде олардың саны жүзден асады. Ескерткіштердің көпшілігі тиісті рұқсатсыз, заңсыз орнатылған. Соның ішінде сәулеттік және көркемдік құндылығымен, сондай-ақ мазмұндық маңыздылығымен ерекшеленетін бірнеше ескерткішке арнайы тоқталғымыз кедіп отыр. Көркемдігі, маңызы және орнатылу мерзіміне қарау рет-ретімен тоқтала өтеміз.
АБАЙ ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Жалпы, Шымкент қаласында Абай Құнанбайұлына арналған монументтік өнер құрылыстары бірнеше жерде бар. Оның бірі қала жұртшылығына өте таныс – «Абай саябағына» кіреберісте орнатылғаны болса, екіншісі А.Құнанбаев атындағы орта мектептің ауласында орналасқан. Бұлар – ұлы ақынның бастан-аяқ денесі толық мүсінделген ескерткіштер болса, одан тыс, Өтеміс тұрғын алабындағы ақын атымен аталатын мектеп ауласында тағы бір мүсін-бюст орын тепкен. Міне, Шымкент жұртшылығы қазақтың ұлы ақынына деген үлкен құрметін осылай көрсетсе керек.
Жалпы, Абай ескерткіштерінің ішінде Қазақ елінің тәуелсіздік алған уақытынан бергі кезеңде Шымкентте алғаш орнатылған ескерткіш болғандықтан, «Абай саябағы» алдында орнатылған мүсіннен бастасақ дейміз. Қаладағы Абайдың бірінші ескерткіші – сол.
Қазақ халқының жазба әдебиетінің негізіні салушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш Шымкент қаласында алғаш рет ұлы ақынның 150 жылдығына арналған мерейтойына орай 1995 жылы ашылды. Ол қазіргі Б.Момышұлы және Желтоқсан көшелерінің қиылысында, «Абай саябағының» алдында, кіреберісінде орналасқан. Ескерткіш орналасқан саябақ алғаш рет 1967 жылы «Октябрьдің 50 жылдығы» деген атаумен ашылған. 1991 жылы ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен саябаққа «Абай» есімі берілген.
Абай Құнанбайұлы қазақ халқының рухани жаңғыруы мен ұлттық әдебиетінің негізін қалаушы ірі тұлғалардың бірі – Абайдың мүсіні тұғырдың үстінде отырған күйінде бейнеленген. Оның оң қолы оң иығы деңгейінде, арқасын жапқан сырт киімінің шетін ұстап тұр. Сол қолымен сол аяғының тізесіне сүйеніп кітапты ұстаған күйде көрсетілген. Киімі кең, әрі ұлттық нақыштағы шапанға ұқсайды. Мүсін түсті металдан жасалған, ішкі жағы бос. Мүсінге арналған металды сол кездегі қорғасын зауытынан алған. Ескерткішті мүсіншілер Н. Рүстемов және Д. Әлдековтер жасаған.
Мүсінің биіктігі – 2,3 м. Мүсін орналасқан тұғыры екі деңгейден тұрады, бірінші деңгейге алдыңғы жағынан дөңгелек пішінді екі баспалдақ арқылы көтерілуге болады (әр баспалдақтың биіктігі – 20 см). Ол шағын алаңға ұқсас биіктігі 0,4 м, көлемі 8х6 м құрайды. Ал екінші деңгейі бірінші алаңқайдың үстінде орналасқан, шеңбер пішіндес, диаметрі 3,5 м, биіктігі 1 м. Тұғырлары гранитпен қапталған. Мүсін тұрған тұғырдың төменгі бөлігінде көлемі 74х41 см болатын тақтайша бар, онда «Абай. 1845-1904» деп жазылған.
Абай Құнанбайұлына арналған екінші толық мүсін 2019 жылы орнатылған екен. Бұл мүсін Қаратау ауданы, «Мирас» шағынауданындағы Абай Құнанбаев атындағы мектеп-гимназия ғимаратының алдында ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай орнатылған. Ескерткіштің орналасқан мекен-жайы: Кеме қалған көшесі, 30/1.
Бұл ескерткіш қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан тарихи тұлғаның бейнесін болашақ ұрпаққа өнеге ретінде ұсыну мақсатында тұрғызылған. Мүсінде Абай ұлттық нақыштағы шапан мен тақия киген күйінде бейнеленген. Оның сол қолы шапанының жағасын ұстап тұр, ал оң қолы еркін түсіп, кітапты ұстап тұрған кейіпте сомдалған.
Мүсін қызыл граниттен жасалған тікбұрышты тұғырға орнатылған. Тұғырдың алдыңғы бетінде қара гранит тақтайшада «Абай Құнанбаев (Ибраhим)» деп жазылған.
Абай Құнанбайұлына арналған үшінші мүсін – Өтеміс тұрғын алабы, Құлсейіт көшесі, №9 үйде орналасқан Абай атындағы №32 жалпы орта мектептің ауласында орналасқан бюст. Бюст – 1,45 метр, тұғыры – 1,95 метр, жалпы биіктігі 3,5 метрге таяу.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845-1904 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол – ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындастыра отырып қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.
Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Шыққан тегі орта жүз арғын тайпасының тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманында қарадан шығып аға сұлтан сайланған, атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған.
АБАЙ АТЫМЕН АТАЛАТЫН КӨШЕ, МЕКТЕП, КІТАПХАНАЛАР БАР
Шымкент қаласында ұлы ақын Абай атымен аталатын Абай ауданы, Абай даңғылы, «Абай саябағы», Абай кітапханасы, «Хәкім Абай» әдебиет музейі, Абай Құнанбаев атымен аталатын екі мектеп (біріншісі Өтеміс тұрғын алабындағы №32 жалпы орта мектепі, екіншісі «Мирас» шағынауданындағы жалпы орта мектеп), одан тыс қалаға қарасты елді мекендер мен шағынаудандарда да (Бозарық, Тассай, Ақжар, «Жұлдыз», «Сәуле», т.б.) Абай және «Абай жолы» деп аталатын көшелер, жеке мектептер («Ынтымақ» шағынауданы) бар. Қала аумағындағы бірін-бірі қайталайтын Абай атымен аталатын бірқатар көшелер 2020 жылы қала басшылығының шешімімен өзгеріске ұшырады (сілтеме: Шымкент қаласы әкімінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №816 шешімі https://adilet.zan.kz/rus/docs/V20E0000148 ).
Қаладағы Абай даңғылы деп аталатын көшенің жалпы ұзындығы 2 шақырымға жуық. Бұл көше бастапқыда өткен ғасырдың орта шенінде (1940-1950 жылдары) пайда болған Қорғасын зауыты маңындағы поселкенің басты көшесі ретінде пайда болып, Орджоникидзе атымен аталған. Қорғасын зауыты алдындағы алаңнан басталып, қаланың солтсүтік-батысынан жаңадан ашылған Жаңашаһар шағынауданы арасын жалғайтын статусқа ие, магистральді көше қызметін атқарған. Бастапқы жоспарланған кезінде металлургтер поселкесіне лайықталғандықтан, даңғыл бойында Металлургтер стадионы, ауруханасы, жұмысшылардың балаларына арналған білім беру мекемелері жайғасты. Оған кейіннен Машина жасау зауытының цехтары қосылды. Бүгінде тұрғындар «Тоғай» («Роща») деп атап кеткен ауруханалар топтасқан жер мен оған қарама-қарсы маңда орналасқан кеңестік жұмысшы табының мүсіндері ары-бері өткен сайын көзге түсетіні бар. Көше бойында сол кезеңдердің куәсі болған ғимараттар бүгінгі таңға дейін жеткен. Абай даңғылы мен Ю.Гагарин көшесінің қиылысындағы қазіргі «Баян» қонақүйі де сол металлургтер кентінің бүгінге жеткен бейнесіндей.
Ал, осы Абай даңғылы бойындағы А.Чехов атындағы №21 мектеп ғимараты соғыс жылдарында Харковьтен эвокуацияланған әскери госпитальдің орналастырылған жері болды. 1968 жылы ғимарат алдына сол әскери госпитальге келіп, соғыстан алған жараларының салдарынан қайтыс болған жауынгерлерге арналған монумент орнатылды. Ол монумент бүгінгі таңда да мектеп ауласында тұр.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары оған дейін Орджоникидзе атымен аталып келген даңғыл 1991 жылы Абай атымен атала бастады.
Абай атымен аталатын тағы бір байланысты нысан – Абай кітапханасы. Биыл кітапхананың құрылғанына 70 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар өтіп жатыр. Ол жайында жаңалықтарымызда кеңінен таныстырып жүрміз.
Айта кететін нәрсе, «Хәкім Абай» әдебиет музейі биылдан бастап «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК құрамында қайта ашылып, жұмысын енді бастап жатыр. Алдағы уақытта қала тұрғындары, оқушылар мен студенттер, қалаға келетін туристерге толыққанды қызмет ететін болды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Әбдіәкімұлы Момбек. Шымкент қаласының тарихы, Алматы; «Қаламгер» баспасы, 2021-306 бет.
- Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1: Чимкентская область. –Алма-Ата Гл.ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994.
- Абай. Энциклопедия. – Алматы, 1995; Қазақстан тарихы. Энциклопедиясы. 1-т. – Алматы, 2019.
- Список переименованных улиц Шымкента // https://ru.wikipedia.org/wiki/Список_переименованных_улиц_Шымкента
- О наименовании и переименовании некоторых составных частей города Шымкент // Совместные постановление акимата города Шымкент от 15 декабря 2020 года № 816 и решение маслихата города Шымкент от 15 декабря 2020 года № 72/672-6с. Зарегистрировано Департаментом юстиции города Шымкент 25 декабря 2020 года № 148 https://adilet.zan.kz/rus/docs/V20E0000148