Шымкент қаласындағы мемлекеттік тіл саясаты саласындағы жұмыстарды атқару – қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарамасы атқарады. Осы мемлекеттік құрылымға жүктелген. Сондықтан, үстіміздегі 2024 жылы аталған сала бойынша жұмыстар ретіне тоқталып, атқарылған шаруаларды таныстырып өтсек дейміз. Ол үшін, рет-ретімен таныстырайық.
БАРЛЫҚ КӨРНЕКІ АҚПАРАТТАР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖАЗЫЛУЫ ТИІС
Тіл саясаты жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңға 2021 жылдың 29-шы желтоқсанында өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 2022 жылғы 22-ші қаңтарынан қолданысқа енгізілді.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, барлық көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде жазылады, қажет болған жағдайда ғана орыс және басқа да тілдерде жазуға шектеу жоқ.
Сонымен қатар, басқармада Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы № 914 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» негізге ала отырып жұмыстар атқарылып келеді.
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 5 бағыт, 13 нысаналы индикатор және 3 нәтижелі көрсеткіш қарастырылған. Бес бағыттың төртеуі жергілікті атқарушы органдарға қатысты. 13 нысаналы индикатор 5 бағытта орналасқан, орындалуы міндеттелген индикаторлар жиынтығы.
Бірінші бағыттың орындалуы бойынша Шымкент қаласында Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесін 2029 жылға дейін 93,5 пайызға жеткізу көзделген. Қазіргі таңда тіл саясаты мәселелері бойынша сауалнамалық және сараптамалық зерттеулер жүргізудің нәтижесінде 97,8 пайызды құрап отыр.
Тілдік жоспарлауды іске асырудың екінші бағыты бойынша басқармаға бағынысты тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ересек тұрғындарды оқыту үшін үнемі филологтар мен лингвист-ғалымдарды тарта отырып, семинарлар, дәрістер, курстар ұйымдастырып, өткізіп келеді.
Үшінші бағыт, тіл үйрету әдістемесін жетілдіру мақсатында Қазақ тілін оқытушылар мен әдіскерлердің тәжірибе алмасуы жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру, Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық конкурс ұйымдастыру, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді және ана тілдерін үйренуіне арналған бейне сабақтарды әзірлеу жоспарланып, өткізілді.
Бесінші, қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру бағытында Мәдениет ұйымдарының (театр, кино) репертуарын қазақтілді жаңа контентпен, оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің көрермендер аудиториясына арналған шығармалармен толықтыру қолға алынған.
Аталған бағыттар бойынша нәтижелі көрсеткіштерге жету, тіл саясатын дамытуға арналған әр-түрлі саладағы іс-шаралар мен атқарылған жұмыстардың үлесі.
Анықтама: (Түркі, славян жазбаларының күндерін мерекелеу шеңберінде конкурстар, конференциялар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізу, Жергілікті атқарушы органдарға, ұлттық компанияларға көрнекі ақпаратты дұрыс жазу, бизнес саласындағы көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде ресімдеу қажеттігі бойынша консультациялық түсіндіру жұмысын ұйымдастыру, «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» республикалық конкурсын өткізу, Кәсіпкерлердің фискальді (кассалық) чектерді «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шығаруын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізу, Қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, Мемлекеттік мекемелерге, кәсіпкерлік субъектілеріне, квазимемлекеттік секторға олардың тіл заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етуі мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әдістемелік көмек көрсету, «Қазақстан халықтарының тілдері күнін» мерекелеу шеңберінде іс-шаралар өткізу және оларды БАҚ-та насихаттау, Мемлекеттік Тілдерді оқыту орталықтарында ересектер, оның ішінде азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер үшін курстар (қазақ, орыс, ағылшын) ұйымдастыру, Мемлекеттік органдардағы және ұлттық компаниялардағы жалпы құжат айналымында мемлекеттік тілде іс жүргізудің үлестік көлеміне мониторинг жүргізу, Ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу).
МАҢДАЙША ЖАЗУЛАР ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІКТЕРДІҢ РЕСМИ РҰҚСАТЫН АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ОРНАЛАСТЫРЫЛАДЫ
Саладағы тағы бір жаңалық, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы әзірленді. Заң жобасымен «Тіл туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жергілікті атқарушы органдарға «маңдайшаларды орналастыру туралы хабарламаларды қабылдауды және қарауды жүзеге асыру» құзыреттілігін беру қарастырылған.
Заң қабылданғаннан кейін маңдайша жазулар жергілікті әкімдіктердің ресми рұқсатын алғаннан кейін ғана орналастырылатын болады.
2024 жылы 9-шы қазанда Шымкент қаласы әкімінің № 72-ө өкімімен Шымкент қаласында тіл заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, 705 кәсіпкерлік нысанға тіл туралы заң талаптары түсіндіріліп, 454 нысан иесіне анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілді. Нәтижесінде, анықталған кемшіліктердің 207-сі түзетілді. Қалған нысандар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
2024 жылға мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, насихаттауды көздеген 11 іс-шара өткізілді (бұл мақсатқа бюджеттен 15 млн. теңге қаржы бөлінген).
Атап айтқанда, форум, конференция, семинарлар, дөңгелек үстелдер, оқыту курстары, бейнероликтер, ақпараттық хабарламалар тарату, үндеулер, брошюралар, жарнама мәтіндерін сапалы аудару, грамматикалық, стилистикалық дұрыс жазылуын қамтамасыз ету туралы қызмет түрлері, байқаулар, телевизиялық бейнесабақтар, фестивальдер, мәдени іс-шаралар және тағы басқалар.
Қаладағы мемлекеттік мекемелерде тілдік ахуал тұрақты. Бұл ретте, басқарма тарапынан қалалық басқармалар мен аумақтық мекемелердің (департаменттер, инспекциялар) ішкі құжат айналымына тоқсан сайын мониторинг жасалады.
2024 жылғы ІІІ тоқсан қорытындысымен шығыс құжат айналамындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдарда 95,8% пайызды, оларға бағынысты мекемелерде 93 пайызды құрап отыр.
Жалпы, қаладағы мемлекетік мекемелерде құжат айналымы толық мемлекеттік тілде. Дегенмен, жоғары тұрған органдардың сұранысы бойынша қаржылық құжаттар мен кейбір сұраныс құжаттардың екі тілде әзірленетінін айтуға тиіспіз.
Қолданыстағы заңның талаптары бойынша Тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібіне сәйкес, мемлекеттік мекемелерге тексерулер жүргізу 2025 жылдың І жартыжылдығына жоспарланып отыр.
МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ ИНТЕРФЕЙСІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЕНГІЗІЛІП, ДЕРЕКТЕР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ҰСЫНЫЛА БАСТАДЫ
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 7-ші тармағын және Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңының 10-бабы аясында басқарма «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының қатысуымен 2024 жылғы 8 қарашада кәсіпкерлік нысан иелерімен бірге бақылау-касса машиналары аппараттарының чектерді қазақ тілінде шығаруға қатысты семинар өткізді.
Нәтижесінде, Шымкент қаласында орналасқан 62220 кәсіпкерлік нысан субъектілерінде орналасқан бақылау-касса машиналарына мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік тілде чек шығаратын машиналардың бағдарламасын ретке келтіру бойынша арнайы тапсырмалар берілді.
Кешегі өткен 21-ші қарашада кәсіпкерлердің фискальді (кассалық) чектерді «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шығаруын қамтамасыз ету мақсатында «Тіл тазалығы – ұлт мәдениетінің айнасы» семинарын өткізу ұйымдастырылып отыр.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы тұрғындарының қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру деңгейін анықтау мақсатында өткізілетін әлеуметтік сауалнаманың екінші кезеңі биылғы жылы 22 қарашаға жоспарланған.
Мемлекеттік тілді дамыту бағытында елімізде көптеген шаралар іске асырылып келеді. Соның ішінде электронды платформалар: «Емле.kz», «Құжат.kz», «Сөздікқор.kz», «Терминком.kz», «Атау.kz», «Тілмедиа», «Бала тілі», «Тілқұрал» сайттарының жұмысын атап өткен жөн.
Мысалы, «Емле.kz» сайтының орфография блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері берілген, яғни бірнеше томдық кітапты ақтармай-ақ 2-3 секундта сөздің дұрыс жазылуын көруге болады.
«Құжат.kz» сайтында әртүрлі саладағы құжаттардың толтыру үлгісі берілсе, «Терминком.kz» сайтынан бекітілген терминдерді көруге болады.
Сонымен қатар, тіл саясаты саласындағы уәкілетті органның ықпалымен Kaspi.kz, Krisha.kz, Kolesa.kz, InDriver сияқты мобильді қосымшалардың интерфейсіне мемлекеттік тіл енгізілсе, биылғы жылдың сәуір айынан бастап Қазақстандағы ең танымал іздеу жүйелерінің бірі – 2GIS (Ту ГИС) карталар мен ұйымдар туралы деректерді мемлекеттік тілде ұсына бастады.
Осындай жүргізіліп жатқан нәтижелі жұмыстарды жергілікті жерлерде кеңінен насихаттап, сайттардың көмегін пайдалануымыз керек.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, көрнекі ақпарат саласындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мақсатында келесідей ұсыным ұсынылады:
– сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде орын алған қателіктерді болдырмау және олардың алдын алу мақсатында «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шымкент қалалық филиалы және Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы жеке кәсіпкерлер мен жарнама агенттіктерімен тікелей жұмыс жасайтын құзыретті орган ретінде тығыз байланыс орната отырып, майдайшаны немесе жарнаманы орналастырғанға дейін оны тіл мәселесіне жауапты атқарушы орган, яғни біздің басқармамен міндетті келісу тәжірибесін қарастыруды ұсынамыз.
Мемлекеттік тіліміздің мерейі үстем, мәртебесі биік болсын!
Б.ОРЫНТАЕВ
Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы