Шымкентте музейлер бірлестігі құрылды. Енді ол мекеме Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны деп аталатын болады.
Жаңадан құрылған мекемеге бүгін жаңа басшы, директордың уақытша міндетін атқарушы ретінде Ж.К.Құрбан тағайындалды. Жаңа мекеменің жаңа басшысын ұжымға Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Қ.Ғ.Ысқақов таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Қалалық музейлер бірлестігі құрамына бес музей бөлімі: «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Қуғын-сүргін құрбандарының музейі, «Ерлік» музейі, «Хәкім Абай» музейі, «Сайрам» музейлері біріктіріліп отыр. Алдағы уақытта ол бес музейлер жаңадан құрылып отырған қалалық музейлер бірлестігінің құрамдас бөлімдері болып өз қызметтерін жалғастыра бермек.
Бірлестіктің осындай құрамдас бөліктерінен бөлек, негізгі әкімшілік-ұйымдастыруды қамтамасыз ететін орталық құрылымында да біршама жаңа өзгерістер орын алмақ. Оның ішіне Ұйымдастыруды қамтамасыз ету бөлімі, Қорларды ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімі, Экспозициялық көрме құру, қамтамасыз ету бөлімі, Ғылыми зерттеу, жалпы тарих, археология және этнография бөлімі, Ғылыми әдістемелік қамтамасыз ету бөлімі, Экскурсиялық, бұқаралық жұмыс жүргізу бөлімі және Шаруашылық-қаржылық қамтамасыз ету бөлімдері кіреді.
Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанып, жеке әкімшілік бөлініс ретінде қалыптасқалы қаладағы музейлер саласы, музейлендіру ісі тоқырап тұрғаны белгілі. Қала басшылығының музейлер саласына ерекшелеп маңыз бергеніне қарғанда, алдағы уақытта бұл салада біршама игілікті, ілкімді жұмыстардың басталатынына сенім артқымыз келеді.
Осы тұста айта кететін нәрсе, мұндай қалалық музейлер бірлестігін құру, бір орталықтан басқару, жүйелеу, бір қалыпқа келтіру тәжірибесі еліміздің басқа өңірлерінде де, Алматы, Астана қалалары мен Алматы облысында бар екен. Шымкент қаласының музей саласына жауапты мамандары осы жылдың тамыз айында Алматы қаласы мен Алматы облысына барып, ол жақтың осындай құрылымдарымен танысып, құқықтық, шаруашалық жүргізу, басқа өңірлермен тығыз қатынас орнату, шетелдік және заманауи тұрғыда жетілген музейлермен тәжірибе алмасу жұмыстары жағынан тәжірибе алмасып келіп еді. Сол алынған сабақтың арқасында Шымкенттің музейлеріне ендіріліп отырған жаңа тәжірибеде көмегі тиетін болады.
Жаңа құрылған музейлер бірлестігінің жаңа басшылығына, қызметкерлеріне құтты болсын айтып, қызметтеріне сәттілік тілейміз.