ШЫМКЕНТТІК АСПАЗДАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГАСТРОНОМИЯЛЫҚ БАЙҚАУДАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы – Қазақстанның гастрономиялық туризмінің астанасы. Ел ішінде солай деп таниды, рас. Ол мәртебені енді әлемдік туризм саласы мамандары мойындай бастады. Соның бір дәлелі, шымкенттік аспаздар Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық гастрономиялық байқауға қатысып, ұлттық тамақтарымызды ұлықтап қайтты.

«Turkistan Chefs Hub» бірлестігінің аспаздары «Shymkent Tourism Bureau» туристік бюросының қолдауымен «Game of Food GastroAntalya 24» байқауына қатысып, 2 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Осылайша бірнеше елден жиналған талантты аспаздар арасынан шымкенттіктер топ жарды. Олар сайыста өздерінің кәсіби шеберліктерін жоғары деңгейде көтеріп, жеңімпаз атанды.

Шымкенттік команда байқауда бірнеше санат бойынша жүлделі орындарға ие болды. Команданың негізгі мәзірінде қазақтың ұлттық тағамдары: ет асу, қазы-қарта, бауырсақ және түрлі еттен дайындалған тағамдар заманауи тәсілдермен ұсынылды. Нәтижесінде, ұлттық тағамдар санатында ерекше көзге түсіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Бұл ауқымды гастрономиялық іс-шара жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік аспаздарды жинайды. Биылғы байқауға 46 санат бойынша 36 елден жүздеген аспаздар мен аспаз болғысы келетіндер қатысқан. Қатысушылар дәстүрлі тағамдарды заманауи әдістермен үйлестіріп, өз елдерінің гастрономиялық мәдениетін таныстыруға атсалысты. Ал солардың арасында Шымкенттің гастрономиялық әлеуетін 7 аспаз таныстырып, жетеуі де жүлдемен оралды.