Шымкент қаласында орналасқан ескі сәулет ескерткіштерінің ішінде Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешітінің алар орны ерекше. Бұл сәулет нысаны жазба әдебиеттерде 1890 жылдары салынғаны айтылады. Дегенмен, 1980 жылдардың аяғында қайта құрылымдаудан өткен. Қазіргі тұрған жері Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Амангелді көшесі, 29 үй мекен-жайында орналасқан.
Бұл мешіт туралы алдыңғы тақырыптардың бірінде қозғалған қаланың ескі көшелерінің бірі Амангелді көшесі туралы мақаламызда сөз етіп едік. Енді сол мақаламыздың жалғасы сияқтанған осы жарияланымызда кеңірек тоқталмақпыз.
АРХИВ ДЕРЕКТЕРІ ЖӘМИ МЕШІТІНІҢ ҚҰПИЯСЫН АША ТҮСТІ
Мешіт Шымкенттің революцияға дейінгі ескі қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қошқарата мен Қарасу өзендері аралығында орналасты. Оның шығыс жағы базар алаңымен (қазіргі Әйтеке би көшесі) іргелес жатты. Сондықтан, мешіт салынған кезінен бастап базарға дейінгі аралық шаруашылық қызметіне байланысты (базарда мешітке қараған бірқатар дүңгіршектер болған) бірыңғай қала құрылысы-жоспарлау кешенін құрады. Революцияға дейін Шымкент қаласының бұл тұсы «Юкарим бөлігі» деп аталды. Мешіт қарапайым тұрғын үй құрылыстарының ортасында өзінің ыңғайлы орналасуы және сәулетімен ерекшеленді, бұл оның қаланың қоғамдық өміріндегі маңыздылығын тағы бір рет аша түсті. Бұл жердің сакральді қасиеті оның «Жәми махалла» деген атауынан да көрінеді. Мешітке жақын жерде уезд бастығының үйі болды, ол өзінің сәулетімен де ерекшеленді, бірақ ол бүгінгі күнге дейін қатты өзгеріске ұшыраған түрде жетіп отыр.
Құрылыс аяқталғаннан кейін Шымкенттегі собор мешіті көп ұзамай қаладағы діни және этникалық жағдайларға байланысты есептерде, шолуларда, әртүрлі статистикада көрініс таба бастады. Бұл материалдар Шымкентте собор мешітінің күрделі ғимараты бар екені туралы деректермен ғана шектелді. Революцияға дейінгі баспасөз беттерінде Шымкент туралы аздаған сипаттамаларда оның сыртқы түрі мен басқа ерекшеліктеріне тоқталмай, тек атап өтумен ғана шектелді. Шымкенттегі Жәми мешітінің тарихына қатысты дереккөздер арасында Түркістан өлкесінде танымал қоғам қайраткері және ағартушы Саттархан Әбділғафаровтың (1843-1901 ж.ж.) естеліктері ерекше орын алады, оны 1890 жылы Н.П. Остроумов жазған және алты жылдан кейін жариялаған. Шымкентте туып, осында жерленген Саттархан собор мешітінің екінші ғимараты мен оған қарасты медіресенің құрылысына куә болған, өйткені оның атасы осында ұстаздық еткен, кейін әкесі сол собор мешітінің хатибі болған. Саттархан Әбділғафаровтың өзі кейінірек Жәми мешітінің соңғы сақталған ғимаратын салудың бастамашысы және жетекшісі болды, бұған мұражай суреттеріндегі жазулар да жанама түрде дәлел бола алады.
Сырдария облысы мен Шымкент уезінің билігі 1910 жылдардың бірінші жартысында кейбір құжаттарда көрсетілгендей оған үлкен қызығушылық танытты. Бұл назар аудару тарихқа, қаланың сәулетіне немесе исламды зерттеуге еш қатысы жоқ себептермен байланысты болды. Мешіт жанында медіресе жұмыс істеп тұрғандықтан, олар оған Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысындағы халық ағарту ісінің жай-күйін тексеруге байланысты қызығушылық танытты. Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің «Түркістан өлкесінің білім беру ұйымдарының басқармасы» қорында көлемді бумада сақтаулы «Шымкент қаласындағы Жәми мешітіне қатысты тергеу» және «Шымкент қаласының Жәми мешіті жанындағы медіресе туралы анықтама», сондай-ақ «Сырдария облысының 3-ші ауданының Халық училищелері инспекторының Сырдария облысының Халық училищелерінің директорына рапорты» дейтін құжаттар негізінен Ескі қаланың ақсақалдарының, собор мешітінің соңғы екі ғимараты құрылысын көзімен көргендер мен замандастары және тергелуіне негізделген. Бұл істе «Жәми» мешітінің учаскесі мен құрылыстары көрсетілген Шымкент қаласының жоспарынан көшірме, сондай-ақ базардағы «Жәми» мешітіне тиесілі 15 дүңгіршек және Шымкент қаласының сәулетшісі қызметін атқарушы З. Шпенев бүйір қанаттарының қиындысын көрсете отырып сызған мешіт ғимаратының жоспары бар. 1912, 1913 және 1915 жылдарға жататын бұл құжаттар Шымкенттегі собор мешітінің алғашқы ғимараттарының пайда болуы туралы түсінік қалыптастыруға көмектеседі және Жәми мешітінің сақталған соңғы ғимараты құрылысының тарихын айшықтай түседі, оның бастапқы келбетін бағалауға мүмкіндік береді.
Жарты ғасырға жуық ұмытылғаннан кейін сәулетші М.М. Меңдіқұлов Шымкент мешітін өзінің «XIX және ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан сәулетінің сипаттамасына» (1959 ж.) тарихи-архитектуралық очеркіне енгізді, бұл өз кезегінде ескерткішті сәулет тарихы тұрғысынан қараудың алғашқы әрекеті болды. Ол жарияланымды мешіттің орталық бөлігінің схемалық жоспарымен және ауланың, негізгі қасбеттің кейінгі қосымша құрылыстар өзгеріске ұшырата қоймаған фотосуретімен көрнекіледі. С.Тілеуқұлов собор мешіті туралы маңызды ақпаратты Ресей жаулап алуы қарсаңындағы Шымкент қаласының сипаттамасына байланысты келтіреді (1960 ж.).
Екінші рет Жәми мешітін Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің «Қазпроектреставрация» институтының мамандары 1980 жылдардың басында сәулет ескерткіштерін паспорттау барысында тексерді, сол кезде ол «Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағына» енгізілді. 2000-шы жылдары басында мешіт туралы М.Б. Гаудинова XIXғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Орталық Азия мешіттерінің аймақтық ерекшеліктерін зерттеу аясында тоқталды.
2004 жылдың мамыр айында М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің археология және этнология кафедрасы мешіттің 30 метр батыс тұсынан тереңдігі 2 метр археологиялық шурф салды, бұл мешіт туралы жанама сипаттағы елеулі деректерді нақтылауға мүмкіндік берді. Сол кезде архивтік іздеу жұмыстары жүргізіліп, жоғарыда аталған құжаттар табылды.
МЕШІТ АЛҒАШЫНДА ЦИТАДЕЛЬ АУМАҒЫНДА БОЛҒАН
Собор мешітінің алғашқы ғимараты Шымкент қаласының бекінісінде болғаны туралы XVIII ғасырдың аяғы мен XIX бірінші жартысындағы бірнеше орыс дереккөздерінде айтылады. 1823 жылы (1843 жыл да аталған) Шымкент қаласының «Юкарим бөлігіне» көшірілген. Мешіттің бұлай көшірілуі туралы «Шымкент қаласындағы Жәми мешітіне қатысты тергеуде» жазылған, басқа деректі дереккөздерде растала қойған жоқ.
Қоқанханының бұйрығымен Ташкенттегі өкіл Мырза Ахметпаруанашы Шымкент қаласына келіп, Шымкент,Сайрамжәне қазіргі ОңтүстікҚазақстанныңбасқа да аудандарынабилікқұрған уақытында собор мешітініңқұрылысы жүргені туралы мәліметтер неғұрлымсенімтудырады.МырзаАхметбұлаймақты1853жылдан1858жылға дейін басқарды. Бұл – Шымкент қаласында мешітқұрылысы жүргенықтималкезеңі.
Сонымен бірге 1856 жылы оның бұйрығымен бекіністің етегінде базар алаңы дамыды. Ол кезеңде шығыстық қалалардың дәстүрінде базар мен мешітті қатарласа орналастыру қала құрылысы және шаруашылық кешені учаскесінің ажырамас бөлігін құрайтындықтан, базармен бірге Жәми мешіт те бір мезгілде пайда болғаны туралы ой келеді.
Мешіт құрылысының осы 1855-1856 жылдар мерзімі «Сырдария облысының 3-ші ауданының Халық училищелері инспекторының Сырдария облысының Халық училищелерінің директорына рапортында» да көрсетіледі.
Бұл ғимарат монументальді қалыпта салынбаған болуы мүмкін, өйткені, ақпарат берушілердің айтуынша, орыстар жаулап алғаннан (1864 жыл) кейін көп ұзамай тозығы жетіп бұзылған, сосын қайтадан қалпына келтірілген. Құжаттарда көрініп тұрғандай, кейіннен мешіт пен оның жанындағы медіреселер бірнеше рет жөнделіп, қайта жанданды. Мұндай ерекшелік әдетте шикі және сазды-қаңқалы ғимараттарға, соның ішінде қалалық махалла мешіттеріне тән.
1980-ші жылдары соңына қарай Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешіті кешенінің ядросы болған қазіргі қолданыстағы монументальді ғимарат құрылысының нақты мерзімі әлі анықталған жоқ. Әдеби дереккөздерді сараптаудан және жанама мәліметтерден собор мешітінің құрылысшысы (сөздің кең мағынасында) – Шымкент тарихында елеулі із қалдырған, бір жағынан Шымкент қаласының ескіқалалық бөлігіндегі тұрғындар арасында құрметке ие болған және екінші жағынан орыс отаршыл билігінің нақты қолдауына ие болған Саттархан Әбділғафаров екені анықталды. Саттархан Қоқан мен Ташкентте тұрып, қызмет етіп келгеннен кейін 1893 жылы Шымкентке екінші рет қази болып тағайындалды. 1899 жылы ол қатты ауырып, Ташкентке кетті. Саттархан Әбділғафаровтың өмірі мен қызметінің осы, соңғы Шымкент кезеңін Шымкенттегі Жәми мешітін салудың ең ықтимал уақыты деп санаған жөн.
Дегенмен, халық арасында басқа да ауызша деректер бар. Ол ауызша деректерде ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шымкент қаласының маңын мекен еткен Дәуітұлы Шыңғысбай деген азамат қажылыққа бару үшін осы мешіттің құрылысын бастағаны туралы айтылады. Ол дерек жайында бұған дейін арнайы тақырып етіп жазған едік. Сол кезде Шыңғысбай қажы жерленген жерге барып, қажының басына құран оқып, зияраттап едік. Біз бұл жолы тек жазбаша деректерді қаузап жатқандықтан, ол тақырыпқа тағы да тоқталып жатпаймыз.
1930-шы жылдардың басында Жәми мешіті жабылып, ғимарат астық қоймасы ретінде пайдаланылды. Соғыстан кейінгі жылдары ол бұрынғы күйінде қайта жанданды, бірақ оның бастапқы атауы жоғалды. 1970-ші жылдары бұл мешіт «Нұр»деп аталғаны белгілі. 1988 жылдың аяғында басталған қайта құрудан кейін оның тарихи маңызы аздап өзгертіліп, ол «Қошқар ата» мешіті болып ауысты. 2000 жылдардың басында ол мешіттің сол кездегі қызметшілерінің арғы атасы Дәуітұлы Шыңғысбай қажы есімімен аталды.
Революцияға дейін Шымкент қаласының саны әр уақытта 16-дан 42-ге дейін өзгеріп отырған басқа мешіттері арасында Жәми мешітінің орны ерекше болды, өйткені ол қаланың соборлық мешіті болды. Бұл оның архитектуралық, қоғамдық маңызы мен сакральді мазмұнын анықтайды. Бұл мешіттің жоғары мәртебесі туралы оның бастапқы атауы – Орталық Азия қалаларындағы көптеген соборлық мешіттер алып жүрген «Жәми» дейтін аты ашып тұр. Араб тіліндегі «Джами» термині белгілі бір дәрежеде оның мақсаты мен мәнін көрсетеді, өйткені оның аудармасында «жалпыға ортақ», «толық», «кемел» сияқты эпитеттер-анықтамалар бар.
Алайда, ол архитектуралық және типологиялық тұрғыдан Шымкенттің Жәми мешіті собор мешіті ретінде болған жоқ. Сірә, бұл бір жағынан собор мешіті мен оқу орнының (медіресенің) функцияларын, екінші жағынан қалалық махалла мешітінің архитектуралық түрін біріктіру нәтижесінде пайда болған исламның культтік құрылысының аралас түрі.
МЕШІТТІҢ ЕҢ ЖАҚЫН АНАЛОГЫ ЖӘНЕ МҮМКІН ПРОТОТИПІ – САЙРАМДАҒЫ ҚЫЗЫР ПАЙҒАМБАР МЕШІТІ
Мешіт кешенінің құрылымы ғасырлар бойы қалыптасқан. Оның негізгі бөліктері: михрабты залы бар ерекше өлшемдері мен сәулеті келіскен мешіт ғимараты орталықта орналасқан және бүйір қанаттары-айвандар, жабық ауланы құрайтын ғимараттар және мұнара. Бұған мешіт ғимаратының о.-б. қанатының астындағы жерасты культтік құрылымдарын қосуға болады.
Мешіт алып жатқан Ескі қаланың учаскесі тамаша жобаланып орналастырылмаған. Мешіттің бүйір қанаттарының ұзындығы шамалы болғандықтан, оның жоспары толық П-тәрізді аула композициясына ие болмады. Нәтижесінде, аула жоспарының конфигурациясы дұрыс емес бесбұрыштың сызбасын алды. Жіңішке ағаш ұстындарға жабылған жеңіл айван ауланы негізінен батыстан және аздап солтүстік пен оңтүстіктен қоршап, оның кішкене бөлігін ғана «құшақтайды». 1970-ші жылдарға қарай айван екі қабатты әйнектелген галереяның көрінісін алды, оның фонында орталық бөліктің үш аркалы қасбеті керемет көрінді. Балшықтан жасалған дуалдың орнындағы сыртқы қоршауды архитектуралық тұрғыдан ойластыру 1980-ші жылдардың аяғында, ауланы кең көлемді қайта құру кезінде ғана болды. Содан кейін бұрынғы қоршаудың периметрі бойымен ауланың ішіне қараған екі деңгейлі галерея-айвандар түрінде екі қабатты оқу, ғибадат және шаруашылық бөлмелері салынды. Көше жақ қасбеттерінде олар жалпақ жебетәріздес аркалардың екі деңгейлі аркадаларымен өңделді. Мешіт ауласының орталық кіреберісі ашық металл торы бар монументалды жебетәріздес арка түрінде безендірілген. Шығыс жағында орналасқан қосымша кіреберістің көше жақ қасбеті көрнекі қайталанады, бірақ архитектуралық бөлшектері бойынша қарапайымдау.
Мешіттің оңтүстік-батыс қанаты астында негізгі жертөле үй-жайлары болды, оның іші төртбұрышты етіп «солдат кірпіші» деп аталған күйдірілген кірпішпен қапталған. Бұл үй-жайлар мешіттің жұмысына қарастырылмағандықтан, шартты түрде жертөле деп аталады. Бұл, шамасы, шілдехана – қырық күндік ораза мен жалғыз шығуға арналған культтік жерасты құрылымы. Шілдехананың кесенеге немесе мешітке жақын орналасуы өте кең таралған құбылыс, ал жер асты шілдехананың мешіт еденінің астына орналасуы әлдеқайда сирек кездеседі. Мұндай шілдехана 2007 жылы М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы зерттеген Сайрамдағы Қызыр пайғамбар мешітінің кешенінде болған, оның негізгі бөлігі Шымкенттегі мешіттің шілдеханасымен бірдей құрылымға ие.
Мешіттің немесе медіресе бөлмелерінің бүйіріндегі бастырмаларында жалпақ арқалық жабыны бар. Бұл жүйе айван архитектурасында олардың жіңішке ағаш ұстындарымен тиімді көрініс тапқан.
Ғасырдан бері тұрған кезең ішінде сыртқы көлемдерінен айырмашылығы, мешіттің негізгі бөлмесінің интерьері айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Реконструкциялау жұмыстары басты ғибадат залының дизайны мен архитектурасына әсер етпеді, бірақ оның декор элементтері толықтай ауыстырылған. Нәтижесінде, бұрынғы суреттерге тән шынайы халық өнерінің қарапайымдылығы мен сүйкімділігі жоғалды. Халықтық «қарабайырлық» орнын қымбат және сыртқы жағынан көрнекті керамикалық декор алды. Михрабтың доғалары неғұрлым дұрыс, дәлме-дәл геометриялық сызбаларға ие болды. Ғасырлар бойы исламның қасиеті сіңген архитектуралық-көркемдік элементтер мен бөлшектер, соның ішінде эпиграфика да заманауи майолик плиткаларынан жасалды. Нәтижесінде негізгі ғибадат ету залы көрнектілігі басым және канондық көрініске ие болды, бірақ алдыңғы әрлеудің халықтық рухы жоғалды.
Мешіт сәулет стилі жағынан кейінгі ташкенттік культтік сәулет өнері ескерткіштерінің қатарына жатады. Олардың ұстамдылығы, тіпті кейбір аскетизмі де бұл жерде өзіндік ерекшелігі бар «камералық» сәулет түріне айналды, бұл нақты қалалық махалла мешіттеріне тән. Шымкенттегі Жәми мешіті батыс жағындағы өзінің басты бөлігінде негізінен орталық бөлігінен бөлінісі бар көлденең жабылған ұстынды айван жасап, көп жағынан Ташкент мектебі де қабылдаған Ферғана сәулет мектебінің қалалық махалла мешіттерінің композициялық идеясының парафразасы болып саналады. Ең жақын аналогы және мүмкін прототипі – Сайрамдағы Қызыр пайғамбар мешіті. Ол XIX ғасырдың бірінші жартысында (бақыланатын құрылыс кезеңі) салынған ханака мешіті болды. Жәми мешіті типологиялық жағынан соған ұқсас. Ол басқа да функцияларды қабылдаған қалалық махалла мешіттерінің дәл сондай композициялық принципін жалғастырды.