Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының 2024 жылдың 10 айында атқарған жұмысының қорытындысы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Аталған басқарманың басшысы Әбілқайыр Бақытқалиұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында қала келбетін жасылдандыра түсу жолында тындырған шаруалары жайында мәлімет беріп өтті.
Шымкент қаласын сырттан келетін туристер ТАЗА ҚАЛА, ЖАСЫЛ ҚАЛА деп білетіні анық. Шаһар келбетінің жасыл желекпен ажарлана түскені мегаполис тұрғындарының да саламатты өмір салтына оң ықпал етері сөзсіз. Ал, қаланың жасыл кейіпті көркін аша түсетіндей бүгінгі таңда нендей тірліктер атқарылып жатыр?
Басқарма басшысының сөзінше, Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бастамасымен 2024 жылы қала аумағын көркейту және абаттандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарған. Қала ішіндегі магистральді көшелердің қиылыстары, айналма жолдар мен жол жиектері барлығы 91 орынға көпжылдық раушан гүлдері отырғызылған.
Басқарма басшысы Әл-Фараби көшесі бойында А-2 автомобиль жолынан бастап «Бадам» айналма жолына дейін созылатын 7,5 шақырымдық аумақ абаттандырылғанын алға тартты. Жалпы ауданы 142,5 мың шаршы метр жер көгалдандырылып, келесі жұмыстар атқарылыпты:
1) көғалдандырылған алқапты суарып отыру үшін 9 ұңғыма қазылып, автоматты суару жүйесі орнатылған,
2) ыстық климатқа төзімді 3994 дана гуджум ағашының және 3832 шынар ағашының көшеттері егілген,
3) қала ішіндегі көшелердің кері бұрылыстары мен жаяу жүргіншілер жолдары бойындағы 2,4 мың шаршы метр аумаққа 25 000 дана раушан гүлі отырғызылған.
Сонымен қатар, басшының сөзінен байқағанымыздай, «AIKHAB PARTNERS» ЖШС тарапынан Темірлан тас жолы бойындағы қараусыз қалған 3 гүлзар қайта қалпына келтіріліпті. Бұл жұмыстар жергілікті бюджеттің қаражатынсыз жүргізіліп, нәтижесінде 10 мың шаршы метр жер көгалдандырылып, автоматты суару жүйесі, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері және жаңа орындықтар орнатылыпты.
Бұл атқарылған шаруалар Шымкент қаласының келбетін жақсартып, тұрғындарға жайлы, әрі көрікті орта қалыптастыруға бағытталған дейді Әбілқайыр Бақытқалиұлы.