Шымкент қаласының тарихын оның ескі көшелері туралы әңгімемізбен таныстыруды жалғастырайық. Өткенде Әйтеке би, Амангелді, 8-наурыз көшелері туралы айтып едік. Бұл жолғы тілге тиек етер нысанымыз – қазір «Ордабасы» алаңы деп аталып жүрген алаң. Бұл алаңның тарихы да көне Шымкенттің тамырымен байланысып жатыр.
Алаң туралы сөз қозғау үшін оның айналасындағы нысандарды алаңның кешендік құрамдас бөлігі болып саналатын өзге де құрылымдарымен қоса, олардың құрылу тарихын да жинақтай отыра қарастырған жөн. Сонда ғана алаңның, сол арқылы қаланың тарихы көз алдымызға картина ретінде толыққанды ұсыныла алады.
Бұл жолы тағы да сол А.К. Гейнстің 1866 жылы жазған «Путешествие в Туркестан. Дневник 1866 года» дейтін күнделігіне жүгінеміз. Өйткені, Шымкент қамалының құлаған 1864 жылға ең жақын жазылған еңбек те, әрі қамалға шабуыл жасаған әскербасылардың өз аузынан жазып алған маңызды деректері бар құнды мәлімет те сонда. Сондықтан, А.К. Гейнстің «Күнделігі» – Шымкент тарихын зерттеуде таптырмайтын еңбек.
А.К. Гейнс «Цитадельдің үстінен етекте жатқан базар да, батыс тұсында жатқан қаланың барлық жері де анық көрінеді. Цитадельдің солтүстік жағындағы жарқабақтың астында Сайрамға апаратын жол бар, ол жол бойын бойлай Әулиеата қақпасы маңындағы бұлақ көздерінен құралатын ағынды өзен үнемі ағып жатады» деп дерек береді (1). Сол кездегі базар мен Сайрамға қарай шығатын жол – қазіргі Әйтеке би көшесі болса, ал, «Әулие ата қақпасы» деп отырған жер қазіргі «Ордабасы» алаңы және оның жанындағы «Универмаг» тұрған жерге сәйкес келеді. Қошқарата өзені де сол маңайдағы бұлақтардан бастау алып жатыр. Міне, қазіргі «Ордабасы» алаңы деп аталатын аймақ – ежелден Шымкенттің маңызды тарихи орындарының бірі болған. Әулиеата қаласы, Сайрам кенті тарапынан келетін керуендер осы қақпадан кіріп, сол маңда тынығатын еді. Қазіргі күнде де ол маңай сауда қатынастарынан қол үзе қойған жоқ. Қаладағы ең ескі үлкен әмбебап дүкен – «Универмаг» сауда үйі әлі де пайдаланыста, бүгінде оның сыртына үлкен қылып «Sulpak» сауда белгісін іліп қойыпты.
«Әулиеата қақпасы» деген атау – қазіргі Тараздың ХІХ ғасырдағы атауы болған Әулиеата деген атаумен байланысты болды. Яғни, Шымкенттен Әулиеатаға шығатын қақпа. Бұл қақпа маңында 1864 жылы қырғын соғыс болған. Ол туралы тағы да А.К.Гейнстің мәліметіне көз жүгіртейік. Автор М.Г. Черняевтің баскесер әскербасыларының бірі болған М.Г. Лерхенің өз аузынан Шымкент қамалына шабуыл кезіндегі аяусыз соғыс қимылдары туралы естіген әңгімесін жазып алған. Сол М.Г. Лерхенің айтқанын сөзбе-сөз келтіріп, А.К. Гейнс былай деп жазады: «Барлық қақпаларды («Әулиеата қақпасын» айтып отыр) сарбаздардың мәйіттер үйіндісіне толтырып, жаяу әскер ақыры Чемкентке (ХІХ ғасырдағы орыс деректерінде Шымкент атауы осылай кездеседі) басып кірді. Екі зеңбірек тиелген арба тау болып жатқан мәйіттер мен жаралылардың үстінен сүйектерін сындырып, еттерін жыртып шауып өтті. Алайда, Лерхе және шабуыл кезінде болғандардың бәрі бұның қорқынышты сурет болғанын айтты. Әсіресе, жабық қақпаның биіктігінің жарты бойына дейін тірілер, яғни жараланғандар үйіліп жатқан еді. Артиллерия сол тірі адамдардың үстінен өткенде қан су боп ағып жақын жердегі арықты толтырды» (2). Міне, біз сөз етіп отырған бүгінгі «Ордабасы» алаңы тұрған жерде болған «Әулиеата қақпасы» осындай тарихи оқиғаның куәсі болған. Айтпақшы, М.Г. Лерхе Шымкент қаласын басып алу кезінде көрсеткен аяусыз әскери әрекеті ескеріліп, полковник шенін алатыны бар.
Шымкент қаласын орыстар басып алғаннан кейін қаланың ортаазиялық кейпі өзгеріп, европалық көріністер басымдыққа ие болды. Қаланы айнала қоршап тұрған қамал қабырғалары бұзылды, қақпалар алынды, түп-түзу сызылған жаңа көшелер қалыптасты, күйдірілген кірпіштен жаңа тұрғын үйлер мен әкімшілік-әскери құрылыстар пайда болды. «Әулиета қақпасының» орны бұзылып, жаңа сауда үйінің іргетасы қаланды. Бірақ, алаңның ескі қызметі – базар алаңы күйінде қала берді. Мұны архив деректеріне сүйеніп жазылған «Шымкент тарихы» кітабында М.Әбдіәкімұлы атап өтеді. Оның дерегінше, 1917 жылы бұл алаңның аты – «Базар алаңы» деп аталған екен (3).
Кеңес өкіметі орнаған тұста қаланың құрылымдары да жаңа идеологияға орай жаңа атаулармен аталды. Соның бірі, бұрын «Базар алаңы» деп аталып келген алаң 1925 жылдан бастап «Ленин алаңы» деп атала бастайды. «Кемелденген социализм» құру идеясының бояуы қалыңдап тұрған жылдары Шымкент қаласының құлашы да кеңейіп, жаңа алқаптар игерілді. Қала шекарасы ұлғаюымен бірге Орталық «Жаңа алаң» да құрылды. Бұрын қаланың әуежайы болып келген, қаланың ұлғаюымен пайда болған Орталық «Жаңа алаң» 1975 жылы «Ленин алаңы» (қазіргі Әл-Фараби алаңы) деп аталды да (4), бұрынғы Ленин алаңы – Куйбышевтің атына берілді. Тәуелсіздік алған жылдарға дейін Кубышев алаңы деп аталып келді.
Кеңес дәуірі тұсындағы Шымкент қаласының Куйбышев алаңы – қаланың нағыз орталығы қызметін атқарды. Бір шетінде сол кезеңдегі қаланың «әкімшілік-іскерлік орталығы» болған Советская (қазіргі Қазыбек би) көшесі, екінші шетінде қаланың қақпасы саналатын темір жол вокзалын жалғайтын Юбелейная (қазіргі Қабанбай батыр) даңғылы, үшінші шетінде зауыттар орналасқан қаланың өндірістік-индустриялық аумағына шығатын Комсомол (қазіргі Төле би) көшесі, төртінші жағынан қаланың Ескі қала бөлігін жалғап жатқан Базарная (қазіргі Әйтеке би) көшесі түйісіп жатты.
Соғыстан кейінгі жылдарда бұл алаңның басты символы – Универмаг болды. 1940-шы жалдарға дейін ол жер базар маңындағы асханалардың шоғырланған тұсы болды. 1940-шы жылы Қошқарата өзені мен оған ұласып жатқан сай-саладан жиналған қарғын су жиналып, көктемде тасиды да, асханаларды шайып кетеді. 1959 жылы сол орынға «Базар алаңы» жанынан «Универмаг» деп аталған үлкен дүкен ашылды (5). Бүгінде ол әмбебап дүкен әлі де қызмет етіп отыр.
Кеңес заманында алаңның батыс шетіндегі аллея ішінде В.В. Куйбышевтің үлкен бюсті тұрды. Бұл бюст 1975 жылы орнатылған болатын. Бюсттің орнатылуына себеп, В.В. Куйбышевтің 1919 жылы Түркістан майданының Революциялық әскери кеңесінің мүшесі, Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің Түрккомиссиясы төрағасының орынбасары бола жүріп, іс-сапармен 1919-1920 жылдары Орта Азия елдеріне келіп, оның ішінде 1920 жылдың 13-16 тамыз күндері сол кездегі Черняев (қазіргі Шымкент) қаласында 1-ші Сырдария облыстық съезіне қатысуы себеп болған. Сол бір тарихи оқиғаны есте сақтау үшін 1975 жылы оған арнап бюст ашылып, ескі алаңның аты берілген болатын (6).
Куйбышев алаңының соғыстан кейінгі жылдардағы басты көрнекі нысаны – «Арал» мейрамханасы болды. Бұл мейрамхана Шымкенттің сәулет ескерткіштері қатарында болған. Тарихшылар жиі жүгінетін 1994 жылы жарық көрген «Свод памятников истории и культуры Казахстана» дейтін жинақта да бар (7). Оның негізі 1949 жылы қаланғаны туралы мейрамхана ғимаратының сыртында да жазылып тұр. Соғыстан кейінгі жылдары қазіргі тілмен айтқанда қаланың «әкімшілік-іскерлік орталығы» – қазіргі Қазыбек би көшесінің бойы болған ғой. Сол кездегі обком басшылары жоғарыдан келетін қонақтарды теріржол вокзалынан күтіп ала салысымен қонақ етіп күтуге асығатын жері – осы «Арал» рестораны болған екен. Қазір бұл жер ресторан емес, бірақ басқа кей қалалардың ресторанынан артық болмаса, кем емес, «Жеті тандыр» асханалар желісінің бір нүктесі.
Айтпақшы, А.К. Гейнстің 1866 жылы жазылған «Күнделігінде» тура осы маңайда мықты шайханалар болғанын жазыпты. Мұндағы шайхананың бір ерекшелігі, Шымкенттің дәмі деп айта жүретін айрықша тәсілмен дайындалатын тағамы туралы айтады. Соғыстан кейінгі жылдары салынған «Арал» ресторанын құру туралы ой да аспаннан түсе салмаған шығар, бұрыннан қалыптасқан ас даярлау дәстүрі қалыптасқан аймақта пайда болды. Қазіргі «Жеті тандыр» да сол дәуірдегі шайханалардың шөбере-шөпшектері болар.
Алаңның оңтүстік жағындағы қырат жанында, ескі мазараттың қабатына сол 1975 жылы «Авиаторларға арналған ескерткіш» (кеңестік Су-7Б жойғыш-бомбалаушы ұшағының ескерткіші, ұзындығы – 8 метр, ені – 4 метр) орнатылды. Бұл ескерткіш 1942-1945 жылдары Чугуев ұшқыштар училищесінің Шымкент қаласы аумағына эвакуацияланып, училище түлектерінің соғысқа осы жақтан аттандырылуына орай орнатылған. Ол училищенің Шымкентке эвакуацияланған 6 эскадрилиясының ішінде Кеңес Одағының үш мәрте батыры болған И.Н.Кожедуб, Кеңес Одағының батыры А.С. Амелин секілді ұшқыштар болды. 2009 жылы «ұшақ ескерткіші» Абай саябағына көшіріліп, «Даңқ» мемориалының құрамына қосылды. Ескерткіштің тұғырына: «Шымкент қаласынан әуеге жолдама алған және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында елін қорғаған қаһарман ұшқыштарға арналады» деген жазу ойылып жазылған (8).
Кеңес кезеңіндегі Куйбышев алаңының сәнін кіргізе түскен нысан – «Восход» қонақүйі болды. Ол алдымен 1961 жылы Шымкент қаласындағы Фосфор зауытын салуға келген неміс инженерлері мен құрылысшыларына жатақхана ретінде салынып, 1965 жылы зауыт салынып біткен соң қонақүй болып құрылды (9). 1991 жылы қонақүйдің атауы «Ордабасы» қонақүйі деп өзгертілді.
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған сәтте сірескен коммунистік идеологияның сеңі бұзылып, көптеген өзгерістерге ұласты. Шымкент қаласының көшелері мен алаңдары, саябақтары мен аллеялары, ғимараттарының атауы өзгеріп, қазақ елінің тарихымен үндесіп жатты. Соның қатарында біз сөз етіп отырған алаң да бар. Бұрын Куйбышевтің атында тұрған алаң «Ордабасы» алаңы деген әдемі атауға ие болды (10). Алаңнан бастау алатын көшелер де Ордабасы тақырыбымен үндесіп, үйлесім тапты. Бұрын Комсомол деп аталған көше – Төле би, Советская – Қазыбек би, Базарная – Әйтеке би көшелері деп аталып, үш көшенің басын қосатын тұс – «Ордабасы» алаңы болғаны тым жараса кетті.
«Ордабасы» алаңының көркін аша түскен тағы бір нысан – үлкен орталық мешіттің құрылысы болды. Алаңның шығыс жақ бетінде, Қошқарата өзені мен Төле би көшесінің арасында үлкен мешіт орналасқан. Ол мешіт Абдул Хамид Қаттани атымен аталады. Бір кездері облыстың орталық мешіті қызметін атқарған. Мешіт ғимаратының құрылысы 1995 жылы басталып, 1997 жылғы қарашада пайдалануға берілген. Ғибадат үйін салуға Сауд Арабиясы мемлекетінің азаматы Абдул Хамид Қаттани демеушілік еткен. Құлшылық орнының атауы осы кісінің құрметіне берілген. Мешіттің құрылымы 7 бөлмеден тұрады: үлкен намаз оқу залы, құран оқу бөлмесі, имам бөлмесі, найб имам мен баспасөз хатшысының бөлмесі және екі кіші залда әйелдер намаз оқиды. Одан тыс, мешіттің сыртында басқа да шаруашылықтарға арналған қосымша құрылымдар бар. Күмбезінің диаметрі 11, биіктігі 9,6 метр. 2006 жылы күмбезі жаңартылып, алтын түстес сары металмен қапталды (11).
2009 жылы Қазыбек би, Төле би және Әйтеке би көшелерінің түйіскен тұсында, «Ордабасы» алаңында «Жер-Ана» монументі бой көтерді. Бұл – тәуелсіздік пен ұлттық бірліктің белгісін дәріптейтін ерекше монумент болды. 24 метрлік үш қырлы биік стеланың ұшар басында сегіз метрлік әйел мүсіні – Жер-Ана бейнесі орналасқан. Ескерткіштің авторлары – Дәурен Әлдеков, Насыр Рүстемов және Бақытжан Әшірбаевтар.
Монументтің басты элементі – қоладан жасалған әйел мүсіні. Әйелдің сол қолы алтын түсті шеңберді жоғары көтеріп тұр, шеңберге жеті қарлығаш құсы қонақтап жатыр. Бұл бейнелер бейбітшілік пен бірлікті, татулық пен достықты символдық түрде жеткізеді. Әйел ұзын көйлегімен және желге желбіреген орамалымен бейнеленген.
Стеланың үш қырының төменгі жақтарына қазақтың үш ұлы биі – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің нақыл сөздері қашалып жазылған. Бұл жазуларда: Төле би: «Бірлік болмай тірлік болмас, қазақ бірікпей – бақ қонып, ырыс толмас»; Қазыбек би: «Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат»; Әйтеке би: «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген даналық ойлары жазылған. Монументтің алдындағы гранит тақтада Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ордабасы – бабаларымыздың бастамасымен баян тапқан берекелі бірліктің құт ұясы. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деген сөзі ойылып жазылған.
2018 жылы ескерткішке толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жазбалары латын қарпіне ауыстырылды. Монументті тұрғызу облыс кәсіпкерлерінің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылған.
Ескерткіш Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, бүгінгі күндегі қуатты мемлекет бейнесін және туған жермен бірлікте болу идеясын кейіптейді. «Жер-Ана» монументі – мемлекет егемендігін, шынайы патриотизм сезімін және туған жердің тарихына құрметпен қарау қажеттігін ескертіп, бейбітшілік пен бірлікке үндеп тұр.
«Жер-Ана» монументінен ұрпақтар сабақтастығын меңзейтін жаяу жүргіншілерге арналған ұзындығы 104 метр болатын «Алтын көпір» арқылы «Тәуелсіздік» саябағына жалғасып жатқан «Рәміздер алаңына» шығуға болады. «Рәміздер алаңы» дегеніміз сол 2009 жылы «Тәуелсіздік» саябағын жаңғырту кезінде бұрынғы «Авиаторлар» ескерткішінің орнына салынған еді. Рәміздер алаңында ілінген тудың көлемі 8х16 метр, ту бағанының биіктігі 50 метр, жанындағы найзалардың биіктігі 25 метр.
Осылайша, «Ордабасы» алаңы, «Жер-Ана» монументі, «Алтын көпір» жаяу жүргіншілер көпірі, «Рәміздер алаңы», «Тәуелсіздік» саябағы бірімен-бірі жалғасып, үлкен кешенді құрап жатыр.
P.S.: Мінекей, бір ғана алаң туралы сөз қыламыз деп қаланың біраз тарихи белестерін кезуге тура келді. Сонау 1864 жылғы Шымкенттің құлауы туралы тарихи оқиғадан бастап, кешегі осы алаңның «Ордабасы» алаңы атын иеленіп, еліміздің Тәуелсіздік символына айналған «Жер-Ана» символдық монументін орнату аралығында жатқан тақырыптық ұйқастық барын сырт көз бірден-ақ байқайтын болар.
ХІХ ғасырларда осы қамалдың іргесінде Сыздық төре бастаған қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы басында тұрған азаматтардың қанын төгіп, жанын пида еткені бір басқа, Тәуелсіздік үшін құрбан болған әскерилердің осы маңда жерленгені тағы бар, мұның бәрі қазіргі «Жер-Ана» Тәуелсіздік монументімен үндесіп жатуы кездойсақтық емес шығар. Қошқарата өзені талай тарихи оқиғаның куәсі ғой. Ал, «Ордабасы» алаңы да осы тұрысының өзінде соңғы 2 ғасырда талай дүниенің куәгеріне айналып тұрғаны рас.
Сілтемелер:
(1) Гейнс А.К. Путешествие в Туркестан: Дневник 1866 года // Собрание литературных трудов А.К. Гейнса. – СПб., 1898. – Т.2. 325-бет.
(2) Сонда, 355-бет.
(3) Әбдіәкімұлы М. Шымкент қаласының тарихы, Алматы; «Қаламгер» баспасы, 2021. 274-бет.
(4) Сонда, 271-бет.
(5) Сонда, 270-бет.
(6) Бюст Куйбышева // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1 – Алматы: Гл.ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. 51-52 беттер
(7) Ресторан «Арал» // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1 – Алматы: Гл.ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. 64-бет.
(8) Памятник авиаторам // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1 – Алматы: Гл.ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994, 63-бет.
(9) Әбдіәкімұлы М. Шымкент қаласының тарихы, Алматы; «Қаламгер» баспасы, 2021. 271-бет.
(10) Сонда, 291-бет.
(11) Қаттани мешіті // https://kk.wikipedia.org/wiki/Қаттани_мешіті
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ