ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЕРТЕ ОРТАҒАСЫРЛАРДАҒЫ ТАРИХЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент тарихы толығымен Орталық Азия тарихымен байланысты  болғандықтан,  ондағы қалалық мәдениеттің шарықтауы мен құлдырауы әрдайым аймақтағы саяси жағдайға байланысты болды. Жазбаша деректерге сүйенсек, ғасырлар бойы Шымкент тарихи-мәдени ауданында екі ірі қалалық орталық басымдық етті. Біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығынан IX ғасырға дейін – Нучицзянь (Нуджикет/Наукат), IX-XVIII ғасырлар аралығында Испиджаб (Сайрам), XIXғасырдан бастап – Шымкент болды.

Қытайдан Үндістанға саяхат жасаған Сюань-Цзанның «Да тан сиюцзи» («Ұлы Таңның [кезеңінің] батыс аймағы туралы жазбалар») жазбасында сол кезде князьдік мәртебесі бар Нучицзянь қаласының бар екендігі айтылған.

Сюань-Цзанның «Жазбаларында» Тараздан Ташкентке дейінгі жолдың бір бөлігі былай сипатталған: «Осы жерден [Да-ло-сы (Тараз) туралы айтып отыр] оңтүстік-батысқа қарай 200 лиге жуық жол жүріп өтіп, Ақ өзендегі қалаға келдік. Қаланың айналасындағы жер 6-7 ли. Жердің жағдайы мен климаты Да-ло-сыға қарағанда әлдеқайда жақсы.

Осы жерден оңтүстік-батысқа қарай 200 лиге жуық жол өтіп, Гунюй қаласына келдік. Қаланың айналасы 5-7 ли. Мұндағы жерлер ылғалды және құнарлы, ал ормандары жайқалған және тығыз.

Осы жерден оңтүстікке қарай 40 немесе 50 лиден кейін Нучицзянь княздігіне келдік. Нучицзянь княздігінің айналасы 1000 лиден асады. Жері ылғалды (немесе суармалы?), егіншілікке жарамды; шөбі мен орманы қалың, гүлдері мен жемістері, оған қоса жоғары бағаланатын жүзімі мол өскен. Мұнда жүздеген қалалар бар және олардың әрқайсысының жеке билеушісі бар. Олар өз әрекеттеріне қарай бір-бірінен тәуелсіз. Олардың бірінен бірін жабайы аймақтар бөліп, оқшаулап жатқанымен, жалпы Нучицзянь княздігі деп аталады».

Сюань-цзань бағыты Тараздан дәстүрлі керуен жолымен Шақпақ асуы арқылы өтті. Әрі қарай қытайлық саяхатшы Байшуйченнен (Бадухкет – Балықты маңындағы Төрткөлтөбе қалажұрты) өтіп, Арыс аңғары арқылы Гунюйге (Жуантөбе қалажұрты) дейін барды, одан соң ол оңтүстікке бұрылып, Бадам өзенін жағалай Нучицзянға (Шымкент қалажұрты) жетті.

629 жылы Сюаньцзян сипаттаған мөлшері мың лиге жуық аумағы бар Нучицзянь княздігі онымен аттас негізгі қаласы бар ортағасырлық округтің сипаттамасы деп санауға болады. Мұның бәрі Испиджаб аймақтағы басты қала ретінде Сюань-Цзанның саяхаты кезінде әлі бола қоймағанын көрсетеді. Бұл нәтижелер Сайрам аумағындағы археологиялық жұмыстар кезінде расталды, ол қалажұрттың пайда болу уақытын IX ғасырдан ерте емес деп белгілген.

Нуджикет (Наукат) деп аталатын қалалар тек Испиджабта ғана емес, бірнеше болды. Әл-Истахри, ибн Хаукал, Әл-Идриси Наукат деген атау Кеште, Усрушанда, Шашта, Иракта бар деп көрсетеді. Сырдария бойындағы кейбір мекендерде бұл топоним түркі калькасымен қайталанып, синонимдік қатар құрады. В. В. Бартольд «Китаб ат-тавассулға» және басқа дереккөздерге сілтеме жасай отырып, былай деп жазды: «… Яныкент (жаңа қала, арабтарда Әл-Қарият әл-хадиса, парсыларда Дих-и нау; әдебиеттерде Шехркент атауы жиі кездеседі)».

«Нучизцянь» – X ғасырдағы араб дереккөздерінен белгілі Нуджикет/Наукат сөзінің қытайша айтылуы. Жоғарыдағы қытай зерттеушілері Нучизцянь (Синчэн) сөзінің мағынасын «Жаңа қала» деп ұсынған, Нуджикет (Наукат) сөзінің этимологиясы – соғды тіліндегі «Жаңа қала» деген сөзден шыққан деп толықтырады. Бұл атау Испиджабтың Шымкентке қараған қақпасының атауында сақталған. Моңғолдан кейінгі уақытта, қала Шымкент деп атала бастаған кезде, Нуджекет қақпасының атауы да Шымкент қақпасына өзгерген.

Нуджикет және оның Испиджабқа жақын орналасқан топографиясы туралы ақпаратты әл-Мұқаддасидің жұмысынан: «Дех Нуджикет – бұл кішкентай қала, көктемде үш ай: диргем ақшаға 4 мана сүйексіз ет [сатып] аласың. Ол үлкен [қала] болған, бірақ Исмаил ибн Ахмад бұл округті жаулап алғанда қаңырап қалды. Сонымен қатар, оның көптеген ғимараттары, бекінісі және цитаделі бар» дейтін жолдарынан табамыз.

Әл-Мұқаддаси сипаттаған Нуджикеттің топографиялық сипаттамасы Шымкент қалажұртына толық сәйкес келеді. Ескерткіш бұлақтан басталатын Кошқарата өзенінің жанында орналасқан. Қалаға іргелес аумағындағы жер әрқашан құнарлы болды, оны елді мекеннің атауында айтылып тұрғандай қала аумағы сулы әрі шалғынды екенін көрсетеді. Шымкент цитадель, шахристан және көптеген рабадтарымен қабаттаса Кошқарата өзенінің бастауынан бастап оның Бадамға құяр тұсына дейін созылды. Моңғолдан кейінгі уақытта Нуджикет сөзі жоғалып, содан бері қала Шымкент деп аталады.

IX ғасырдан бастап өңірдегі басымдық қазіргі Шымкент аумағындағы жеке шағынаудан, әрі ең ірі қалалық мәдениет ескерткіші – Сайрам қалажұртының орнында орналасқан Испиджабқа толығымен өтеді.

XI ғасырдағы Сайрам туралы Махмұд Қашғари былай дейді: «Сайрам-Испиджаб деп аталатын ақ қаланың (әл-Мединат Әл-Байда) атауы. Сарям соның өзгерген түрі».

Бүгінгі күнге дейін белгілі ортағасырлық жазба дереккөздердің ішінде Испиджаб тарихи-мәдени ауданының аумағы, шекаралары, елді мекендері туралы толығырақ ақпарат әл-Мұқаддасидің еңбегінде қамтылған. Осыған байланысты, оның жазбасынан: «Испиджаб өзімен аттас аумақтың ортасында орналасқан, әрі соның басты қаласы. Оның қалалары қатарына мыналар жатады: Хурлуг, Джумишлагу, Арсубаникас, Бараб, Шавагар, Сауран, Турар,  Зерах,  Шагильджан, Баладж, Барукет, Бурух, Яганкет, Азахкет, Дех Нуджикет, Тараз, Балу,  Джикиль, Барсхан, Атлах, Джамукет, Шельджи, Куль, Сус, Такабкет, Дех Нави, Кулан, Мирки, Нушкет, Лакра, Джамук, Урду, Навикес, Баласагун, Лабан, Шуй, Абалык, Маданкет, Барсиан, Балаг, Джакаркан, Яг, Якалык, Раванджан, Катак, Шур, Чашма, Диль, Авас, Джаркерт» деген жолды оқимыз. Ары қарай автор осы елді мекендерді және олардың арасындағы қашықтықты қысқаша сипаттайды.

Әл-МұқаддасидіңбұлхабарламасыИспиджабқаласыөзіне қарағанокругшекарасыныңортасында орналасқанын жәнеоған(әкімшілікжағынан)басқаокругтердіңорталығыболғанқалаларменелдімекендербағынғанын көрсетеді.Әл-МұқаддасидіңеңбегінжазғанкезеңдеИспиджабқаласы қазіргіше «губерния»мәртебесіниеленгені анық.Бұлойдыпарсыша жазылғананонимдігеографиялықеңбек«Худуд әл-алам»растайды, онда Испиджабқаласыбилік, сұлтан орналасқанжерболғаны айтылады.

Мұсылман әлемінің қиыр шығысындағы қаланың өркендеуі IX ғасырда басталды. Әл-Белазуридің айтуынша, бұл саманидтік Нух Ибн Асадтың Испиджабқа жорығынан кейін болған. Бұл туралы С. Волиннен: «Әл-Хайсан ибн Әли былай деді: маған Ибн Айа Әл-Хамадани айтты, ол былай деді: Құтейба бүкіл Шашты жаулап алып, Исбиджабқа жетті. Содан олар: Исбиджаб бекінісін басып алу ежелгі дәуірден бері болып тұрады, алдымен оны түркілер және олармен бірге Шаш тұрғындарының бір тобы иемденіп келді. Содан кейін оны Нух ибн Асад алып, тура жолды ұстанушылардың әмірі әл-Мутасим Биллахтың халифатына бағындырды және оның тұрғындарының жүзімдіктері мен егіндерін айналдыра қоршап тұрған қабырғаны тұрғызды деп хабар берді» дейтін деректі оқимыз.

Әл-Белазуридің жазбасы IX ғасырдың екінші жартысында жазылған және мәтіннен көрініп тұрғандай, Испиджабты жаулап алуға байланысты оқиғалар туралы мәліметтер (833-844 жылдар) бұл қаланың ең маңызды шекара және сауда форпосты ретінде өмір сүрген кездегі баяндаушылардың ақпараты бойынша алынған. Каир басылымы нұсқасы бойынша, әл-Белазури өз жұмысын 869 жылы, Нух ибн Асадтың Испиджабқа жорығынан 30 жыл өткен соң бастады. Әл-Белазури негізгі жазбаша дереккөздерден басқа, Испиджабты жаулап алуға қатысы бар ауызша ақпараттарды да пайдаланған.

Әл-Белазуридің мәтінінде Нух Ибн Асад қаланы айналдыра қабырға тұрғызып, егіндер мен жүзімдіктерді қоршағанына баса назар аударып, бірақ рабадтарды айтпай кеткеніне қарағанда, олардың қалыптасуы Нух ибн Асад қабырға тұрғызғаннан кейін пайда болды дейтін ойға жетелейді.

Жазбаша дереккөздерден келесі қорытынды жасауға болады: Нух ибн Асад Испиджаб қаласын емес, округті, дәлірек айтсақ, Испиджаб деп аталатын тарихи-мәдени аймақты басып алды, ал оған дейін орын алған саяси оқиғалар Нух Ибн Асадтың жорығы қарсаңында болған.

Осы тарихи оқиғаларды қайталай отырып, ибн әл-Асир 838-839 жылдары Нух Ибн Асад бейбіт келісімді бұзғаны үшін Ферғанада орналасқан Касан мен Урасты жаулап алғанын жазады. Артынша ол Испиджабты алған. Касан мен Урасты бағындыру туралы ақпарат әл-Белазуриде де бар және Нух Ибн Асад халиф Мунтасирдың (861-862 жылдары) басқаруында болғанын жазады. Осы құжаттарды зерттей отырып, В. В. Бартольд оған күмән келтіреді, өйткені Мунтасирдің тұсында Нух Ибн Асад тірі емес еді.

Әл-Белазури мәтінін Мунтасир деп емес, Мутасим [Биллах] деп оқу керек сияқты. Контекстен түсінетініміз, жорық кездейсоқ емес, түркілерге қарсы жазалау мақсатында жүргізілген, өйткені олар бейбіт келісімді бұзды деп айтылып тұр.

Ол кезде Испиджаб пен Шаш түркілері де елеулі рөл атқарғаны сөзсіз, осыған байланысты Нух ибн Асад түркілерге қарсы жазалау жорығынан кейін Испиджаб қаласы пайда болған шекаралық бекіністі салуға мәжбүр болды. Ол үлкен шекаралық бекініс және сенім үшін соғыс алаңына айналды. Қала харадждан босатылып, еркін экономикалық аймақ мәртебесін алады. Осыған байланысты әл-Мұқаддаси: «Бұл – атақты шекаралық аймақ және дін үшін соғысатын ел. …Олар егін шықпай қалу мен харадж дегенді білмейді» дейді.

Салықсыз саясат және қаланың керуен жолы бойында ыңғайлы орналасуы аймақ экономикасына оң әсер етеді. Испиджаб белсенді дамып, өсе бастайды. Оның айналасына жаңа рабадтар мен елді мекендерді мекен еткен тұрғындар Мәуераннахрдың түрлі аумағы мен басқа да өңірлерден тартылады. Қалада төрт қақпа болды: Бұқара, Нуджекет, Фархана, Шавакираса. Әр қақпасының алдында Нахаб, Бұқар, Самарқан, Қаратегін дейтін рабадтар болды. Ортағасырлық Худуд әл-алам деп аталатын анонимді географиялық жазбада Испиджабты бүкіл әлемнің саудагерлері үшін кеніш деп таныстырылуы тегін емес.

Саманидтер жазалау мақсатында мезгіл-мезгіл түркі еліне жорықтар жүргізіп отырды. Исмаил Самани бұған ерекше назар аударды, оның алғашқы жорығынан кейін (893 жылы) Испиджаб түркілерінің билеушілері өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін барлық шараларды қабылдады.

Саманидтер мемлекетінің тарихында IX ғасырдың соңғы үшінші бөлігі әмір Наср мен оның ағасы әрі Бұқараның билеушісі болған Исмаилдың арасындағы күреспен ерекшеленді. Бұл ішкі қырқысқа оның тағы бір бауыры, Шаштың билеушісі болған Әбу-Юсуф Якуби араласады.

885 жылы Наср ағасына хат жолдап, Исмаилға қарсы Бұқараға жорық ұйымдастыруды және осы мақсатта Испиджаб түркілерін тартуды сұрайды, оны қолдап Әбу-Юсуф Якуби дереу әрекетке көшеді.

Осы оқиғалардың барлығы Исмаилдың Испиджаб түркілерімен бұрыннан есеп айырысулары барын көрсетеді. Сондықтан, 893 жылы Наср қайтыс болып, орнына Исмаил әмір болып жариялана салысымен бірден түркілер еліне әскери жорық ұйымдастыруы таңқаларлық емес. Исмаил Таразға жетеді, сондағы қидаласқан соғыста түркі патшасы әйелімен бірге тұтқынға түседі. Тараз алынып, ондағы христиан шіркеуі мешітке айналады.

О. Прицак Каршидің әңгімесіне негіздеген өз тұжырымына сүйене отырып, Нух ибн Асад Испиджабты Білге Қадыр ханнан тартып алды деп пікір айтады. Оның пайымдауынша, Білге Қадыр ханнан кейін оның екі ұлы: бірі Баласағұнда – Базир, екіншісі Таразда – Оғұлшақ мемлекетті басқара бастады. Оған қоса, Оғұлшақ Исмаилдың замандасы болған. О. Прицактың пікірінше, Оғұлшақтың кезінде Тараз басып алынады. Артынан 904 жылы Оғұлшақтың саманидтерге қарсы жасаған жорықтары сәтсіз болды.

Нух Ибн Асадтың түркілер еліне жорығынан және Испиджаб бекінісін тұрғызып алуынан соң, 840 жылдан кейін Саманидтер мен Испиджаб түркілері арасында салыстырмалы консенсусқа қол жеткізілді, өйткені Наср мен Исмаил арасындағы соғыста Испиджаб түркілері тәуелсіз болды, бірақ сонымен бірге Шаш билеушілерімен достық, мүмкін туыстық қатынастар сақталды. Бұл ойға келуімізге себеп, Насрдың Испиджабтың билеушісіне емес, Шаштағы Әбу-Юсуф Якубиге жүгінуі болды. Бұл әрекет олардың тәуелсіздігінің дәлелі, сондықтан егер Испиджабта билеуші болса, онда, ол әрине, саманидтерден емес. Бұл тұрғыда В.В. Бартольд сол кезде Испиджабта түркі иелігі болған немесе Испиджабты түркі әулеті басқарған деп есептейді.

Испиджаб түркілерінің билеуші ордасы Исмаилдың жазалау мақсатында жасаған алғашқы жорығынан кейін де тәуелсіздікке ұмтылысын сақтап қалды. Бұған дәлелді біз әл-Ауфидің шығармасынан табамыз, онда саманидтер тарихы туралы бізге жетпеген шығармадан үзінділер жарияланған. Исмаил Саманидің Испиджаб билеушісімен күресіне арналған арнайы бөлімде Исмаил падишах болған кезіндегі Испиджаб иесіне қарсы бірнеше жорықтар сипатталған. Дереккөзде «Испиджаб билеушісі бүлік шығарып, көтеріліс жасады» дейді.

Исмаил Самани Испиджабты қайтадан басып алуға көп күш жұмсады. Жалпы алғанда Испиджабқа үш әскери жорық жасады, оның екеуі сәтсіз болды. Екі жағдайда да саманидтер әскері жеңіліске ұшырады. Үшінші жорығынан кейін ғана олар Испиджаб билеушісін тұтқындап, содан кейін өлтірді. Исмаилдың түркілерге қарсы соңғы жорығы 906 жылы қайтыс боларының алдында ұйымдастырылды.

Исмаил билігі кезіндегі Испиджаб түркілерінің тәуелсіз болғанын сол кезде Испиджабта иелігі болмаған саманидтердің теңге соғуы да растайды. Өйткені, бұл сол дәуірде саманидтер әулетінен билеушілері болған Ферғана немесе Шаш өлкесімен салыстыруға келмейді. Осыған байланысты, В.В. Бартольд сол кезде Испиджабта түркі иелігі болған немесе Испиджабты түркі әулеті басқарған деп сенді.

Испиджаб түркі билеушілерінің саманидтерге вассалдық тәуелділігі әмір Наср II ибн Ахмадтың тұсында Испиджабтың монеталық эмиссиясынан байқалады. 919 жылдан бастап және жүз жылға жуық уақыт аралығында жергілікті түркі Маттидтер әулетінің билеушілері атымен ақша шығарды.

Е.А. Давидович Испиджаб монеталарын зерттей отырып, Испиджабты феодалдық мемлекет құрамындағы меншікті иелік ретінде сипаттайтын төрт белгіні анықтады: «1. Саманидтердің саяси үстемдігін сырттай қабылдаған (табысқа номиналды құқығы ретінде және теңге соққаны үшін шартты алым) және саманидтердің талабы бойынша әскер жеткізу міндетімен әскери қызмет атқару кезінде көрінетін вассалиттік сипаттағы феодалдық қатынастар. 2. Барлық табысын өз пайдасына алып қалу құқығымен көрсетілетін экономикалық тәуелсіздік. 3. Өңір ішіндегі істерде нақты тәуелсіздік, яғни көп көлемдегі иммунитет және аумақтық егемендік. 4. Биліктің мұрагерлік ерекшелігі».

Осы белгілердің ішінен үшінші және төртіншісі толық, бірінші және екіншісі ішінара қабылдануы мүмкін. Соған қарамай, испиджаб иелерінің экономикалық тәуелсіздігі болғанымен, олар барлық табыстарды өз пайдасына алып қала алмады. Бұл туралы Якут әл-Хамауи: «… бұл шекаралық үлкен бекініс болды және оның тұрғындары харадждан босатылған. Оның себебі, тұрғындар харадждарын қару-жарақ пен осы елде тұру шығындарына жұмсайды» дейді.  Испиджаб билеушілерінің билікте саманидтер үстемдігін сырттай қабылдағанын олардың атынан испиджабтық теңгелерді соғу кезінде көрсеткені күмәнсіз. Алайда, Е.А. Давидовичтің Испиджаб саманидтердің талабы бойынша әскер жеткізуге міндетті болды дейтін пікірін қабылдау екіталай. Ол мұндай қорытындыға Наршахидің мәліметтеріне сүйене отырып келеді. Олай болатын себебі, біз жоғарыда жазғанымыздай, Исмаилдың Насырмен соғысы кезінде Насырдың талабы бойынша Шаштың билеушісі Испиджаб түркілерін Исмаилмен соғысуға шақырады. Бұл оқиға сөзсіз бір реттік сипатта болды және тұрақты болмады. Сонымен қатар, Исмаил билігі кезіндегі Испиджаб аумағы тұрақты соғыс алаңына айналды. Бұл кезде Испиджабтың ислам елдеріне түркі текті құлдардың жеткізушісі болуы кездейсоқ емес.

Мәуераннахрды басып алу жолындағы қараханидтердің жаулап алу жорықтарының алғашқы нүктесі Испиджабтан басталды. Осылайша, 990 жылы Баласағұннан шыққан Харун Боғра хан Мәуераннахрға жорық бастап, алдымен Испиджабты басып алды. Жорықтың қарсылықсыз жүруіне саманидтермен жауласып жүрген жергілікті ақсүйектердің өзі көмектесті. Бір сөзбен айтқанда, алғашқы мүмкіндікте-ақ түркілер ата-бабаларына тиесілі аумақты қайтадан қалпына келтірді.

Археологиялық материалдар мен жазбаша дереккөздер XIII ғасырдың бірінші ширегіне дейін екі ғасырға жуық созылған қараханидтер дәуіріндегі қаланың ең жоғары гүлдену кезеңін айқақтайды. Ортағасырлық Сайрам тарихындағы бұл кезеңді «алтын ғасыр» деп атауға болады.

Қала шекарасы кеңейді. Тұрғын үй құрылысы сыртқы қабырғалардың аумағынан сыртында да пайда болады, округ діни соғыс майданы болуды тоқтатады. Бұған белгілі бір дәрежеде мемлекетті басқарудағы икемді қараханидтік көп деңгейлі баспалдақты жүйесі мен феодалдық құрылым институты ықпал етті. Жаулап алынған жерлерді тиімді басқару үшін қараханидтер өз аумақтарында терең тамыры бар жергілікті әулеттердің беделіне сүйеніп, ынтымақтастықта болды. Жергілікті әулеттерге басқару бөлінісінде жаңа артықшылықтар бере отырып, оларға мұраға қалған дәстүрлі жерлеріне иелік ету құқығын қалдырды. Қараханидтер мемлекетіндегі осындай билеуші ордалардың бірі Испиджабтың түркі Маттидтер әулеті болды.

XIII ғасыр бірінші ширегі Сайрам тағдырында, бүкіл өңірге және тұтастай Қараханидтер мемлекетіне әсер еткен қайғылы оқиғалар сериясымен ерекшеленді. Бұл оқиғалардың кейін қарақытайлардың шапқыншылығы, және қараханидтердің жеңілісі мен оларға тәуелділігі орын алды.

Хорезмшах Мұхаммедтің Күшлікпен соғысы қараханидтердің жойылуына әкелді, ал хорезмшахтың моңғол жаулап алғанға дейін «күйдірілген жер тактикасын» қолдануы Испиджаб пен оның округінің тоналуына, тұрғындардың Хорезм қалаларына қарай босуына жеткізді. Испиджабтың рабадтары қирады, тек шахристан қана қалды. Джувейнидің айтуынша, онда 1212-1213 жылдары хорезмшах Мұхаммедтің гарнизоны Гурхан әскері қалдықтарының шабуылына тойтарыс беру үшін орналасқан.

Біз бұл оқиғалар туралы Якут әл-Хамавиден қайғылы жолдарды оқимыз: «Көздерді жылатуға мәжбүр етіп, жүректерді қайғыға салып, гүл бақтар босап, құр діңгегі ғана қалды. (Ол қалды) қираған қамал, босаған тұрғын үйлер және аулалары қаңырап қалды. Арықтардың арналары бітеліп, су ағыны беталды ағып жатты. Содан кейін 616 (1219-1220) жылы аспан мен жер тұрғаннан бері болмаған бақытсыздықтар болды. Бұл татарлардың келуі – оларды алласы қытай жерінен көмексіз тастап кеткен. Олар сол жерде қалғандарды өздеріне қосылмаған басқаларына қосып қырды. Бұл әдемі бақтар мен биік қамалдардан қираған қабырғалар мен жоғалып кеткен халықтар ізінен басқа ештеңе қалмады…».

Қытай жылнамаларында Сайрамды Шыңғыс ханның қолбасшыларының бірі Сиеталахай алған, бұл мақсатта катапульталарды қолданған деп көрсетеді.

Мин әулетінің шежіресі Сайрам Шыңғыс ханның басқаруымен қиратылғанын және аталған әулеттің билігі басталғанға дейін қараусыз қалғанын және қалпына келмегенін хабарлайды. Тек XV ғасырдың басында қытайлық саяхатшы және дипломат Чэнь-Чэнь Сайрамның дамып келе жатқан қалалық қонысын жолықтырады.

Осы уақытта, 1221 және 1223 жылдары Сайрамда болған даос монахы Чань-Чунь оптимистік кескін береді. Оның сөзінше, Сайрамдағы өмір оны Шыңғыс хан басып алғаннан кейін де жалғасқан.

Сайрамда орын алған алапат оқиғалар, ең алдымен, рабадтарға әсер еткен, өйткені Чэнь-Чэнь Сайрам қалажұрты шахристанының параметрлеріне ғана сәйкес келетін қаланың көлемін (2-3 ли) көрсеткен.

Сайрам қалажұрты аймағында жүргізілген археологиялық зерттеулер моңғол әскерлерінің шапқыншылығына байланысты әскери іс-қимылдарды дәлелдеді. Сайрамнан шығысқа қарай төрт шақырым жерде орналасқан және X-XII ғасырлар Испиджаб бекініс жүйесінде бақылау бекеті қызметін атқарған Қарауылтөбедегі қазба жұмысы кезінде Сайрамға жасалған шабуылдан кейін жасалған болуы мүмкін сырттан келген әйелдер қорымдары табылды. Жерлеу рәсімі, қайтыс болғандардың заттары Саян-Алтайдың көшпелі тайпаларына кетеді, XIII ғасыр Таштық мәдениетінің материалдары арасында тікелей ұқсастықтары бар. Бұл өз кезегінде моңғол әскері құрамында Саян-Алтайдың түрлі тайпаларының қозғалысы болды деп дәлелді мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді.

Моңғол дәуірінен кейінгі кезеңде бұл елді мекенге Сайрам атауы мықтап бекіді. Қаланың топографиясы ғана емес, этникалық және әлеуметтік құрылымы да өзгерген болуы мүмкін. Рабадтар өмір сүруін тоқтатты, олар жойылды, бірақ шахристандағы өмір жалғасты. Әлбетте, X-XII ғасырлардағы жазбаша дереккөздерде айтылатын мединаның әр қақпасы алдында орналасқан Испиджаб рабадтары Чэнь-Чэннің келген кезінде қирап жатты. Сайрам туралы баяндайтын Қытайдың билеуші әулеттері мен Мин дәуірінің өзге де жазбалары Сайрамның моңғол дәуірінен бастап Әмір Темір мемлекетінің құрамына кіргенге дейінгі уақыт ішінде Қазақстан аумағындағы қалыптасқан күрделі саяси және әлеуметтік-экономикалық процестерден хабар береді.

Рашид ад-Диннің айтуынша, Кәрі Сайрам – өте үлкен қала, ұзындығы – бір күндік жол. Оның қырық қақпасы бар. Онда мұсылман түркілері тұрады, қала Қайду мемлекетінің құрамына кіреді. Қайду кезінде Сайрам өзінің дирхамдарын шығарды. Онда шығарылған жылы және Қайдудың таңбасы басылуы бұл қаланың өз мемлекетіне жататындығының дәлелі.

Мұсылман тарихшылары Қайдудың билік еткен кезеңін оң сипаттап, оның әділдігі мен исламға қамқорлығын атап өтті. Қайдудың керемет әскері болды және ол жаулап алу мақсатындағы жорықтарды жүргізбей, тек өз жерлерін басқа моңғол тайпаларынан қорғаумен ғана шектелді. Ол өзінің иелігінде тәртіп орнатты, әсіресе Шағатай ханзадаларының тудырған қиыншылықтарынан кейін қатаңдата түсті.

Бүкіл Қайду мемлекетін қамтып, Сайрам тарихи-мәдени аймағының тағдырына да әсер еткен қайғылы оқиғалар Қайду қайтыс болғаннан кейін (1301 жылы) болды. Есен-бұқа 1310 жылы таққа отырғанға дейін 10 жылға жуық уақыт бойы моңғол ұлыстарының өзара қырқысы Жетісу мен Мәуераннахр арасын дірілдетті. Бұл туралы Тарих-и-Вассаф «Олар Сыр Орда деп аталатын Алтын Орданы өртеп жіберді, Тараз, Янги, Кенджек және Чигиль жерлерінің күлін көкке ұшырды, ал тұрғындарды азаптап, қолдарында барын тартып алып, қалғанын отқа жақты» деп хабарлады.

Зерттеліп отырған аймақтың қоныстану ескерткіштерінен алынған осы кезеңдегі археологиялық материалдар саяси оқиғалардың бүкіл аймақтың урбанизациялық процестерінің эволюциясына әсерін растады. Бұл – елді мекендер аумағының қысқаруы, таулы жерлерде бекіністі тұрғын жайлар, үңгірлер мен баспаналар құру құбылыстары.

XIV ғасырдың екінші жартысында Сайрам Әмір Темір мемлекетінің құрамына кіреді және қала тарихының келесі кезеңдері осы тарихи тұлға мен оның ұрпақтарының қызметімен байланысты. Сайрам Тоқтамыстың Орыс ханға қарсы жорықтары кезінде, оның Ақордадағы тақ үшін күресінде танымал болды. Осы мақсаттар үшін өз әскерін ұсынған Темірдің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған екі жорық сәтсіз аяқталды. Екі шайқаста да Тоқтамыс жеңілді. Соңғы шайқаста ол қуғыншылардан ғайыптан қашып құтылады. «Ескендір анонимінің» дерегінше, жараланып әрең тірі қалған Тоқтамысты Сайрамның даруғасы Едіге барлас тауып алады. Сол кезде ол  майдан даласынан жараланғандар мен аман қалғандарды Сайрамға жеткізуді ұйымдастырған еді.

1379 жылы Темірдің көмегімен Ақ Орда тағын және Алтын Орданы басып алып, Жошы ұлысының екі бөлігін де біріктірген Тоқтамыс Темірдің одақтасынан тез оның жауына айналды. Шараф ад-дин Йаздидің «Зафар намесі» Тоқтамыс Темірдің жоқтығын пайдаланып, үлкен әскермен Мәуераннахрға басып кіріп, Сауранды қоршауға алғанын куәландырады. Тура сол кезде Моғолстаннан келген Игантұра Сайрамды, Ташкентті қоршауға алып, Әндіжанға қарай бет алды. Сол жорықта ол жеңіліп, Моғолстанға асығыс оралады. Бұл оқиғалар Темірдің Тоқтамысқа қарсы үш ірі жорығын қамтыды (1389, 1391, 1394-1395 жылдары).

Темір мен тимуридтер кезеңінде Сайрам, ең алдымен, әскери жорықтар кезеңінде маңызды стратегиялық мәнге ие болды. Сайрамда үнемі жергілікті билік өкілі болды, бұл лауазымға шетелдіктер жиі тағайындалды. Солардың бірі Темірмен бірге Сириядан өз еркімен келген Абд-әл-мелик ибн ат-Такрити болды.

Әмір Темір мемлекетінің шығыс шетін Моғолстанның көшпелі тайпалары үнемі алаңдатып отырды. Оларға қарсы Темір 1370 жылдан 1390 жылға дейін бірқатар қарсы жорықтар ұйымдастырды. Темір мен оның ұрпақтары өз елінің солтүстік-шығысы мен шығысында Моғолстанға, Дешті-Қыпшаққа жасаған барлық жорықтары Сайрам арқылы өтті. Қала тек азық-түлік жеткізіп қана қоймай, тылдағы жеткізілімдерді де қамтамасыз етті, сонымен қатар Самарқанның бұйрығымен әскер дайындады.

1405 жылы Темірдың қайтыс болуы мұрагерлік үшін күресте ханзадалар мен әмірлер арасындағы аласапыранның басталуына жалғасты. Бұл қақтығыс 1409 жылға дейін созылды, Шахрухтың жеңісінен кейін оның ұлы Ұлықбек Мәуераннахрдағы билеуші болып тағайындалды. Бірақ Мәуераннахрдағы қақтығыстар кейін 1411 жылға дейін жалғасты. Бұл кикілжіңдер Моғолстан ханы Мұхаммед әскерінің мемлекеттің шекаралас аймақтарына басып кіруіне алып келеді. Жорықты ханның ағасы Шах-Джехан басқарады. Сол жылдары Әбд Әбд-Халик басқарған Сайрам қоршауға алынды. Оларға әмір Шах-Мелик қарсы шығады. Ол өзінің атақты нөкерлерінің біріне жаудың қапталын байқатпай және жедел жүріспен айналып өтіп, күтпеген жерден Яни (Тараз) жақ тұстағы тылынан шабуылдауға тапсырма береді. Жоспар іске асты. Қоршаудағы Сайрам құтқарылды, моғолдар шегінді, бірақ жорықты тоқтатпады. Шах-Мелик әскерлерінің соққыларынан ес жиып, олар Мұхаммед ханның басшылығымен жаңа жорыққа шығады. Яны мен Сауран арасында орналасқан Құланбасы деген жерде Мұхаммед хан мен Шах-Мелик бейбіт келісімге келді. Мұхаммед хан Шах-Меликпен сыйлық алмасты және Шейх Нұр ад-Динді бұдан былай қолдамауға уәде берісті, оны Тимуридтер мемлекетіндегі кикілжіңдердің себебі деп санады.

Ұлықбек оған жас кезінде шекарадағы қалалар қатарындағы Ташкент және Аспарамен бірге Темір сыйға берген Сайрамға ерекше қарады (1404 жыл). Жиырма жылдан кейін Ұлықбектің өзі Моғолстанға жорық ұйымдастырып, Темір империясының шығыс шекараларын қорғауды мақсат етіп қойды.

Ұлықбек үшін бұл жорық сәтті өтті. Жауынгерлерінің жазалау әрекеттерімен шығыс шекараларын нығайта отырып, ол Самарқанға оралып, Гератқа бет алды, онда әкесі Шахрухпен бірге Темір қайтыс болғаннан кейінгі көптеген жеңістері сияқты оңай келмеген даңқты жеңісін тойлады.

Сайрам мен Түркістанға алғашқы шапқыншылықты, Уайсс хан қайтыс болғаннан кейін (1428 жылы) моғолдың Бекшік руынан шыққан Хақ-Берді жүзеге асырды деп хабарлайды «Тарих-и-Рашиди». Ол өз әскерімен бірге Есен-Бұғадан бөлініп шығып, Ыстықкөл маңындағы Қойсу жеріне қоныстанды, сол жерден ол өз шапқыншылығын жүзеге асыра бастады.

Есен-Бұға хан тұсында 1451 жылдан бастап Ақсуды орталық деп бекітіліп, әмірлер мен тайпалардың бір бөлігі оның бодандығына оралғаннан кейін Моғолстан тайпалары Түркістан, Сайрам, Ташкентті аяусыз қиратты.

Жазбаша дереккөздерді зерттей отырып, В.В. Бартольд Есен-Бұға хан тұсында Сайрам Ұлықбек иелігінің солтүстік-шығысындағы шекара пункті болды деген қорытындыға келді.

Самарқан тағының келесі мұрагері – сұлтан Әбу-Сейіт мырза Мәуераннахрдың билеушісі бола отырып, бірден Есен-Бұға ханға қарсы Моғолстанға жорық ұйымдастырды. «Тарих-и-Рашидидің» мәліметтері бойынша, Әбу-Сейіт мырза әскерлерінің Есен-Бұға ханның ізінен қууы сәтсіз аяқталды. Моғолдар өз елінің ішкі бөлігіне ұрыссыз қашып кетті және сұлтан әскері Самарқанға оралғаннан кейін тимуридтер империясының шығыс шеті қорғаусыз қалды. Сұлтан Әбу-Сейіттің Иракқа жоспарлаған жорығы шешімін таппай қала берді. Есен-Бұға ханның шапқыншылығын тоқтату үшін сұлтан Әбу-Сейіт мырза бұл жолы «дипломатияны» қолданады: ол Есен-Бұғаның қарындасын алып, онымен бірге тойлап, бауырласады. Моғолстандағы билік сұлтан Әбу-Сейіт мырзаның Гераттан арнайы шақырып алдырған Есен-Бұғаның ағасы Жүнісханға беріледі.

Соңғы тимуридтер кезеңінде Сайрам қолдан-қолға ауысты. Қала біресе Самарқанның жоғарғы билеушісі сұлтан Ахмед мырзаға, біресе оның ағасы Омар-шейхке, біресе Ферғананың иесі – Бабырдың әкесіне бағынды. Ол кезде қалалардың иелікке ауысуы бейбіт жағдайда болған жоқ, өзара қырқыстар жиі орын алды. Бұған белгілі бір дәрежеде Омар-шейх ықпал етті, ол жайында Бабыр былай: «иеліктерді басып алу бейімділігі сонша, бейбітшілік – шайқасқа және достық – жаулыққа жиі алмасып тұрды» деп жазады. Ташкент пен Шахрухия Омар-шейх пен оның 1484-1485 жылдары Самарқаннан жорыққа шығып, өз әскерімен Ташкентке бет алған үлкен ағасы сұлтан Ахмед мырза арасындағы жанжалдың сылтауына айналуы кездейсоқ емес. Әскер шыққанын естіген Омар-шейх қайын атасы – Моғолстан билеушісі Жүнісханға Ташкент үшін болатын сұлтан Ахмед мырзамен шайқаста қолдауын сұрап, Сайрамды сыйлайтынын уәде етеді. Жүнісхан бұл ұсынысты абайлап қабылдап, өзінің үлкен ұлы сұлтан Махмұдханды 30 мыңдық әскерімен Ташкентке жібереді. Жүнісхан сол қысты Сайрамда өткізді. Ферғана жағынан Омар-шейх 15 мыңдық әскермен қозғалады. Оларға Жүнісханның өзі жауынгерлерімен бірге қосылады: «Бұл үш әскер бір-біріне жақындап, үлкен шайқасты күтті», – деп жазды Мұхаммед Хайдар Дулати. Алайда, шайқас болған жоқ. Алдағы шайқас туралы білгеннен кейін Самарқаннан сол кездегі әйгілі ишан Қожа Насреддин Убайдалла асығыс жетті. Ол тараптарды татуластырып, даналық шешім қабылдай алады. Ол шешімге сәйкес, Ташкент екеуіне берілмей, Жүнісханның иелігіне өтеді. Осылайша, Сайрам Ташкентпен бірге Моғолстанның құрамына кірді.

Істің бұлай нәтижемен бітерін болжауға болады, өйткені сұлтан Ахмед мырза да Омар-шейх сияқты Жүнісханмен туыстық байланысы болды, оның күйеу баласы еді. «Сол кезден бастап тоғыз жүз сегізінші жылға дейін (1502-1503 жылдары) Ташкент пен Шахрухия өңірлері Шағатай хандарының билігінде болды» – деп жазды Бабыр. Жүніс ханның ұлы сұлтан Махмұд ханның тұсында Ташкент Моғолстан аймағының астанасы болған.

XV ғасыр аяғында Әмір Темір мемлекеті тәуелсіз саяси бірліктер ретінде шағын учаскелерге бөлінді. Күшті орталық биліктің болмауы, сайып келгенде, XVI ғасыр басында өзбек-шайбанидтердің шабуылына төтеп бере алмаған осы бір кездері құдіретті державаның толық күйреуіне әкелді. Самарқандағы орталық билікті басып алуға бірнеше әрекетті Бабыр жасайды, бірақ толық жеңілістен кейін ол Мәуераннахрмен біржола қоштасып, Кабулға кетеді…

XVI ғасырдың ішінде қазіргі Шымкент пен Сайрам қалаларының аумағы Қазақ хандығына қарады. Сонымен Шымкенттің басқа тарихы басталады. Ол туралы жаңа тақырыппен бөлек тоқталатын боламыз.