ШЫМКЕНТ ӘКІМІ «SHYMQALA» ЭТНОАУЫЛЫН РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шаhар басшысы Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Әкімнің іссапары туралы қалалық өңірлік коммуникациялар орталығының фейсбуктегі парақшасы ақпарат таратқан. Ресми ақпарт көзінің мәліметінше, Ғабит Әбдімәжітұлы «Shymqala» этноауылын реконструкциялау бойынша алдын ала әзірленген тұжырымдамамен танысқан. Бұл нысанды қайта жаңғыртудан өткізетін кәсіпкерлермен кездесу барысында тұрғындар мен туристерді қызықтыратын орындарды дамыту мәселесі қаралды.

Туризмнің ерекше саласы саналатын этнотуризм түрі қазіргі таңда туристер арасында ерекше танымалдыққа ие болып келеді. Бұл тұрғыда, «Shymqala» этноауылы – ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттайтын бірегей орын болуы тиіс. Қаланың туристік әлеуетті арттыру және осы кешенді жаңғырту мақсатында Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшылығына бірқатар тапсырмалар берді.

Айта кетейік, «Shymqala» этноауылы 2021 жылы 1 мамыр – «Қазақстан халқының бірлігі» мерекесіне орай ашылған. Жалпы аумағы 2 гектардан асады. Мұнда алғаш ашылған сәтте 14 киіз үй тігіліп, 2 алтыбақан және «Шеберлер ауылы», алып тайқазан, киіз үлгісіндегі концерт залы орналастырылған болатын. Ондағы негізгі мақсат – келушілерге қазақ халқының тарихы, мәдениеті және дәстүрін насихаттау, материалдық, рухани байлығы салт-дәстүр, ұлттық ойыны мен тағамдарын әлемге танытып, отандық туризмді дамыту көзделген еді. Мұнда туристерге арналған атпен серуендер ұйымдастырылып тұратын. Қаладағы «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының ұйымдастыруымен ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді қайта ұлықтау мақсатында көптеген іс-шара ұйымдастырылып келді. Мәселен, «Қызды оң босағаға шығару», «Ерулік беру», «Қыз ұзату» және т.б. дәстүрлеріміз жан-жақты насихатталған.

Алайда, «Shymqala» этноауылының жер телімі құжат бойынша «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің меншігінде, ал мүлкі «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығына тиесілі болып келіп, жақында ғана толық Тарихи-мәдени кешені теңгеріміне өткен. Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жыл басында осы этноауылдағы барлық дерлік тозығы жеткен жабдықтарды жаңартып, қайта жаңартуды және бұл жобаны дамытып, жандандыра түсу үшін жеке кәсіпкерлердің көмегін тартуды тапсырған болатын. Міне, қазіргі таңда барлық жер учаскесі мен басқа да мүліктеріне қатысты құжаттары әзірленді. Ендігі мәселе кәсіпкерлердің араласуымен алдағы уақытта «Shymqala» этноауылы жаңа кейіпке енеді деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ, қала басшысының бүгінгі сапарында Еңбекші ауданында бұрынғы Химиктер мәдениет үйі ғимаратының қазіргі жай-күйімен және «Дани НАН» ЖШС ұн комбинатының жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорын шамамен 200 адамды жұмыспен қамтып, өндіріс процесін автоматтандырған. Компания басшылығы шығарылатын өнімдер мен өндірісті кеңейту жөніндегі алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қарасты жинақтау пункті ғимаратының күрделі жөндеу жұмысын тексерді. Нысанды аралау барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, жауапты тұлғаларға олқылықты тез арада жоюды тапсырды.

Аралау барысында Әл-Фараби ауданында орналасқан Түркістан облысы прокуратурасының ғимаратын аралады. Бұл нысан қаланың коммуналдық меншігіне берілуде. Мұндай қадам қала мекемелерін өз ғимараттарымен қамтамасыз етіп, бюджет шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Үнемделген қаражатты қаланы дамытуға бағыттау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Дулати көшесіндегі әкімдік балансына өтетін ғимаратты және №6 Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын қарады. Құрылыс басқармасы мен мердігер ұйым өкілдеріне жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы қажет екенін айтты.