…Ол кезде редакцияда қаламгерлердің үлкен шоғыры болды. Анар Аспан, Асхан Майлыбаева, Үрзада Айтөреева, Суханберді Оразалиев, Слам Нұрмағамбетов, Жеңіс Баһадүр, Ертай Бекқұлов, Исақ Әубәкіров, Әуесбай Әбдіразақов, Дидар Бегалиев, Еркін Досымбай, Айгүл Қапбарова, Жәмила Мамырәлі, Қалдыүл Дәуренбекова. Осы үлкен шоғырға жаңа толқын (Лаура Тастанбек, Әнуар Жұмашбаев, Айдар Құлжанов, Ғабит Сапарбеков, Замира Алдабергенова, Жеңісбек Колхозов, Гүлдана Айходжаева) келіп қосылдық.
Біз редакцияның қайнаған тіршілігі мен қауырт қарбаласына бірден араласып кеттік. Кітапханалар мен мәдениет үйлерінде өтіп жатқан күнделікті жаңалық, хабарлар мен сұхбаттардан бөлек, «Жансарай» қосымшасын шығардық. Әрқайсымызға «Кейіпкер кейпіне енгенде…», «Оңтүстіктің айтулы ауылдары», «Сирек кәсіп», «Жұмысты айтпайықшы…» деген секілді бекітілген айдарлар болды. Үмітхан апай «Мәдениет және өнер» бөлімінде меңгеруші. Лаура екеуміз тілшіміз.
Үмітхан апай қарапайым кітапханашының өзін жүрекпен жазып, жүректерге жеткізе білетін. Бізге де сондай талап қойды. Жазу дегеніңіз, оңай дүние емес қой. Бір жазғаныңды «Пісіп қалыпты. Енді мынаны қоя тұр, түстеніп алып қайта қарасан, төгіліп түсе салмақ» деп қайта жаздыратын. Түске дейін шимайлағаныңды түстен кейін түзеп алып, компьютерге бастырып, кешкісін үйге барған соң оны тағы басқа ойлармен толықтырып отырасың. Үмітхан апай кәсіби біліктілікті бірінші орынға қоятын осындай ұстаз болды.
Жақсы ұстазға кезіккен адам үлкен тәрбие ордасын көріп, кәдімгі бір университетті тәмамдағандай болады екен. Үмітхан апай қаламымызды өмір майданында алған бағытынан таймайтындай етіп ұштап берді. Ол кісімен бірге өткен осындай қимас сәттің бәрі кешегідей көкіректе сайрап тұр…
Кеше Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапханада шығармашылыққа талпынысы бар көптеген шәкірттердің шамын жаққан Үмітхан апайға арналған сырлы кеш өтті. Оның ұйымдастырылуы мен апайдың кітабының жарық көруіне ұйытқы болған Лаура Тастанбек пен Назгүл Назарбекова ұстаздың ең үлкен құрметтің иесі екенін дәлелдей түсті. Адам бойына қан жүгіртіп, ағзасына жан бітірген жүректің өзіндей болған кітап апайдың жүрекпен жазылған жазбаларының сырын төгіп тұрғандай. «ҮМІТ» кітабының күрмеуі шешіліп, қолына алғандар оның мұқабасын құдды жүректі аялағандай алақандарымен сипап жатты…
Кеште сөз сөйлегендер Үмітхан апайдың қазақ руханиятына адал тер төккен журналист қана емес, оның жастық шағында буырқанған сезімге толы жырлар жазған ақын екенін де айтты. Көптің ішінен Журналистер одағының Шымкент қалалық филиалының директоры, «Шымкент келбеті» газетінің директоры Уәли Қыдыр мен жеке кәсіпкер Ақылбай Оразов сынды азаматтар ортаға суырылып шығып, кітаптың тағы да 100 данасын шығарып беруге уәде етті. Құдай қаласа, «ҮМІТ» кітабының тағы да 200 данасы оқырманға жол тартатын болады. Кітаптың шығуына демеушілік еткен Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиевке де айтар алғысымыз шексіз.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенттері апайдың жалынды жырларын оқыса, аталмыш оқу орнының кітапхана директорының орынбасары Роза Төкенова Үмітхан апайдың сөзіне жазылған «Ұмыт бәрін» әнін орындады.
Біз осындай ұстазы мықты шәкірттерміз. Журналистік жолға бастап берген асыл адам – Үмітхан апай, сіз біздің жүрегіміздесіз! Рухыңыз шат болғай!
Дилара БИМЕНОВА