ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК  ЖІБЕРІЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

 «Ағайынның басына түскен ауыртпалықты көп боп жұмыла көтеру ұлтымызға тән ұлық қасиет». Осылай деп бастама көтерген Шымкент қаласының жұртшылығы өрттен зардап шеккен Қостанай облысының   тұрғындарына арнап гумманитарлық көмек болатын заттарды жинауға кірісті.

Торғайлықтарға көмек беру үшін «Аманат» партиясы  «Жастар рухы» қатарынан еріктілер тобы жасақталып, қажетті заттарды жинауға  кірісіп кетті. Гуманитарлық іске  қолдау білдірген шаһар жұртшылығы кеше таңертеңнен бастап,  арнайы құрылған штабқа киім-кешек пен азық-түлік әкеп  тапсырып жатыр. Сондай-ақ,   бұл іске мегаполистегі ірі кәсіпорындар, өндіріс ошақтары мен түрлі мекемелер де атсалысуда. Олар тілсіз жаумен арпалысып жатқандар мен үй жайсыз қалған отбасылар үшін 60 мың тонна көмек жібермек. Жиналып жатқан заттардың ішінде азық-түлік, киім кешектен бөлек, көрпе төсек, гигиеналық заттар мен құрылысқа қажетті бұйымдар да бар. Гуманитарлық көмек тиелген автокөліктер бьүгін кешкісін жолға шығуға қам жасап жатыр.

«Аманат» партиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева: «Егер, гуманитарлық көмек тағы да қажет болып жатса қосымша заттар жіберуге дайынбыз. Сондықтан, бұл пункттер әрі қарай да жұмыс істей береді. Сондай-ақ, бұл іске Шымкенттік жастар да үлесін қосуда. Жастар ресурстық орталығы жанынан гуманитарлық көмек жинау орталығы ашылған. Олар бірлігі бекем еліміздегі ынтымақ пен берекенің арқасында басқа түскен ауыртпалық пен зауалды бірлесіп жеңеміз», дейді.

Қостанай халқына керек заттар: төсек-жабдықтары, жастық, көрпе, матрастар.  Сондай-ақ, санитарлық жабдықтар жеке гигиеналық құралдар, азық-түлік, ұзақ уақытқа жарамды консерві, жартылай фабрикатталған ас қажет. Баршаңызды отандастарымыздың басына түскен ауыр күнде қолдау білдіріп, бей-жай қарамауға шақырамыз.

Айта кетейік, қазіргі таңда аталған өңірдегі өрт ошақтары бақылауға алынды. Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің өкілі хабарлады. Эвакуациялық пункттерде 66 адам бар. 200-ге жуық техника, 100-ден аса адам өрт сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Шымкент қаласы бойынша Қостанай облысына гуманикалық көмек жинау пункттері:

Бейбітшілік көшесі, 3 үй. «Amanat» партиясы ШҚФ, (8 776) 613 19 71

Түркістан көшесі, 1 үй. «Жастар ресурстық орталығы», 8 (775) 371 66 64