ҚАЛА КҮНІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЖАҢА ӨНДІРІС АШЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

19 маусым – Қала күні қарсаңында  Шымкент қаласының «Тассай» индустриялық аймағында «Экофарм» өндіріс орны ашылды. Кәсіпорында қорғаныс киімдері мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығарылады.

Мекемелердің ашылу салтанатына  қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Әкім орынбасары өз сөзінде Шымкенттің республикалық маңызы бар қала статусын алғалы бергі төрт жылда, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды, қазір шаха инвестиция тарту бойынша республикадағы үздік қалалар қатарында екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда «Тассай» индустриялық экономикалық аймағында жалпы инвестициялық сомасы шамасымен 45 млрд. теңге құрайтын 37 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Қала күні қарсаңында тұсауын кескен жаңа жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Кәсіпкер «Тассай» индустриалды аймағынан 1,25 гектар жер телімін ұзақ мерзімге жалға алып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы субсидия алып отыр.  150 адам жұмыспен қамтылған. Заманауи технологиялармен жабдықталған мекеменің жылына 17 түрлі  600 мың дана қорғаныш киімін, 500 мың дана медициналық киім, 20 миллион дана медициналық маска мен респиратор, 1 миллион дана медициналық көзілдірік шығаруға қауқарлы.

Осы күні аталған аймақта кеңсеге, мектепке шкафтық жиһаздар мен жиһаздар шығаратын «Mega Smart B2B» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы да іске қосылды.

Бұл кәсіпкерде жерді ұзақ мерзімге жалға алған. 750 миллион теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылып отыр. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаратындай мүмкіндігі бар.

Биылғы қала күніне орай «Тассай» индустриялық аймағында іске қосылатын жобалар саны жиырмаға жетпекші.